Жаңа облыстардан Сенат депутаттығына 18 кандидат тіркелді

4 Тамыз 2022, 07:54 792

Отырысқа Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.

Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды  El.kz.

Отырысқа Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды:

1) «Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы»;

2) «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы»;

3) «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы».

2022 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша барлығы 18 кандидат тіркелген (әр облыстан 6 адамнан).

Қызмет салалары бойынша 11 кандидат әкімдер мен мәслихаттар аппараттарының қызметкерлері, 4-і коммерциялық құрылымдардың, ал 3 кандидат мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері.

Олардың ішінде 14кандидат «AMANAT» партиясының мүшелері; 4-і партияға қатыстылығын көрсетпеген.

Гендерлік құрамы бойынша: 5 әйел және 13 ер адам.

Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу 3 тамызда сағат 18.00-де аяқталды.

Бөлісу: