Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

14 Шілде 2020, 17:33 5763

Оқу процесін ұйымдастыру формалары туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов мәлімдеме жасады

Елімізде «тәжтажал» вирусының таралуына орай 2019-2020 оқу жылының IV тоқсанында мектеп оқушылары, Жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша білім алған болатын. Енді мемлекетіміздегі жағдайға орай жаңа оқу жылындағы оқу процесі қалай жүргізіледі? Оқу жүйесін ұйымдастыру формалары мен жаңа оқу жылына дайындық барысы қандай болмақ? Оқушыларды қабылдау, онлайн сабақтардың өткізілуі тәртібі және өзге көптің көкейінде жүрген сұрақтарға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінің тікелей көрсетіліміндегі онлайн пресс-конференцияда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов жауап берді. 


Негізі онлайн оқыту отандық университеттердің оқу процесін ұйымдастыру барысы үшін жаңалық емес. Бірақ мектеп оқушылары үшін бұл тәжірибенің оңай болмағаны анық. Техника мен технологияның тапшылығы, шалғай елді-мекендерде ғаламтор мен байланыстың әлсіздігі біраз уақыт үлкен мәселеге айналды. Бірақ қысқа мерзім ішіндегі жүргізілген жұмыстар білім саласы үшін үлкен емтихан мен үлкен мүмкіндік болғанын дәлелдеді. Осы тәжірибеден кейін білім саласында өзгерістер орын алып, қысқа мерзім ішінде ұстаздар мен оқушылар онлайн оқу жүйесіне бейімделген болатын. Нәтижесінде өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 3,2 млн оқушылар оқуды әр түрлі бағыт бойынша бастады. Оның ішінде ғаламтор желісі бойынша арнайы дайындаған бағдарламалар негізінде, теледидар арқылы және бірнеше платформалар арқылы өткізілген еді. Оның ішінде «Күнделік», «Дарын онлайн», «Bilimland» және электронды кітаптардың топтамасын оқушылар мен ұстаздар белсенді қолданды. Білім және ғылым министрінің өткен оқу жылы бойынша берген есебінде жалпы ғаламторды қолданып, қашықтықтан оқытуға көшкендердің саны 2,4 млн оқушыны құраған. Тек қана «Күнделік» электронды жүйесі бойынша бір күнде 2,2 млн оқушы оның жұмысын пайдаланған. «Дарын онлайн» қосымшасы бойынша тіркеліп, тиісті білім алған балалардың саны 300 мың болса, «Bilimland» платформасы бойынша 400 мыңнан астамнан асқан. Бұл қашықтықтан оқыту жүйесіне оқушылардың бейімделе бастағандығының көрсеткіші болып табылады.

Бірақ та бүгінгі күні елдегі қиын жағдайды ескере отырып, Үкімет отырысында Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірігіп тиісті шешім қабылдады. 


­– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне, әкімдіктерге жаңа оқу жылын ұйымдастыру бойынша бірнеше тапсырма берген болатын. Осы мемлекет басшысының берген тапсырмалары аясында қазір қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Бүгін ғана, Үкіметтің отырысында, осы мәселені бөлек қарап, тиісті шешім қабылданады. Сондықтан бүгін сіздерге қабылданған шешім бойынша кеңірек таныстырып кететін боламын. Жалпы өздеріңіз білесіздер біз үшін ең басты мәселе – балалар мен педагогтардың қауіпсіздігі. Олардың денсаулығы – әрқашан бірінші орында. Қазіргі уақытта барлықтарыңыз еліміздегі ахуалды көріп отырсыздар. Жағдай – өте қиын. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметін қарайтын болсақ, алдағы күз айларында жылда таралатын ЖРВИ ауруы орын алатын болады. Сондықтан осы барлық мәселелерді қарастыра отырып бүгін біз тиісті шешімге келдік, ­– деді министр Асхат Аймағанбетов.

Және де министр өз сөзінде бірінші қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер қашықтықтан оқыту форматымен оқитынын мәлімдеді.

­– Әрине бұл өте күрделі шешім. Біз түсінеміз қазір қоғамда осы мәселеге қатысты әр түрлі ұсыныстар бар. Біз бұл шешімді қабылдамас бұрын сарапшылармен сөйлесіп олардың тиісті пікірлерін тыңдадық. Жалпы ата-аналардың пікірін тыңдап, тиісті кеңестер өткізілді. Сонымен қатар халықаралық зерттеулер мен тәжірибелерді де ескердік. Сондықтан ең бастысы – біздің балалар мен ата-аналардың, ұстаздардың денсаулығы. Сол себепті осы шешімді қабылдап отырмыз, ­– деді министр. 


Сонымен қатар баспасөз жиынында министр 1-11 сыныптар қашықтықтан оқитындығын мәлімдеп, жаңа оқу жылы басталғанға дейін тиісті жағдайлар жасалатындығын да айтты.

­– Осы мәселеге қатысты қашықтықтан оқытуды енгіземіз дегенде ауылдарда, әсіресе, шалғайдағы шағын жинақты мектептерде 5 бала, 10-15 бала білім алатын 1934 мектеп анықталды. Олар жаяу өз мектептеріне барып жүреді. Сондықтан осындай шалғайдағы қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мектептерде осы жұмыстарын штатты режимді әрі қарай оқытуды ұйымдастыруға біз мүмкіндік беріп отырмыз. Екінші мәселе ол бастауыш сыныптарында оқитын балаларға қатысты. Егер ата-аналардың өтініштері болса, нақты осы бастауыш сыныптары бойынша біз уақытша сыныптарды, дайындап ашып беруге дайынбыз. Әрине сыныптарды ашқанда біз тиісті жағдайларды жасауымыз керек. Сондықтан барлық санитарлық талаптарға сай жұмыстар жүргізілетін болады. Соның ішінде бала таңертең сабаққа келгенде оның дене қызуын өлшеу мәселесі, залалсыздандыру жағдайлары қарастырылады. Және сыныптарды бірнеше ауысымға бөлу мәселесін қарастыру және де топтарда көп дегенде 10-15 баладан ғана болып, сыныптарды бірнешеге бөліп оқыту мәселесін қарастыратын боламыз, ­– деді министр Асхат Аймағанбетов. 


Сонымен бірге жаңа оқу жылында тек мектеп оқушылары ғана емес, Жоғарғы оқу орындары мен колледждердегі студенттер қашықтықтан оқыту жүйесін жалғастыратын болады.

Тек қана тәжірибе бар, зертханалық жұмыстары бар мамандықтар бойынша дәстүрлі режимді оқу бойынша ұсынысты қабылдап, мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар каникул уақыттары өзгертілмейді, – дейді министр.

Мемлекет басшысы Үкімет отырысында мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарағандығын айтқан болатын.

­– Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс,– деп атап көрсетті мемлекет басшысы Қ.Тоқаев. 


Бұдан бөлек, мемлекет басшысы жыл соңына дейін 250 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды. Педагогтарға қашықтан оқыту форматында қойылатын бірқатар талаптар да айтылды. Оның ішінде ең негізгісі – ІТ технологиясы мәселесі бойынша қойылатын талап. Яғни ұстаздардың ғаламтор жүйесімен жұмыс істей білу қажеттілігі айтылды. Сонымен бірге министрліктің дайындаған біліктілікті арттыру курстарында ұстаздарға жұмыс істеуге үйрететіндігін айтты. Одан кейін мәселе – сабақ беру әдістемесі, балалардың оқу үлгерімін қалай бағалау керектігі және сабақты қалай беру керектігіне арналды.

– Мектепте сабақ беру мен қашықтан сабақ берудің айырмашылығы өте көп. Оқу әдістемесі тұрғысынан қарағанда бұл – өте маңызды процесс, сол себепті алдымызда әріптестеріміздің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі тұр. 20 шілдеден бастап мұғалімдер еңбек демалысынан жұмысқа шыға бастайды. Сол кезде осы курстардан өтеді, – деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі.

Министр интернет платформасын жетілдіруге байланысты педагогтарды, ата-аналардың ұсыныстарын ескере отырып, осы платформаны жаңғыртуға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айтты. Сонымен бірге министр бірінші және екінші тоқсанның оқу материалдарының интернет платформасына енгізілгенін, цифрлық білім беру ресурстарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатқанын да мәлімдеді.

Ал Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой маусымдық ЖРВИ-мен ауыратындардың санының өсуі мен коронавирус инфекциясы бойынша жағдайдың күрделілігіне байланысты оқу жылының алғашқы тоқсанында барлық сыныпты қашықтықтан оқыту жолдарын қарастыруды ұсынған еді. Ол инфекция ұйымдасқан ұжымдарда тез тарайтынын атап өтті. Тәжірибе көрсеткендей, жыл сайын өткір респираторлық вирустық инфекциямен ауыратындардың 70 пайызын он төрт жасқа дейінгі балалар құрайды.
Бүгінгі күннің дерегі бойынша елімізде індетті жұқтырғандардың саны – 61755 адам. Қауіпті індеттен 35911 адам айығып шығып, 375 адам қайтыс болған. Сондықтан өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірінің қауіпсіздігі үшін сақтық шараларын сақтап, ауырған болсаңыз оқшауланыңыз. Әлемді жайлаған індеттің нәтижесінде елімізде түрлі қайғылы жағдайлар орын алуда. Сондықтан әлемде миллиондаған адамның өмірін жалмаған індетті жеңудің басты жолы ­– жауапкершілік. Індеттен іргемізді аулақ ұстау үшін адамдар арасындағы қарым-қатынасты азайту керек екенін ұмытпағанымыз жөн. Ал Үкімет пен министрліктер тарпынан қабылданған қашықтықтан оқыту жүйесі – сіздің және жақындарыңызды қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін қабылданған оң шешім екенін жеткізгіміз келеді.




(Суреттер: yandex.kz сайтынан алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: