Жаңа Қазақстанда талантты сырттан емес, іштен іздейтін кез келді – депутат

15 Маусым 2022, 13:20 1385

Қазақстанда өз футболшыларымызды қолдау керек. Бұл туралы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев мәжіліс отырысында айтты, - деп хабарлайды El.kz.

– Футбол бүгінде тек жай ойын емес, ол алып индустрия. Миллиондарды біріктіретін идея мен идеология. УЕФА Ұлттар Лигасының турнирінің ойындарында командамыз бірнеше рет жеңіске жетті. Бұл жеңіс елімізге, жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйлады. Бұрындары мұндай сәттерді сирек көрген жанкүйерлер еліміздің футболшыларын бүгінде жан-жақты қолдап жатыр. Бұл жеңістердің легі елімізде намысшыл, мықты футболшылардың бар екенін айқын көрсетті,- деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, футболшылардың әлемдік аренадағы беталысы жаман емес, сондықтан ұлттық құрамаға өзіміздің мектептен түлеп шыққан футболшыларды алған дұрыс.

– Еуропалық ірі спорт додасында хас шеберлермен иық тіресіп ойнай білген футболшыларымыз халықтың жеңіске деген сенімін күшейтті. Мықты қарсыласты жеңу керек деген мақсат сеніміне селкеу түскен ұлттық құраманы қайта жаңғыртты. Кеше ғана 30 мың адамға толған стадионда еліміздің көк туы желбіреді. Сондай-ақ, ұлттық құрамадағы футболшыларымыздың 100 пайызы отандық футбол мектебінің шәкірттері, яғни болашақта легионерсіз ұзақта болса жүйелі жұмыстың арқасында жетістікке жетуге болады. Отандық спортты өз еліміздің тума таланттары көтеретініне көз жеткіздік. Мұны Қазақстанның жаңа құрама командасы дәлелдеді. Жаңа Қазақстанда талантты сырттан емес, іштен іздейтін кез келді, - деді депутат.

 

Миражан Махан
Бөлісу: