Жаңа мамандыққа қабылданатын студенттер жатақханамен қамтылуы тиіс

13 Қыркүйек 2022, 12:17 878

2026 жылға дейін елдегі студенттердің басым бөлігіне жатақхана беріледі

Биылдан бастап жоғары оқу орындары жаңа мамандық ашу үшін оқуға қабылдайтын студенттерге жатақхана орнын қамтамасыз етуге міндеттеледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды El.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«Тағы да бір жүйелі шара бар. Енді лицензиялауға өтінім беретін жоғары оқу орындары, жеке меншік болсын, мемлекеттік болсын, кез келген жаңа мамандықты ашу үшін немесе жаңа лицензияны алу үшін міндетті шарт қойылады. 100 адамға лицензия өтінімін бере ме, онда сол 100 адамға жатақанхана орынын қамтамасыз етуі керек. Осы жылдан бастап заңнамалық түрде сондай шарттар енгізілді, шектеу қойылды», - деді министр.

Сондай-ақ ол 2026 жылға дейін елдегі студенттердің басым бөлігін жатақханамен қамтамасыз етілетінін атап өтті. 

«Бұл үлкен жүйелі мәселе. Мемлекет оны өз есебінен толыққанды шеше алмайды. Сондықтан Білім министрлігінің жанындағы қаржы орталығымен бірлесіп, жеке инвесторлармен, құрылыс компанияларымен, мердігерлер тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Оларға арнайы алты жылдық шарттар береміз. Яғни, қаржы моделін ұсынамыз. Сол қаржы моделімен 2026 жылға дейін студенттердің 60-70 пайызын жатақханамен қамтамасыз етеміз»,- деді Саясат Нұрбек.

Бөлісу: