«Жүз күндік жалғыздық»

10 Маусым 2016, 03:50

Әбіш Кекілбаевты еске алу

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған әдеби кеш өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, жазушының жары Клара Жұмабайқызы, замандастары мен туыстары қатысты.

Кешті жүргізген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жазушы туралы пікірін былайша жеткізді:

– Менің Әбішке деген ағалық сүйіспеншілігімді сіздер жақсы білесіздер. Оның ақтық демі үзілген соң, 17 минуттан кейін келіп жеттім. Мен үшін бүкіл дүние құлазып қалғандай болды. Ел көшіп, өзімді жұртта қалғандай сезіндім. Көзімнен жас арылмады.

Әбіштің суретіне қарасаң, құдды бір өмірден өтпеген адам сияқты. Өйткені, ол – өлмейтін тұлға! Әбіштің есімі әлі әнге айналар. Ол туралы талай-талай кітап жазылар, кино да түсірілер. Мен Әбішті қазақ әдебиетінің Мұхтар Әуезовтен кейінгі абыройы деп білемін.

Шара аясында журналист, жазушы Жұмабек Мұқановтың Ә.Кекілбаевтың өмірінен сыр шертетін «Жүз күндік жалғыздық» атты естелік кітабы көпшілікке таныстырылды. Кітаптың тұсауын кескен жазушы Ілия Жақанов:

– Тәңір адамға өлшеулі мерзім береді. Әбіштей адамның таусылмайтын таңғажайып өмірі енді басталды. Бұл кітап ғұлама Әбіштің шексіздікке кететін өмірінің алғашқы естеліктері болар. Тақырыбы ауыр романстың атауы сияқты екен. Кітапта барлық естеліктер қаз-қалпында жеткізілгені ұнады, - деп, бағасын берді.

Әбіш Кекілбаев – Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Гумилев ұлттық университеттің құрметті профессоры, мемлекет және қоғам қайраткері.

Жазушы Мопассанның «Пьер және Жан», «Өмір» романдарын және Шыңғыс Айтматовтың «Ерте келген тырналар» повесін қазақ тіліне аударылған. Сонымен қатар, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясы мен Иван Буниннің бірқатар шығармаларын аударған.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорында Әбіш Кекілбаевтың көптеген кітаптары бар.


Жансая Төлеген

Бөлісу: