Жәуке батыр!

30 Маусым 2014, 04:11

Кенесары мен Наурызбайдың соңынан ерген ақ найзалы ерлердің қай-қайсысының аты да тарихқа алтын әріппен қашап жазуға тұрады.

Кенесары мен Наурызбайдың соңынан ерген ақ найзалы ерлердің қай-қайсысының аты да тарихқа алтын әріппен қашап жазуға тұрады. Біз күні кешеге дейін басқа идеалогия арнасында жас ұрпақты тәрбиелеп келдік. Ал өзіміздің төл тарихымыз хақында, оның небір құпия сырлары төңірегінде кемшіндеу деректер берген кезіміз аз емес. Қазақстан Тәуелсіздік айдарын таққалы бері Қазақстан тарихын зерттеу, оны тың деректермен толықтыру мәселесінде шұғыл шаруалар қолға алынып келеді. Ол, әрине бір күннің бітер мәселесі емес. Тарих өздігінен жазылмайды. Ол көп болып қолға алғанда ғана бітеді, ел игілігіне айналады. Осы тұрғыдан келгенде Кенесары-Наурызбай бастаған қозғалыс қаһармандары туралы деректер жиналып бітті деп айта алмаймыз. Құнды материалдар архив қазыналарында, тіпті ел ішінде де жатуы мүмкін.

Төлек Жәуке батыр сол қозғалыста бастан аяқ қатысқан Кенесары мен Наурызбайдың жан серіктерінің бірі. Ол – тарихи тұлға. Ретті жерінде айта кетейік, Жәуке батырдың тарихи тұлғалығына күмән келтіретіндей пікірлер қылаң бермей қалып жатқан жоқ. Сондағы айтылатын уәж – бұл батыр туралы тарихи деректердің жеткіліксіздігі дегенге саяды. Оу, егер сол деректерді өзіміз іздеп таппасақ, тарихтың ақ пен қарасын өзіміз зерттеп зерделемесек оны бізге кім әкеп береді? Ал бірақ қазірдің өзінде қалың елдің, зиялы қауымның игілігіне айналып отырған құнды зерттеулер мен әдеби тарихи туындылар жоғарыдағыдай біржақты пікірдің жансақтығын дәлелдейтіндей. Айталық, атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Қазақ халқының Кенесары бастаған азаттыз қозғалысы» деп аталатын зерттеуі, Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы, Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай», Жүсіпбек Қожа Шайхисламұлының «Қиса Наурызбай төре», Доскей Әлімбаевтің «Кенесары»,  Нұрхан Ахметбековтың «Қарға» дастандары секілді іргелі туындыларда Жәуке батырдың батырлығы мен болмыс бітімі біршама әңгімеге қазық болған.

Арнайы зерттеушілер табылса, Жәуке батыр туралы туындылар бұдан да артар ма еді, кім біледі? Ал бірақ басы ашық бір мәселе Жәуке батыр, сондай-ақ басқа да батырлардың есімдері мен олардың ерлігі тәуелсіз Қазақстанның тарихнамасынан лайықты орын алады. Ол үшін, әрине, мұратты іске деген көзқарасымыз оң болсын, зерттеу зерделеуіміз нәтиже берсін.

Әңгімені осы тұрғыдан өрбіткенде  Торғай облысында ізгілікті шаруалардың қолға алынып жатқаны қуантады. Облыс әкімі, елдің перзенті Жақан Қосаевтің тікелей өз аралаласуымен батыр бабамыздың ерлік жолын насихаттау бағытында қыруар шаруа қолға алынып жатыр екен. Жәуке кесенесі тұрғызылып, ескерткіші орнатылып, оның есімі шаруашылықтарға, көшелерге беріліп жатса – жас ұрпақты тарихпен тәрбиелеу дегеніңіздің өзі осы емес пе?

Қазақ айтқан ғой, «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деп. Олай болса, еліміздің тәуелсіздік жолында ақтық демі қалғанша арпалысқан аталарымыздың есіміне шаң жуытпайық. Мүмкіндігінше, қал-қадірімізше олардың атын ардақтауға, әспеттеуге бейіл болайық. Бұл сонда, өскендіктің, өнегеліктің, көргенділіктің белгісі болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. «Төлек Жәуке батыр». Алматы, 1994, 3-4 бб.
  2. «Тұлғалар тұғыры». М. Қозыбаев. Алматы, 2009, 145-146 бб.
Бөлісу: