Ж.Түймебаев: Президент Жолдауы – елдегі шешілуі тиіс мәселелерді дөп басқан маңызды құжат

3 Қыркүйек 2019, 18:35 2310

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханада ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.  


Күн тәртібінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтары талқыланып, Ассамблея мен этномәдени бірлестіктерге жүктелген міндеттерді жүзеге асыру жолдары қарастырылды.


Отырысты ашқан Жансейіт Қансейітұлы Жолдауда Президент басымдық берген ел дамуы үшін маңызды мәселелер - заманауи тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, серпінді және инклюзивті экономика қалыптастыру, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру, қуатты өңірлер қалыптастыру бойынша жүктелген нақты міндеттерді сараптады. Сондай-ақ, Жолдауға Қазақстанның өз дамуында жаңа кезеңге бет алуын сипаттайды деген баға берді.


Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев: «Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығын: оның қаржылық қамтамасыз етілуін, саяси-әлеуметтік аспектілерін ескере отырып жасалатын Жалпыұлттық жоспар елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың мықты негізі болатынына тәжірибеде талай рет көз жеткізілді.


Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кеше жасаған Жолдауы ел өміріндегі шешілуін күтіп тұрған көп мәселелерді дөп басқан маңызды құжат болды деп айта аламыз», - деді.  

Жолдауда Мемлекет басшысының сайлауалды платформасында көрсетілген барлық ұсыныстар мен бастамалары көрініс тапқаны қуантады.    

«Біріншіден, Президент саяси жүйені эволюциялық дамытуға назар аударды. Жүйесіз либерализация ішкі саяси ахуалдың тұрақсыздығына, тіпті мемлекеттілікті жоғалтуға алып келеді. Азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау сапасы туралы бұрын да талай айтылған мәселе тағы да көтерілді. Бұл біздің тиісті тұлғаларды ойландыруы керек. Жолдауда олардың санының өсуі мемлекеттік органның жұмысындағы жүйелік сипатқа ие болып отырғаны атап көрсетілді. 

Ел Президенті Жолдауында елде бейбіт митингілерді еркін өткізуді қолдайтынын ашық айтты. Егер олар заң аясынан шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, оларды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажеттігі және мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиістігіне назар аудартты. Әрине, бұл ретте заңсыз әрекеттер мен бұзақылықтар жасауға тыйым салынатын болады», - деді қоғамда қызу талқыланған мәселенің Президент Жолдауында көрініс тапқанын қуаттаған Жансейіт Түймебаев.

«Ел көкейінде жүрген тағы бір мәселе – жер мәселесі туралы да Президент өз ойын ашық айтқанын естідіңіздер. Мемлекет басшысының пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін алып қоюға кірісуді тапсыруы да көптен бері талқыланып жүрген мәселенің шешімін табуы деген ойдамыз. Бұл шара ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізуді көздейді», -  деді Жансейіт Түймебаев.


Отырыс барысында қатысушылар Жолдаудың басқа да маңызды тұстарына тоқталып, оған қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Бөлісу: