Ж.Түймебаев: Нұрсұлтан Назарбаев – есімі үлкен әріптермен жазылатын мемлекеттік қайраткер!

29 Қараша 2019, 15:44 2403

Бүгін Алматы қаласының республикалық Достық үйінде Тұңғыш Президент күніне орай «Елін сүйген Елбасы» тақырыбында диалог-әңгімелесу өтті.

Аталмыш шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ардагерлер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сұқбат алаңына қатысушылар Елбасымен жеке кездесулерін әңгімелеп, алған әсерлерімен бөлісті.

Қонақтар мен қатысушыларға «Елбасы және Қазақстан жастары» атты деректі көрме мен фотокөрме және «Елін сүйген, Ел сүйген - Елбасы» кітап көрмесі ұсынылған болатын.

Сондай-ақ, Достық үйінің баспасөз залында жастар үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы деректі және көркем фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылды.

«Қазақстанның тәуелсіздік тарихы – Елбасының атымен тығыз байланысты. Ол жаңа Қазақстанның негізін қалаушы! Елбасының арқасында еліміз кысқа мерзім ішінде қөптеген маңызды жетістіктерге жетті. Мықты экономика, әлеуметтік мемлекет, тұрақты саяси жүйе, ұлтаралық келісім, сыртқы аренадағы Қазақстанның жоғары беделі – осының бәрі Елбасының тікелей бастамасымен атқарылған жұмыстың нәтижесі. Бұның бәрі Қазақстанның жарқын болашаққа қадам жасауына негіз болып табылады», - деді өз сөзінде Ассамблея Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.


Қазақстан 100-ден аса этнос пен 17 конфессияның татулық пен бірліктің шаңырағына, жаһандық дінаралық диалог орталығына айналды. Әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартып, полигон аумағын жабу туралы шешім қабылдады. Жаңарған Қазақстанның жаңа елордасының құрылысы да тәуелсіздік жылдарында жүргізілді. Оның аз уақыт ішіндегі экономикалық серпіні әлемнің 50 дамыған елдерімен иық теңестіруіне мүмкіндік берді.

«Қазақстанның халықаралық беделі артты. Бұл Елбасының жүйелі саясаты мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Бүкіләлемдік қазақтар құрылтайы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезді секілді халықаралық ірі бастамаларға ұйытқы болуының нәтижесі», - деген Жансейіт Қансейітұлы Елбасының халықаралық аренадағы бастамашылдығы мен беделі туралы сөз қозғады.

1994 жылы Елбасының тұңғыш рет Еуразяиялық одақ құру туралы бастамасы 2015 жылдан ірі аймақтық сауда-экономикалық блоктың қалыптасуына жол ашты. ЕҚЫҰ төрағалығы, ЕҚЫҰ саммиті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігі, ЭКСПО-2017, Түрік кеңесін құру секілді Нұрсұлтан Назарбаевтың өзге де бастамалары мен өмір межесі миллиондаған адамдардың тағдырын өзгертті.

«Қызмет барысында мен Елбасының жанында бірге жұмыс жасадым, және ел дамуына байланысты тағдыршешті мәселелерде шешімнің қалай қабылданғанын білемін. Саясаткер келесі сайлау туралы, ал мемлекеттік қайраткер келесі ұрпақ туралы қам жейді дейді. Нұрсұлтан Назарбаев – бұл үлкен әріптермен жазылатын мемлекеттік қайраткер. Көп нәрсе салыстыру арқылы танылады. Түркия елінде елшлік қызмет атқарған кезеңде Сирия қақтығысында босқындардың қандай жағдайға тап болғанын көзіммен көрдім. Шүкір, біздің ел мұндай жағдайды бастан кешірген жоқ», - деді Жансейіт Түймебаев.

Ж.Қансейітұлы Елбасы саясатының маңызды нәтижелерінің бірі – этносаралық келісімге құрылғанын айтып өтті. «Қазақстан бірлік пен келісімнің өзіндік формуласын жасап шығарды. Ол лайықты түрде Нұрсұлтан Назарбаев моделі деп аталды. Ұлттық саясат келісім, қоғамдық тұрақтылық, заң үстемдігі, белсенді интеграция қағидаларына құрылды. Негізгі заңымыз «Біз, Қазақстан халқы» деген сөздермен басталады. Бұл еліміздің барлық азаматтарының тұтастығы туралы идеяның негізіне құрылған. Бізде ұлттық азшылық деген ұғым қолданылмайды. Бәріміз – Қазақстанның біртұтас халқымыз», - деген Жансейіт Қансейітұлы ұлттық саясаттың өзегі 1995 жылы Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы екенін айтты.

«Ассамблея құрылған күннен бастап Қазақстандағы мызғымас бірліктің ұйытқысы болып келеді. Елбасы айтқандай, бүгінде Ассамблея еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі саналады», - деген Ж.Түймебаев, 2019 жылы Ассамблея тарапынан атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында бірлікті одан әрі нығайту жөнінде нақты шаралар қабылдау қажеттілігі туралы айтылды. Ал «Ұлт бірлігі оның көптүрлілігінде» деген ұстаным біздің бұл мәселедегі бағдарымызға айналды. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толады. Бұл біздің келісім үлгіміздің ары қарай жетіле түсуі мен қоғамда Ассамблея беделін, рөлін арттыруға бағытталуы тиіс. Сондай-ақ, Ата заңымыздың да 25 жылдығы аталып өтіледі. Елбасы атап өткендей, бұл біз үшін маңызды даталар, сондықтан біз бұл межеге қалай, қандай жетістіктермен жеткенімізді көрсетуіміз керек», - деді Ж.Түймебаев. Сондай-ақ, ол күні кеше ғана бастау алған «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы жобасының қоғам санасында Елбасының жарқын істерін бекітуге арналғанын айтты. Халықтық экспедиция Қазақстан аймақтарында ғана емес, сондай-ақ, Елбасының әлем елдерінде жүріп өткен жолдарын да қайта жаңғыртатын болады.

Шара соңында қоғамда рухани-адамгершілік, бейбітшілік, достық пен толеранттылық құндылықтарын нығайтуға қосқан үлесі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін сұқбат алаңының қатысушылары Ассамблеяның Алғыс хаттарымен марапатталды.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Нұргүл Қалиева
Бөлісу: