Ж.Түймебаев: ҚХА Ғылыми-сарапшылық Кеңесі елдің қоғамдық-саяси дамуына елеулі үлес қосып келеді

12 Желтоқсан 2019, 19:03 3054

Бүгін елордалық Достық үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Е.Әбіл, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры З.Шаукенова, ҚХА мүшелері, Ғылыми-сарапшылық кеңес және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА аймақтық ғылыми-сарапшылық топтары мен кафедралары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.


Шара барысында Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық бағыты бойынша тапсырмалардың орындалу барысы, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жұмыс нәтижесі, сондай-ақ «Қазақстандағы этностар: ел дамуына қосқан үлесі» жобасының жүзеге асуы және жалпы зерттелуі бойынша жұмыс жоспарының орындалу барысы сарапқа салынды.

«Қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында бірқатар жаңа міндеттер айқындалды. Ассамблея, Ғылыми-сарапшылық Кеңес мүшелері осы процесстерді халыққа түсіндіру жұмысына белсенді қатысты. Сонымен қатар, Ассамблеяның жоспарланған бірқатар іс-шаралары өткізілді. Сондықтан мен Ғылыми-сарапшылық Кеңесінің мүшелеріне жыл бойы атқарған жұмыс үшін алғыс білдіргім келеді», - деді ғылыми-сарапшылық кеңестің жыл бойы атқарған жұмыстарының ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталған Жансейіт Қансейітұлы.


Айта кету керек, осы жылдың қазан айында Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық Кеңесінің құрылуының 10 жылдығына байланысты халықаралық форум өткізілген болатын. Ғылыми-сарапшылық кеңес құрылған уақыттан бастап, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, нәтижелі жұмыстар атқарды. Бүгінде оның құрамында 52 ғалым, зерттеу институттарының жетекшілері, қоғам қайраткерлері жұмыс жасауда. Құрылым өз кезегінде Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық қызметіне қолдау көрсетіп келеді. 2019 жылы ғылыми-сарапшылық кеңес мүшелері 24 монография мен ұжымдық еңбектер, 70-тен аса мақала және өзекті мәселелер бойынша 100-ден астам сұқбат жариялаған.


Жансейіт Қансейітұлы ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің құрамында үш топ құру туралы ұсыныс айтты.

«Бұл жедел сараптама, болжамды сараптама және ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету топтары. Жаңа арнайыландырылған топтар Ғылыми сарапшылық кеңестің жұмысына тың жаңалықтар енгізіп, жұмыстың нәтижелілігі мен өнімділігін арттырады деп сенеміз», - деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы келесі жылы атқарылатын жұмыстардың маңыздылығын да салмақтады. 2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы 25 жылдығын атап өтеді. Осыған байланысты Ассамблея бойынша мемлекеттік деңгейде 40 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде этносаралық қарым-қатынас мәселелері төңірегінде ғылыми зерттеулер жүргізіліп, этникалық топтар мен Қазақстан халқының әлеуметтік ахуалы жөнінде әлеуметтік-экономикалық шолу әзірленуі тиіс. Сондай-ақ, ҚХА-ның 25 жылдығына арналған кітап, қазақстандық этностар туралы кітаптар сериясын шығару және «Қазақстан халқы» Энциклопедиясын, Этносаяси сөздік басылымдарын қайта шығару қарастырылуда.

Жансейіт Түймебаев Президент Жолдауында басымдық берілген тапсырмаларды жүзеге асыру міндетінің өзектілігін де атап өтті.

«Біз кеше ғана «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты Қазақстан халқы Асамблеясының республикалық форумын өткіздік. Ол ашық интерактивтік форматта, этнос өкілдерінің қатысуымен толық қазақ тілінде өтті. Спикерлер мен қатысушылар мемлекеттік тілдің рөлін ұлтаралық коммуникация тіліне қөтеру мәселесін, өздерінің қазақ тілін қалай меңгергенін, басқа этнос өкілдері үшін мемлекеттік тілді білу қандай мүмкіндіктер ашатынын және тағы басқа ойларымен бөлісті. Жалпы, Ассамблея, оның барлық құрылымдары, бұл бағыттағы жұмысты келешекте кешенді түрде жалғастыратын болады», - деді мемлекеттік тілді ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдырудың маңыздылығына мән артқан Ж.Түймебаев.

Шара соңында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің моделіне арналған үздік ғылыми жоба сайысының жеңімпаздарына марапат тапсырылды.


Нұргүл Қалиева
Бөлісу: