Ж.Түймебаев дүнгендердің бизнес дағдысын қазақстандықтарға үйрету үшін Тәжірибе алмасу мектебін құруды ұсынды

1 Қараша 2019, 13:23 3744

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстанның дүнгендер қоғамының ұйымдастыруымен «Қазақстан дүнгендері: мәдениеті мен дәстүрлері» атты мерекелік іс-шара өтті.

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің, Қазақстанның дүнгендер қоғамы филиалдарының өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен ҚХА жастар қанаты қатысты.

Мерекелік шара суретші А.Кәрімовтің «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» суреттер көрмесімен ашылды. Дарынды шебердің қылқаламынан туған елдің бейбіт тұрмысын, ұлттар достығын, халықтар бауырластығын бейнелеген туындылар, сондай-ақ, дүнгендердің ұлттық қолданбалы өнерінің көрмесі тамашалаушы халықтың ықыласын аударды. Бұдан бөлек, «Шеберлер қаласы» тақырыбымен ұйымдастырылған ұлттық тағамдар жасаудан, кесте тігуден және шашты сәндеу үлгілерінен шеберлік сыныптарына қатысуға ниет білдірушілердің қатары көп болды.


Достық үйінің бірінші қабатында қонақтарды дүнгеннің ұлттық киімдерін киген қыз-жігіттері меймандостықпен күтіп алды. Бұл күні ғимаратта дүнгендердің халықтық әндері орындалып, Достық үйіне бас сұғушыларға ұлттық тағамдар ұсынылды.

Қазақстандық дүнген ұлтының өкілдерін құттықтау үшін оңтүстік астанаға арнайы ат шалдырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзінде мұндай достық пен бірлік мерекелерін өткізудің жақсы дәстүрге айналғанын айтты. «Бірлік болмаса, бейбітшілік пен келісім болмаса өлшеусіз термен, қыруар қажыр-қайратпен жасалып жатқан елімізді өркендету жолындағы еңбектің бәрі де бекер болар еді», - деді Жансейіт Қансейітұлы.


«Дүнген этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері мен мүшелері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау бағытында жұмыс жасап келеді. Сол арқылы қоғамдық рухани-адамгершілік құндылықтар мен бейбітшілік, достық, толеранттылық секілді қағидаттарға елеулі үлес қосуда», - деген Жансейіт Қансейітұлы, дүнген халқының қазақ халқымен тарихи тамырластығына тоқталып өтті.


Дүнгендердің Қазақстанға келуі ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарынан басталады. Аспан асты елінің Цин династиясы императорының қысымына шыдамаған дүнгендер ата жұртынан табан аударуға мәжбүр болған еді. Ел асып көшу кезінде жүздеген, мыңдаған адамдар жол үстінде көз жұмды. Ал қазақ жеріне бас сауғалап жетіп үлгергендері Қазақстанның Масаншы, Сортөбе, Жалпақтөбе елді мекендерін қоныстанды. Бүгінде ел ішінде 72 мыңға жуық дүнген ұлтының өкілі бар. Басым бөлігі Жамбыл, Алматы өңірлерінде шоғырланған. Бүгінде олар қоғамның түрлі салаларында ел игілігі үшін еңбек етуде. Олардың ішінке Парламент Мәжілісінің депутаты Шәкір Хахазов, спортшылар Майя Манеза мен Зулфия Чиншанло есімдерін атап өтуге болады.

Қазақстандықтар Азаматтық соғыстың майдангері, жастарды оқытамын деген жанашырлығы «жаулыққа» баланып, «халық жауы» ретінде атылған Мағазы Масанчидің де есімін ұмыта қоймады. Кейін Қазақстан халқы оны ақтап қана қоймады, Жамбыл облысының бір ауылын, Алматының орталық көшесін оның есімімен атады.


«Бүгінде Қазақстан жүздеген ұлттардың ортақ үйіне айналды. Әрбір этностың құқығы мен мүмкіндіктері бірдей. Олар өздерінің ұлттық мәдениетін сақтап, дамытуға ғана ұмтылмай, сондай-ақ, ұлтаралық келісім, жалпыұлттық бірлікті нығайтуға үлес қосуда. Бір ғасырдан астам уақыттан бері дүнген халқының ұлттық мәдениеті көпұлтты Қазақстанның мәдениет мозайкасын толықтырып келеді. Бұл мәдениетті жаңғыртып, туған тілдерін сақтау және дамыту мақсатында осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан дүнгендерінің бірлестігі құрылды. Олар бүгінде еліміздің мәдени және саяси өмірінің белсенді мүшелері», - дейді Жансейіт Түймебаев.

Қазақстанның дүнгендер қоғамының жанында «Чунтян» фольклорлық ансамблі, «Гунян Теву» би тобы, жастар қанаты жұмыс жасайды. Қоғам мүшелерінің атсалысуымен Жамбыл облысының Масаншы, Жалпақтөбе ауылдарында Қазақстан дүнгендерінің тарихын таныстыратын музейлер ашылып, жұмыс жасауда. Сондай-ақ, олар өз күштерімен Масаншы ауылында 140 жыл бұрын бас сауғалап келген халықты бауырына басқан Қазақ халқына Тағзым мен алғыс ескерткішін тұрғызған болатын.

«Біз мұның барлығына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саясаты мен көпұлтты халықтың арқасында қол жеткіздік», - деген Жансейіт Қансейітұлы Қазақстан үшін бүгінгі кезең жаңа мүмкіндіктердің бастамасы болатынын айтты. Ол шараға қатысушылардың назарын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында басымдық берілген мәселелерге аударды.

«Дүнгендер барды бағалап, жерден өнім алудың және кәсіпкерліктің қыр-сырын жақы біледі. Сондықтан сіздерді Жолдаудың экономикалық бөлігін жүзеге асыруға белсенді қатысып қана қоймай, әсіресе, ауылда отбасылық бизнес жүргізу, нарыққа бейімделу бойынша өз тәжірибелеріңізбен бөлісуге шақырамын. Негізгі міндеттің бірі – ауыл тұрғындарына бизнес дағдыларын үйрету және тәжірибе алмасу мектептерін құру», - деген Ж.Қансейітұлы бұл дүнгендер үшін де көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешімі болатынын айтты. Дүнгендердің дені көпбалалы отбасы екендігіне тоқталған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары елімізде көпбалалы отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бойынша жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға да әзір екенін білдірді.

Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы келесі жылы Ассамблеяның құрылғанына 25 жыл толатындығын ескертіп, Ассамблеяның маңыздылығын қазақстандық әрбір азамат түсінуі керек деді.

Мерекелік шарада Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» Ассоциациясының президенті К.Мирзоев, көрменің салтанытана сән қосқан Алматы полиграфия колледжінің директоры Б.Ахметов, дүнгендердің этнографиялық музейінің басшысы З.Джамалов, Жамбыл облысынан келген, дүнгендер қоғамының мүшесі Р.Нусырова құттықтау сөз сөйледі.

Мерекеге қатысушылар дүнгендердің «Щи» ұлттық тағамының дәмін де татты. Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл еттен, көкністерден, нан өнімдері мен күріштен әзірленеді. Ежелгі уақытта щи тек ауқатты отбасылардың асүйінде ғана той тамағы ретінде әзірленетін болған.

Жиын соңы Қазақстанның дүнгендер қоғамының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Нұргүл Қалиева
Бөлісу: