Ж. Түймебаев: Ассамблея ел тарихында тұрақтандырушы фактор болып қалыптасты

25 Шілде 2019, 15:12 3984

Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Елбасы және халқы» кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді.

Жинаққа Қазақстан халқы Ассамблеясын құруға бастамашы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1995-2019 жылдардағы сессияларда сөйлеген сөздері топтастырылған. Сонымен қатар этномәдени бірлестік өкілдері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін қалыптастырған кемеңгер саясаткер, дара тұлға Елбасына алғыстарын білдіріп жазған сөздері кіреді.


Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасының орынбасары Ж. Түймебаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова,  ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директорының орынбасары К. Ақтаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, мемлекет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ҚХА осы тарихи сәтке ерекше мән беретенін, тұсаукесу рәсімі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті айқындайтын нышанға ие екенін атап өтті.

«Ассамблеяның төрағасы, Елбасымыздың сөздерінде этносаралық қарым-қатынастағы мемлекеттік саясаттың қалыптасу кезеңдері мен оны дамытудың бағыттары үнемі зерделеніп келеді. Ассамблеяның бірінші сессиясында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынасты реттеудің басты ұстанымдарын анықтап берді. Бірінші ұстаным: халықтар арасындағы келісім мен сенім аймақтарының кеңеюі, жанасу нүктелерін табу. Осы ұстаным аясындағы біздің бағытымыз – барлық этностық топтардың қоғамдық келісімін және ынтымақтастырушы жолдарын дамыту болмақ», – деді Ж. Түймебаев.


Ел тарихында Ассамблеяның құрылуы - маңызды тұрақтандырушы фактор болып қалыптасты. 1995 жылы Қазақстанның саяси жүйесі өзара үйлесімсіздіктің әсерінен қиын дағдарысқа тап болды. Осы кезде Елбасы Ассамблеяны құрды. Осылайша билік пен қоғам арасындағы ізгіліктің көпірі орнады.
«Кеңес беруші орган ретінде құрылған Ассамблея, кітапта айтылғандай, «жалпыұлттық диалогтың алаңына» айналды. Қазақстанды реформалау мен дамытудың өзекті мәселелерінің барлығында Ассамблеяның үні бар. Бүгінгі таңда Ассамблеяның бастамасы арқасында біздің өмірімізде Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу, Алғыс айту күні, Қазақстан халқының бірлігі күні секілді ұғымдар пайда болды», – деп, Ассамблеяның басты маңызды бағыттарын атады Хатшылық меңгерушісі.

Сонымен қатар Ж. Түймебаев Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының құрамдас бөлігі болып табылатын Қазақстанның ұлт бірлігі доктринасына тоқталып өтті. Оның айтуынша, осы құжаттар «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық актісін қабылдауға түрткі болып, ол тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан жалпыұлттық біріктіруші құндылықтардың декларациясына айналды. Олар өз кезегінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айқындала түсті.   


«Елбасы өз сөздерінде бірлік пен келісімді нығайту мәселелерінде жалпыұлттық құндылықтарды нақтылап көрсетіп отырғанын атап өткім келеді. Ел дамуының әрбір жаңа кезеңінен Ассамблеяның міндеттері қалай өзгергенін байқауға болады. Өз жұмысын консультативтік-кеңесші орган ретінде бастаған Ассамблея бүгінгі таңда конституциялық органға дейін өсті, парламенттік өкілдікке ие болды. Қазақстан халықтары Ассамблеясы атауы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып өзгерді. Бұл еліміздің қоғамына жағымды әсер етті.

Кітаптан Қазақстан халқы Ассамблеясы өз инфрақұрылымын қалай қалыптастырғанын, азаматтық қоғамның дамыған институттарының біріне айналғанын оқып, білуге болады», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары.

ҚХА құрылымдары: Депутаттық топ, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ, Ғылыми-сарапшылық кеңес, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Журналист-сарапшылар клубы Елбасының саяси жаңалығы болып табылады.  

Сонымен қатар кітапта Н. Назарбаевтың қазақстандық келісім пен бірлік үлгісін қалыптастырудағы зор еңбегі көрсетіліп жазылған. Атап айтқанда, этникалық, конфессиялық, мәдени, тілдік әралуандық.

Біздің мемлекетіміз Қазақстанда тұрып жатқан этностардың тілі мен мәдениетінің дамуына мүмкіндіктер беріп, халықтар арасында төзімділік пен жауапкершіліктің, бірлік пен бірігудің үрдісін қалыптастырды. Бүгінде аталған бағыттар этникааралық қатынасты нығайтудағы мемлекет саясатының негізіне айналды.

«Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен шетелдік сарапшылар қазақстандық үлгіні жоғары бағалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшылары - Кофи Аннан мен Пан Ги Мун ҚХА мен БҰҰ-ның ұқсастығын, қос ұйымның принциптерін атап өтті. Ал Ресей Ұлттық стратегия институтының Халықаралық бағдарламалар жөніндегі директоры Юрий Солозобов Ассамблеяны этникалық өкілдіктің жаңа түрі деп атады. Оның пікірінше, Ассамблея саяси тұтастықты қамтамасыз етеді және этникалық алуан түрлілікті біріктіреді; тікелей демократияның құралы ретінде «халықтық егемендіктің» тұжырымдамасын іс жүзінде іске асырады; тиімді әлеуметтік лифт болып табылады», – деп, әлем саясаткерлерінің пікірімен бөлісті Ж. Түймебаев.

Тағы бір айта кететін маңызды жайт – кітаптың «Жеңістер мен жетістіктерді шабыттандырушы», «Елбасының мәңгілік алғысы» атты екі бөлімінде саясат пен қарапайым адамдар өміріндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған ұлағатты бастамалардың нәтижелері сараланған.


Іс-шара соңында «Елбасы және халқы» кітабының тұсауы кесіліп, мемлекет қайраткері, Елбасының ұстазы Мырзатай Жолдасбеков естеліктерімен бөлісті. 


Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: