Жүргізуші куәлігін қалай аламыз?

12 Сәуір 2016, 15:08

Емтихан тапсыруға дербес әзірленуге мүмкіндік беретін норма енгізеді

Жүргізуші куәлігін беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру шеңберінде, Емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларына өзгертулер енгізілді. Қағидалар азаматтарға автомотокөлік құралдарын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігін алу кезінде емтихан тапсыруға дербес әзірленуге мүмкіндік береді.

Кеңісбаев Әлібек, ҚР ІІМ-нің әкімшілік полиция комитетінің төрағасының орынбасары, полиция подполковнигі:

— Өздіріңіз білетіндей ІІМ жүргізуші куәлігін беру ережелеріне өзгерістер енгізді. Бұдан бұлай  «А» және «В» санаттарын алу үшін жүргізуші автомектептерде оқуы міндетті емес. Олар жол ережелерін өздігінен үйреніп, Арнайы ХҚКО-на келіп тест тапсыра алады. Тест екі бөліктен тұрады. Бірінші үміткер теориялық білімін сынайды. Жалпы саны 40 сұрақтың кемінде отыз екісіне дұрыс жауап берген адам практикалық сынаққа өткізіледі.

Осыған орай Арнайы ХҚКО-тарында автодромдар салынды. ІІМ-нің қызметкерлерінің айтуынша бұл автодромдарда барлық сынақты компьютер өзі қабылдайды. Сондықтан, «бармақ басу, көз қысу» деген мүлдем болмайтын көрінеді. Автодромда арнайы датчиктер орналасқан. Олар сынақ барысында қанша ереже бұзғаныңызды бақылап отырады. Мысалы, тоқтау межесінен асып кетсеңіз 25 ұпай қосылады. Егер сынақ кезінде осыған ұқсас тағы үш ережені бұзсаңыз — сынақтан сүрінгеніңіз. Ал бағдаршамның қызыл белгісінен өтіп кетсеңіз бұл 100 ұпайлық қате болғандықтан мүлдем сынақ тоқтатылады.

Тәжірибелік емтихан тапсырудың ережелерімен мына жерден таныса аласыз. 

Дегенмен жаңа ережеге көңілі толмайтындар да аз емес. Тек Астана қаласының өзінде қырықтан астам автомектептер бар. Куәлік алу үшін арнайы мектепте білім алудың қажеті болмағандықтан, автомектептерге сұраныс азаяды.

Жылқыбай Балтабаев, автомектептің директоры:

—  Адам өмірі құнсыз. Демек, өз өмірін бағалайтын адам болса, ол міндетті түрде автомектепке келіп білім алады. Біздің шәкірттеріміз екі жарым айда 228 сабақ өтіп, оны практикамен ұштап, дайын жүргізуші болып шығады. Ал енді өзіңіз ойлап қараңыз, 18 жасар бала осындай үлкен көлемдегі материалдарды өз күшімен үйінде меңгеріп шығады дегенге сенесіз бе? Ондай адам мыңнан бір. Жаңа қабылданған заңға сәйкес жүргізуші куәлігін алуға үміткер практикалық сынақ тапсырмас бұрын не істейді? Ол ата-анасын, туған – туыс, дос – жарандарынан көлік жүргізуді үйретуді өтінеді. Арнайы дайындығы жоқ адам мүлдем көлік жүргізе алмайтын адамға көшелерде сабақ беріп жүру түрлі жол апаттарына алып келуі мүмкін. Бұл біз қаласақ та, қаламасақ та орын алатын жайт. Елбасымыз жолдауында «Дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіру үшін бізге білімді азаматтар керек» деді емес пе? Жол — қауіп. Демек, бұл заңды қабылдау арқылы халықтың көлік жүргізу сапасы төмендейді.

— Керісінше егер халықты автомектептерде оқуға міндеттемесе, мүмкін жемқорлық азаятын шығар?

— Мұндай оқиғалар өкінішке қарай кезедсіп жатады. Бұл — қадағалаудың әлсіздігінен деп ойлаймын. Бірақ, жаңа қабылданған заңнан кейін, жемқорлық көбеймесе, азаймайды. Өйткені сынақтан бірнеше рет құлап қалған адам куәлік алу үшін амал - айлаға барады.

—  Автомектептерде оқу міндетті емес болғалы бері оқушыларыңыздың саны күрт азайған болар?

—  Шындығына келгенде бүгіннің өзінде оқушылар саны 15-20 пайызға азайып отыр. Егер бұлай жалғаса беретін болса, көп адам жұмыссыз қалатын түрі бар.

Құзырлы орган ұсынған ережеге сәйкес, жүргізуші куәлігін бір-ақ күнде алуға мүмкіндік бар.«Былай тартсаң — арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» күйін кешкен өзгертулер сәуір айының соңына дейін заңды күшіне енеді деп болжамдалуда. Барлығы ойдағыдай болса, бұл өзгертулер «жүргізушілердің өмірін жеңілдетіп, куәлік беру процесін ашық етеді» деп күтілуде. Ал сіз қалай ойлайсыз?


Рүстем ӘЛПИ

Суреттерді түсірген — Нұрбек Әлманбетов

Бөлісу: