Жүректен жүрекке жеткен жылу

4 Қараша 2020, 12:45 6482

Ісіне әлем сүйсінген «28 ілмек»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Жыл басынан бері әлеуметтік волонтерлікті дамыту бағытында көптеген ауқымды шаралар өткізілуде. Ерікті түрде қоғам игілігі үшін қайтарымсыз жұмыс істеуге ниетті жандардың қатары да артып келеді. Жақында Нұрсұлтан қаласында арнайы курс оқыған еріктілерге медициналық волонтер сертификаты берілді.


Елордада қанатын жайған «Волонтерлер мектебі» жобасы өз жұмысын қорытындылады. Еріктілер мектебін 90-нан аса жас тәмамдады. «Волонтерлер мектебін» ашуға «Қазақстанның медициналық жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі бастама болды. Жобаға елорда әкімдігі қолдау көрсеткен.  

Біздің елімізде волонтерлер қызметі туралы заң 2016 жылы қабылданды. Біз бүгін тіпті еріктерлердің мүддесін қорғайтын заң қабылданбай тұрып-ақ өз жұмысын бастаған ерекше клуб туралы сөз етпекпіз. Ол – «28 ілмек» жобасы.

Мерзімінен бұрын туған шақалақтарға көмек қолын созатын «28 ілмек» жобасы 2012 жылдан бері еліміздің әр аймағындағы перзентханаларға жүннен тоқылған киімдер тарту етіп келеді.  

Мен 2012 жылы фотожурналист ретінде қызмет атқарып жүргенде шала туған сәбилерге күтім көрсететін неонатолог дәрігер туралы фоторепортаж жасадым,- дейді жоба авторы, осынау игілікті іске бас болған Қарлығаш Нұржанова. – Жұмыс барысында алақанға оп-оңай сыйып кететін шала туған шақалақтың аяғына кигізгілген жүннен тоқылған көк шұлық менің назарымды өзіне аудартпай қомайды. Инкубаторда яғни стерилді жерде жатқан сәбиге не үшін тоқылған шұлық кигізетінін дәрігерден сұрадым. Неонатолог маман маған тоқылған киімдер толық жетілмей туған сәбилердің денесін жылытудан гөрі, қышыту, ыңғайсыздық тудыру арқылы қан айналымының жақсаруына көмегі зор екенін айтты. Мекемеден ерекше әсермен шығып бара жатып, «Өмірмен күресіп жатқан сәбилерді дәрігерлер емдеуі тиіс, ал біз көмектесуіміз» керек деп шештім.

Бүгінде ізгілікке толы ісіне әлем сүйсінген «28 ілмек» жобасы қанатын кеңге жайып, еліміздің 19 қаласында еріктілердің игі іске жұмылуына себепші болды. Қазір Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Екібастұз, Жаңаөзен, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Рудный, Семей, Талдықорған, Тараз, Орал, Өскемен, Шымкент сондай-ақ Нұр-Сұлтан қалаларында осы жобаның мүшелері уақытынан ерте туған сәбилерге жүннен киім тоқиды.

Еріктілер киімдерді жүз пайыз таза жүннен тоқиды. Мамандардың айтуынша, жүн шақалақтың денесін қышытып, ыңғайсыздық туындайды. Есесіне, сәби демалады, ыңғайсызданып, қозғалады. Инкубаторға салынған шақалақтар денсаулығына оңтайлы температурада жатады. Ал, кезекті ем-шара барысында жылу алмасу бұзылады. Сол сәтте балаға жүннен тоқылған жылы киім көмекке келеді. Жүннің талшықтары бөпелердің терісіне жанасып, массаж эффектін береді. Соның арқасында сәбилердің қимылдың моторикасы күшейеді.


Перзентханалардағы реанимация бөлімдеріне тоқылған бұйымдарды тегін үлестіреміз,- дейді «28 ілмек» жобасының Нұр-Сұлтан қаласындағы бөлімше жетекшісі Айгүл Жанаева. – Тоқылған шұлықтар сәбилерге жылу сыйлап қана қоймай, емдік қасиетімен ерекшеленеді. Балалардың жүйке талшықтарының жұмысын ынталандырып, тіршілік иесі екендігін сезінуге мүмкіндік береді.

Жоба мүшелері тоқыған 183 598 зат кәдеге жараған. Ал, тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша биыл 7697 бұйым тоқылып, шала туған сәбилерге үлестірілген. Еріктілер бастапқыда шұлық қана тоқыса, қазір кеудеше, бас киім, жамылғышты та көптеп тоқуды қолға алған. Мұндай жоба әлемнің Грузия, Латвия, Донецк Халық Республикасы, Украина, Өзбекстан, Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей сынды елдерінде де бар. Тоғыз елде ашылған 96 клуб мүшелері ерекше күтімге зәру шақалақтардың тәніне жылу сыйлап жүр. Мәліметтерге сенсек, осы жобаға жұмыла істеп жүрген екі мыңға жуық ерікті бар.  

«Жер халқы» (DSW) атты неміс қоры таратқан дерекке сенсек, әлем бойынша жыл сайын адамдардың саны 83 миллионға толығады. Жер бетін мекен еткен адамзаттың саны бүгін де 7,635 млрд асып жығылған. Қор мамандарының санағы бойынша әрбір он секунд сайын 26 сәби дүниеге келетін көрінеді.

Статистикалық мәліметтерге сенсек, Қазақстанда жыл сайын 250 мың сәби мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Неонатолог мамандардың пікірінше, бұл статистика ұзақ жылдар бойы өзгермей келеді. Дәрігерлердің айтуынша, салмағы небәрі 500 граммнан асатын шақалақтар жүктіліктің 22 мен 37 апта аралығында туады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ана мен бала орталығының дәрігерлері салмағы 463 грамм ғана болып өмірге келген шақалақты адам қатарына қосқанын айтпай кетпеске болмас. «28 ілмек» қорының мүшелері де жылы тоқыма бұйымдары арқылы осы сәбидің адам болып кетуіне шапағатын тигізгені анық.

Көпке үлгі боларлық қайырымды ісінің арқасында «28 ілмек» қоры 2017 жылы «Алтын жүрек» премиясын иеленді.


Ұлттық ана мен бала орталығының дәрігері Тамара Чувакованың пікірінше, өздігінен демала алмайтын балалар аппараттың көмегімен тыныс алады. Себебі шала туған сәбилердің өкпесі толық жетілмегендіктен, аппараттың көмегіне жүгінуге тура келеді. Анасының құрсағында толық жетілмегендіктен олардың иммундық жүйесі өте әлсіз келеді. Сол себепті шала туған шақалақтар пневмония немесе өзге де гаметикалық сырқаттарға тез шалдығады.

Ана мен бала орталығының дәрігерлері берген мәліметке көз жүгіртсек, мерзімінен бұрын туған балаларды аман алып қалу бойынша көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Мәселен бұл көрсеткіш 87%-дан 92% жоғарылаған.


Ал, ғаламтордағы деректерге сенсек, жыл сайын 15 миллионнан астам бала мерзімінен бұрын өмірге келеді.

Қызық ақпарат

Әлем бойынша толық жетілмей, шала туатын балалардың адам қатарына қосылып, өмір сүру көрсеткіші жыл сайын жоғарылап келеді.

Дерек

· Әлем елдерінде 1990 жылы 5 миллионға жуық мерзімінен бұрын туған шақалақ көз жұмса, 2019 жылғы дерек бойынша бұл көрсеткіш 2,4 миллионға төмендеген. Көп жағдайда шала туған сәбилерге өлім қаупі алғашқы 28 күнде төнеді.

· 2019 жылы уақытынан ерте туған сәби өлімінің 47% неонатальды кезеңде болған болса, олардың әрбір үшіншісі өмірге келген күннің ертеңінде, ал әрбір төртіншісі алғашқы жұмада көз жұмған.

· Алғашқы 28 күнде өмірмен қош айтысқан сәбилердің өлімінің себебі ішкі ағзалардың жетілмеуі мен сапалы медициналық көмек пен тиісті күтім көрсетілмеудің салдарынан болады.

· Көп жағдайда шала туған балалардың өліміне мерзімінен бұрын өмірге келу сондай-ақ интранатальды кезеңде асқыну болса яғни босану барысында тыныс алу қиындаса және түрлі инфекциялар мен жүрек ақауы себеп болады.

· Жүкті әйелдер арнайы білімі бар, халықаралық стандартты ұстанатын тәжірибелі акушердің көмегіне жүгінетін болса баласын жоғалтып алу қаупі 16% төмендейді, ал толғағы мерзімінен бұрын басталған келіншектерде 24%.

· 2019 жылы 2,4 миллион бала алғашқы айда көз жұмған. Күн сайын шамамаен 7 000 жуық бала өмірмен қош айтысады. Бұл жалпы 47% құрайды.

· Әлем бойынша 5 жастан төмен балалардың жоғары өлім көрсеткіші әлеуметтік жағдайы төмен Африка елдері мен Сахараның оңтүстік бөлігіне жақын елдерге тән.  

· Ал, Еуропа елдері мен Америкада 5 жасқа дейінгі балалардың өлімі ең аз тіркеледі екен.

· Жаңа туған сәби өлімінің ең жоғары көрсеткіші Оңтүстік Азия елдеріне тән. Бұл 62% құрайды.

· 2019 жылы сәби өлімінің ең жоғарғы көрсеткіші Африка елдері мен Сахараның оңтүстігінде орын тепкен елдерде байқалған. Мәселен, 1000 бала өмірге келсе соның 27-і көз жұмған. Ал, Орталық және Оңтүстік Азия елдері де қалыс қалмай отыр. Бұл елдерде 1000 бала туса, соның 24-і тірі қалмаған.


2019 жылы бала өлімі бойынша жоғары көрсеткішке жеткен елдер:

Индия – 522

Нигерия – 270

Пәкістан - 248

Эфиопия – 99

Конго Демократиялық Республикасы – 97

Қытай – 64

Индонезия – 60

Бангладеш – 56

Ауғанстан – 43

Танзания Біріккен Республикасы – 43

Себебі

Көбінесе шала туған шақалақтар неонатальды кезеңде яғни алғақшы аптада көз жұматын көрінеді. Мына дерекке сенсек, 2019 жылы 1 миллионға жуық сәби алғашқы 24 сағатта өлім құшқан.

Мәліметтерге назар аударсақ, 2017 жылғы сәби өлімінің негізгі себебі мерзімінен бұрын туу мен босану барысындағы асқыну немесе жүрек ақауымен байланыстырылады. Ал, неонатальды кезеңнен өткен сәбилердің өлімінің негізі себебі пневмония, диарея, ту бітті жүрек ақауы т.б. Сондай-ақ өзі әлжуаз әрі шала туған сондай-ақ ауыр науқасқа шалдыққан балалардың құнарлы тамақтанбауына байланысты қайтыс болғандығы айтылады.   

Жоғарыда атап өткеніміздей, біздің елімізде шала туған шақалақтарды аман алып қалу көрсеткіші жыл өткен сайын өсіп келеді. Перзентханаларда күн сайын балаға жаңа өмір сыйлауға көмекке келетін ақ халатты абзал жандар ана мен баланы да аман сақтап қалу үшін барын салып жүр. Дәрігерлердің баға жетпес еңбегіне көмек ретінде «28 ілмек» сынды клубтарда еңбектеніп жүрген дархан жүректі қыз-келіншектердің жылы-жұмсақ бұйымдары өмірге енді келген қып-қызыл шақалақтардың жүрегі мен денесін жылытып, қатарға қосылуларына өлшеусіз үлес қосып келеді.

(Суреттер "28 ілмек" қорының жеке мұрағатынан алынды)

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: