Жүнісбек КЕНЖИН: Соғыста химиялық заттарды тазалап, денсаулығыма зиян тигіздім

25 Сәуір 2014, 11:49

Жүнісбек Кенжин деген тоқсанның торы атына мінген ардагер көкеміздің үйіне барып, аз-кем әңгіме дүкен құрып қайттық.

Жүнісбек Кенжин деген тоқсанның торы атына мінген ардагер көкеміздің үйіне барып, аз-кем әңгіме дүкен құрып қайттық. Жастық дәурені соғыста өтіп, бүгінде денсаулығы көп нәрсеге мұрша бермейтін болғандықтан артық мазасын алмағанды жөн деп ойладық. Ардагер қарияның көп суреттерін әртүрлі қоғамдық орындар, одан қалды журналистер пайдалануға сұрап алып, қайтармапты. «Көп сөйлеп, өзімнің де, сенің де мазаңды алмай естелік фотоларымды көрсете салайын десем, осылай қарғам!» деп түсіндірді Жүнісбек қария.

– Жеңіске биыл 69 жыл толып отыр, бұл сіздердің төл мерекелеріңіз. Мерекеңіз құтты болсын! Соғысқа қалай аттандыңыз? Не жағдайларды бастан кешірдіңіз?                             

– Мен, Қызыл Армия қатарына 17 ден 18-ге таяған жасымда аттандым. 1942 жылы 3 ай бойы әскери дайындықта болып Татар астанасы Қазанда оқып, үйрендім. Сонда жүргенде Тихин деген қалаға алып барды. Нағыз соғыстың қызып жатқан жері екен. Біз барған сәтте ол жерге немістер парашютпен, ұшақтармен өз адамдарын тыңшы қылып жіберген екен. Олардың бірі ұсталса бірі әлі арада жүр, соларды тексеріңдер деді. Соларды іздестіруге көмек жасап, мина секілді атқыштарды қалай қолдану керектігін тәжірибе жүзінде көріп, 2 ай соғыс ортасында жүрдім. Онда неміс фашистері тастаған химиялық заттарды қалай тазалау керектігін үйреніп, жұмысқа кірістік. Өте қиын жұмыс, бір қателік бүкіл өміріңнің парша-паршасын шығарады. Уақытымыздың көбін зауыт ішінде өткіздік. Бір күнде 7 вагонға снарядтарды арту керек. Демалыс жоқ. Соғыс жылдарында атқарған жұмысымның дені химиялық заттарды тазалау болды.     

Қандыкөйлек достарымен. Ортадағы Жүнісбек көкеміз.     

Жеңісті қалай қарсы алдыңыздар?

– Жеңісті естігенде қалай қуандық десеңші! Аспанға мылтықпен атқылап, бір бірімізді құшаққа алып «Жеңіс! Жеңіс!» дедік. Елге ораламын, Отаныма барамын деп қуанып, Аллаға тәубе дедік...  

Жүнісбек атамыз арнайы сұхбатқа келген соң көңілімді қалдымрмай, кеудесіне барлық медальдарын тағып, естелікке суретке түсті.

– Елге оралған соң немен айналыстыңыз?       

– 1946 жылы мені шекараға әскери борышымды өтеуге алып кетті. Ол жерде дамыл таппай қызмет еттік. Шекара болған соң қауіп көбіне туындайтын аймақ. Қашқындар тыныштық бермейді, ұйқы жоқ. Минус -35, -40 градус аязда далада шекара қарауылдап тұрған кезімде болды. Аяқта бәтеңке, пима жоқ. Үстіміз жеңіл. Міне, сол кезеңдерде денсаулыққа кінәрат түсіріп алдық ғой. Содан 1949 жылы өз Отаныма оралдым. Соғысқа дейінгі 7 сыныптық білім бар. Онымен қайда жұмысқа алсын мені. Жұмыс іздеп сандалдым. Ауыр жұмысқа баяғыдай дәрмен жоқ. Содан мені үкімет Киевке 2 ай курсқа жіберді. Аздаған бухгалтерлік жұмыстар жасап күн көрдім. Бірақ арнайы диплом болмаған соң көп қиналдым. Содан оқу іздеп Алматыға қаржы инситутына түстім. Сол мамандықпен нәпақа тауып, 7 бала тәрбиелеп өсірген жайым бар.        

Әңгімесін аяқтай бастағанда қазіргі заманның жастарға аса бір көңілі толмайтынын айтып өтті.      

Үкіметке рахмет. Пенсиясын беріп жатыр. Ақша мен азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр. Міне, мына үйді де берді. Барлық тұрған жүргенімді қамтамасыз етіп жатыр. Одан артық не керек маған? Рахмет. Бірақ, қазіргі таңдарда баяғыдай ұйқы жоқ. Көп ойланамын. Ана дүниенің жақындағанын да сеземін. Мына заманда түрлі жаңалықтарды естіп қатты күрсінем. Жастарға қапаланамын. Өз тілдерін білмейді. Қарағым, қазір 3 тілді білу керек сендерге. Бірақ, ана тіліңді әрқашан қолданыстан шығармауларың қажет. Өз тілінде білмейтін, жетесіздер көбейіп барады. Сол мені алаңдатады. Көре алмаушылық қасиеттерді тастау керек. Елімді қалай дамытам, не істесем өсіп өркендейді деп алға талпынып жұмыс жасаса деймін.       

Әңгімелесіп болып, шығарып саларда:                 

– Айналайын қызым, осылай келіп тұрыңдар. Өткенді еске түсіріп, бір серпіліп қалдым. Алдыңа мақсат қоя біл, соған талпынып іске асыра біл. Ешқашан оқуды тоқтатпа, еліңнің елеулі қызы бол. Менің жасымды берсін, тағдырымды емес. Ерінбе, абыройлы бол! – деп маңдайымнан сүйіп, ақ батасын берді.

Әңгімелескен – Жәмила ЗАЙЫРОВА.

«El.kz» берген анықтама:

1924 жылы Көкшетау облысында дүние есігін ашқан. 7 жылдық білімімен 17 жасында Ұлы Отан Соғысына аттанды. 1942-1946 жж. аралығында Ресей және Украина қалаларын минадан тазартқан. 1946-1949 жж. Украина шекарасында әскери борышын өтейді.  Елге келген соң Қаржы инситутын тәмамдап, сол салада талай жылдар еңбек еткен. Ардақты ардагер 7 бала тәрбиелеп өсірді.  Бүгінде ақсақалдың 12 немере, 17 шөбере, 7 неменесі бар. 

Бөлісу: