12 Тамыз 2016, 10:48
Бразилия астанасы Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарының аясында бокстан 75 келі салмақта өнер көрсететін жерлесіміз Жанібек Әлімханұлы 1/8 финалға жолдама алды.
Жарыстың алғашқы жекпе-жегінде британдық боксшы Энтони Фаулермен жұдырықтасқан Жәнібек қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты.
Орта салмақта ел намысын жұдырығына түйген 23 жасар Жәнібектің келесі қарсыласы алжирлік Ильяс Аббади. Ол 1992 жылы Алжирдің Медеа қаласында дүниеге келген. 2011 жылы Африка біріншілігінің күміс жүлдегері. 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарында 19 жасар Ильяс 69 келі салмақта тартысты бәсекеде британдық боксшы Фредди Эванстан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалған болатын. Айта кететін жайт, Фредди Эванс финалдық кездесуге шыққанымен қазақ боксының мақтанышы Серік Сәпиевтен жеңіліп, күміс жүлдеге «тәуба» деген.
Алайда биыл алжирлік былғары қолғап шебері салмақ қосып, Риоға тыңғылықты дайындықпен келіп отыр. Соққысы жойқын Ильяс бұл Олимпиадада «болашағы әлі алда» дейтін 19 жасар боксшы емес. Оның мақсаты — финалдық кездесулерге жолдама алу.
Осы тұста жарыс жолынан допинг қабылдағаны үшін алтынға басты үміткер ирландиялық боксшы О'Райлидің жарыстан шеттетілгенін айта кеткен жөн. Бұл жайт екі спортшының да финалға жолдама алу мүмкіндіктерін арттырды.
Жәнібек Әлімханұлына келер болсақ, жерлесіміз өзінің алғашқы кездесуін өте қарқынды бастап, қарсыластарына үлкен үрей тудырды. Тіпті осы бәсекеден кейін бухмекерлік кеңселер оның алтын алу мүмкіндігін екі есеге жоғарылатқан болатын.
Екі спортшы да орта салмақта өнер көрсететіндіктеріне қарамастан соққылары өте ауыр. Әсіресе Жәнібектің соққысын британдық Энтони Фаулер жақсы біледі. Екеуі де 23 жаста. Екеуіне де тек қана алтын медаль керек. Сондықтан кездесу өте тартысты өтетініне күмән жоқ. Бастысы төрешілердің ешбір спортшыға бүйрегі бұрмай, әділ төрелік еткені керек. Ал мықтыны шаршы алаң анықтайды.
Рустем ӘЛПИ