«Жұлдыздар сөнбейді» киномарафоны - бастан кешкен оқиғаларды баяндайтын патриоттық-халықтық фестиваль

10 Шілде 2019, 15:37 5584

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Жұлдыздар сөнбейді» киномарафон шеңберінде Екінші дүниежүзілік соғыс туралы деректі фильм көрсетілді.

Жиырма жылды артқа тастап, қалың көпшіліктің көңілінен шығып отырған құндылығы айрықша жоба алғаш рет 1999 жылы бастау алған.


Киномарафонның бас директоры Сәуле Дәулетбекова бастапқыда бұл жобаны алдымен әкесі – Хәкім Дәулетбековтың отандық кинодағы тарихи орнын жаңғырту үшін қолға алған. Х. Дәулетбеков тұңғыш қазақ актерлерінің бірі, режиссер-документалист.


Бұл жолғы деректі фильм 1975 жылы түсірілген, онда ауыр соғыс жылдарындағы оқиға баяндалады. Оны тамашалауға соғыс ардагерлері, тыл ардагерлері мен жастар жиналды.


Қанша жылдар өтсе де, қасіреттің орны толмайтын отты жылдардың естелігі жаңа буынның есінде жатталып қалсын деген ниетпен көрсетілген фильм Екінші дүниежүзілік соғыстың 78 жылдығына орайластырылып отыр.


«Жұлдыздар сөнбейді» киномарафоны бірыңғай патриоттық-халықтық фестиваль. Басқа кинофестивальде актерлер қызыл кілемнің үстінде жүрсе, біздің кейіпкерлер халықтың ішінен шыққан шынайы актерлер. Олар соғыс пен еңбектің «қызыл кілемінің» үстімен жүрген. Жобаны алғашқы рет «Nur Otan» партиясы қолдаған болатын. Біз архивтердегі көне деректі фильмдерді халыққа көрсетіп, олардың арасынан кейіпкерлерін тауып алып жатамыз. Өздерін фильмнен көрген кейіпкерлер жастарға өмір жолын баяндап береді. Бүгінгі фильмді режиссер Асылбек Нұрманов 1975 жылы түсірген болатын және осы еңбегі жоғары деңгейде бағаланып, оған мемелекеттік сыйақы тағайындалған еді. Әкемнің, басқа да режиссерлердің 40-шы жылдардан бастап түсірген фильмдерін архивтен алып, таспаға түсіріп жүрмін. Деректі фильмдерде әр халықтың бастан кешкен оқиғалары баяндалып отырады. Осы кейіпкерлердің өздерімен немесе туыстарымен кездесіп, олар туралы мақалалар жазамын. Кейде мемориалдық тақталар орнатуға, көшелерге атын беруге мұрындық болып жүрген жайымыз бар. 

Бізде тек соғыс жайында ғана фильмдер көрсетілмейді, сонымен бірге колхоз уақытында жұмыс істеген адамдар туралы бар. Жуырда Талдықорғанда көрсеткен деректі фильмде бір қарт әжей өзін танып қалды, ол кезде төрт жаста болған екен. Сонымен қатар кәріс әжей де өзінің жастық шағында түсірілген таспаны көріп, қайран қалды. Бұндай жайттар жиі орын алып отырады. Елордада өтіп отырған бұл іс-шараға ҚХА қолдау білдіріп отырғаны қуантады», – деді С. Дәулетбекова.

Фильм соңында соғыс жылдарында туған қариялар естіліктерімен бөлісіп, қасіретті жылдарды суреттейтін өлеңдерін оқыды.


Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: