22 Қазан 2015, 07:10
Табиғаттың жаратылысы сондай, жүкті әйелдердің ағзасын үнемі түрлі өзгерістерге ұшыратып отырады. Жүкті әйелдердің ағзасында ғана емес психологиялық жағынан да болатын өзгерістер 9 ай 9 күнге дейін жалғасын табады.
Кейбір жүкті нәзік жандылардың бет терісінде қара дақтар пайда болады. Мұндай кезде күн сәулесінің бет терісіне тікелей түсуінен алшақ болған жөн, өйткені ультрасәулелер дақтың қоюлана түсуіне септігін тигізеді. Даққа бола уайымдаудың қажеті жоқ, себебі нәресте туылған соң олар өздігінен кетіп қалады. Сонымен қатар, жүктілік кезінде кіндіктен төмен қарай қоңыр сызық пайда болады. Ол сызықтың да жүктілікке тән құбылыс екенін біліп жүрген абзал. Құрсақтың күн санап өсуіне орай терінің созылуы да заңды құбылыс. Терінің төменгі қабатының қатты созылуына байланысты іште жіңішке қызғылт түсті сызықтар пайда бола бастайды. Тоғыз айдан соң әлгі сызықтар көзге көрінер-көрінбес ақшыл түске айналады, өкінішке орай толығымен жойылып кетпейді. Алдын-алу үшін терінің созылуына қарсы арнайы кремдер мен майларды қолданып, бандаж тағу қажет. Жүктілік кезінде иіс сезу қабілеті артатындықтан иіссіз және табиғи компоненттері көп крем түрлерін таңдаған жөн. Маңызды: аяғы ауыр әйелдерге моншаға түсіп, ыстық душ қабылдауға болмайды. Бұл теріні құрғатып қана қоймай, іштегі баланың шетінеуіне әкеліп соғуы мүмкін. Жүкті әйелдердің терісі қандай болмасын, олар әлемдегі ең әдемі жандар болып қала бермек.
Бала өмірдің мәні, бала өмірдің жалғасы, бала отбасын біріктіре түсетін бақыт!!! Әрбір нәзік жандының АНА БАҚЫТЫН сезініп көруін тілейміз.
Дайындаған: Құлжанбай тегі Арайлым
Суреттер Google-ден алынды