15 Қазан 2014, 11:18
Бақсы келгесін киіз үйдің ортасындағы ошақтан басқа барлық от өшіріледі. Екіқабат әйелді ошақтың жанына жатқызады. Ұзын ақ сәлде киген бақсылар тізерлеп отырып, алдарына қобыздарын қояды да, теңселіп отырып, ақырын әуенді бастайды. Сәлден соң қобызды оқтын-оқтын сілкіп қояды, содан қобызға ілінген темір әшекейлер сылдырлайды. Біртіндеп бақсының әні есірік айқайға, күрсінуге, өксікке айналады; қобыздың дыбысы біресе үзіліп тоқтап, біресе дірілдеген, ыңырсыған дыбыстар бөлмені алып кетеді. Бір мезгілде жан түршігер әуен асқақтап шығып барып кілт тоқтайды. Бақсы кенет қобызын тастап, көзін алартып, кескінін өзгертіп, есінен танған күйі киіз үйді айнала жүгіре бастайды, оқтын-оқтын қоршаған адамдардың қолына құлайды, қайта түрегеледі, ыңырсиды, өз қолын тістелейді, бүрісіп-тырысып кенет киіз үйдің шаңырағына секіріп шығады, қып-қызыл шоқты қолымен ұстайды және т.б. оның не істейтінін түгелдей айтып шығу мүмкін емес. Әсіресе бақсы екеу болса, олар әбден бұлқан талқан болады: олар бір-бірін тістейді, жанып тұрған шоқты бір-біріне лақтырады, сөйтіп әлі құрыған бақсы құлағанша жынданады. Осының арасында ем де жүріп жатады. Егер әйел босанып, бірақ баланың жолдасы түспесе, онда босанған әйелге күдері шалбар кигізіп, жігіт алдына мінгізеді де, әйелді мінгестірген жігіт қиқулап, у-шумен еріп жүрген ауылмен тау-қырларды асып шапқылайды.
Осыдан кейін әйел үйіне тірі, бірақ талған күйде оралса, бақсы оның маңдайын уқалап, іжеңімен не шүберекпен тілін ұстап тұрып, жағынан шапалақпен тарытп жібереді. Шапалақ бер отырып, бақсы: «Неғып ұйықтап отырсың! Жаратқан ием, рахмет деп айт!» - дейді.
Сосын кемпір (кіндік шеше) аспаптармен ұстаны шақырады да, төсті науқастың қасына қойып, темірді қызғанша қыздырады да, жан-жаққа ұшқын атқанша төстің үтінен соғады, ұста қыздырылған темірді әйелдің көз алдына тақайды да, бақсы: «Көзіңді жаппа, ұйықтама!» дейді. Әйел есін жинап: «Жаратқан ием, рахмет», - деген кезде ұста оның аузына тіспен ұстасын деп құрыш немесе темір егеу салады.
Босанған әйелге бұдан кейін жеті күн бойына ұнтақталған даршын, бозбұға, сарбұға мен жемжеміл қосылған сорпа береді. Қазақтар бұл шипалы сорпа терлетеді деп ойлайды.
Басқы мен ұста әйелді емдегені үшін қымбат сыйлықтар алады.
Жаңа туылған сәбиді алғаш рет қалжа сорпасының көбігіне шомылдырады, сосын баланың кіндігіне қара сабын таңып, оның үстіне құйрық май салып, байлап тастайды.
"Қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрыптары" /
құраст. С. Е. Әжіғали;Алматы : Арыс, 2006.