20 Мамыр 2015, 10:33
Құрсағына шарананың бітуі әрбір әйел заты үшін өмірдегі ең бақытты шақтардың бірі.
Бұл кезеңде әйел денсаулығына екі есе көңіл аударуы тиіс. Тұмаудың тимеуіне, ауыр зат көтермеуге, түскі және түнгі ұйқысының толыққанды қануына, жүйке-жүйесін шамадан тыс ауыртпауға, жаурап қалмауға, сабырлы болуға тырысуы қажет. Болашақ ана өзінің тамақтану үрдісіне де аса көңіл бөлуі шарт. Аталғандардың барлығын мүлтіксіз орындау баланың дұрыс дамуы үшін аса маңызды.
Жүкті әйелдерге мәзір жасау оңай шаруа емес. Жүктіліктің алғашқы айларында болатын токсикоздың әсерінен тағамға деген «жиіркеніштің» де орын алатын кездері болады. Мәселен, жүкті әйелдердің жартысынан көбі еттен жасалған тағамдарды ауызға ала алмай, майдың иісінен жүректері айниды, дегенмен тұздалған қияр, құрт, алма іспеттес тағамдарды жеуге әуес болады.
Бұрын-соңды аса мән бермеген тағамға деген тәбеттің ашылуы, оны үнемі жегісі келіп тұратын күйге түсуі жүктілік кезінде орын алатын жағдай. Мұны – «жерік болу» деп атайды. Жерік болу – құрсақтағы баланың бір затты қажетсінуінен немесе әйел ағзасында белгілі бір дәруменнің жетіспеушілігінен де туындайды. Ештеңеге жерік болмау да қалыпты жағдай болып саналады. Өзінің жасаған тамағын жегісі келмей, өзге адамдардың дайындаған тағамына әуес болатын кездер де болады. Мұндай жағдайда жүкті әйелге сол тағамнан дәм таттырудан бас тартуға болмайды. Өйткені, жерік болған әйелдің омырауына сүт жиналмай, тәбеті мүлдем құрып, ауырып қалуы мүмкін. Жерігі қанбаған әйелдің дүниеге әкелген баласының жасқа толғанша аузынан сілекейі сорғалап жүретіні де осыған байланысты. Сондықтан, жерік болған әйелдің асына аса жауапкершілікпен қараған абзал.
Жүкті болғанын түсінген келіншектер күнделікті тұтынып жүрген асының мөлшерін бірден жоғарылатып, оны жиі қабылдауға әуес келеді. Соның салдарынан артық салмақтың зардаптарын шегеді. Бұл жаман әдеттен бойды алыс ұстаған абзал!!! Тағамның мөлшерін емес, оның сапасын арттыру қажет. Дәрумендер мен ақуыздарға бай тағамдарды тұтынып, майлы, ащы, қуырылған, қақталған астардың мөлшерін азайту шарт, олардан мүлдем бас тарту да дұрыс шешім болмайды.
Кофе мен шарап қан қысымының артуына әкеліп соғады, сондықтан жүктілік кезінде аталмыш сусындарды пайдаланбаған абзал. Қызыл шарап қанның көбеюіне септігін тигізеді деп жатады, ол да дұрыс шығар. Алайда, қазіргі таңда шығарылатын, дүкен сөрелеріндегі шараптардың таза екендігіне кім кепіл?!! Түсін қызарту үшін, түрлі бояғыштар қолданылатыны ешкімге де құпия емес. Майлы, ащы, қуырылған, қақталған тағамдар бауыр мен өтке кері әсерін тигізеді. Аллергияға жақын әйелдерге шоколад, құлпынай, экзотикалық және цитрусты жемістерден қашық болғаны абзал.
Жүкті әйелдің күнделікті тұтынуына тиісті тағамдар тізіміне міндетті түрде жеміс-жидек, көкөніс, сүтті тағамдар, ет, балық, ботқа түрлері кіруі тиіс. Дені сау ұрпақ - еліміздің болашағы екенін ұмытпайық!!!
Мақаланы дайындаған:
Құлжанбай тегі Арайлым