6 Қыркүйек 2014, 12:13
Бабасының батасын алып Жұбаныш Ындыс еліне, хан Қылышбайды шауып алмаққа, бес құлаш болар қылышын қамдап, ақ сүңгісін белге байлап, астына Көкшабақ атын мініп жолға шықты. Артынан ерген жан жоқ. Таудан-тау, көлден-көл асып, жолындағы қарды шашып Ындыстың еліне де барды. Тәуекелге бел буып, Ындыстың елін аралап көрді. Жауының көп екендігін білді. Қылышбай ханның қасына мың кісісін ертіп ноғай елін шауып алмаққа кеткенін біледі. Биік таудың басына шығып ой қылады. Ойлана келе, ноғай елінен қайтар сапарында соғыспақ болып Қылыш ханның жолын күтіп екі ай сонда жатады.
Тоқсан төртте ханы бар ноғайлының елін Қылыш хан басып алып, қолында әскері жоқ, бес қарудан бірі жоқ Қарадөңді өлтірді. Қарадөңнің қаласын талқандады. Осыған тоқмейілсіп ындыс әскері кері қайтады. Қарадөңнің жеті қатынының алтауын өлтіріп, Жұбанышты туған, елуге жасы келген, өлуге таянған бәйбішені тұтқынға алып әскер кері келеді. Тау басында астына Көкшабақ атын мінген Жұбаныш жүз адамға тақанып келеді. Қылыш хан бұның Жұбаныш екенін білмей:
- Ноғайлы елін шауып, Қарадөң деген ханын өлтіріп, қатынын жесірге алдық. Қатынын елге барған соң, елуге келгеніне қарамай өзім аламын. Жолымнан тұрмай кет, бала, - деді.
Әкесінің өлгенін естіп Жұбаныш қатты тулады.
- Мен – ноғайдың елімін, елден шыққан ерімін, айқайлаған бөрімін. Тәуекел етіп жол шықтым. Енді, ындыс, көрермін. «Мықтымын» деп мақтанба, жазаңды сенің берермін, - деп айқайды салады. Сонда Қылыш хан тебінді, жалмауыздай емінді, қорамсаға қол салды. Атайын деп Жұбаныш ол қалмаққа оқ атты. «Тәуекел, Алла, енді» деп өз өзінен бусанды. Жүз әскерді қырып сап, артынан келген әскерін қашырды. Оларды қумады. Қорамсаны қолға алып, бір атқанда – он атты. Сасқан қалмақ қашады. Сегіз жүзін қырдырып, бір жүзі қашып кетеді. Соларды қуалап, анасын көрмек болып Жұбаныш жауды қуып қалаға келеді. Анасын іздеп келе жатса тезек теріп анасы қарсы кездеседі. Анасы мұны танымай, кім екенін сұрап, өзінің зарын айтып жылайды. Бала өзінің Жұбаныш екендігін айтып, Қылыш ханды өлтіріп, өзін іздеп шыққанын айтады. Оған шешесі сенбей мазақ қылма дегенде Жұбаныш барып:
- Айналайын, анажан, мамаңды маған бер, - деді. Шыдасын ба анасы танығасын баласын. Танығасын анасы екі емшегін шығарып баласына береді. Еме берді баласы, танығасын анасы. Мейірі қанып, анасымен табысқан Жұбаныш әкесінің кегін алуға, анасын сандалтқандығы үшін ындыстың көп жанын өлтіріп, қаласын алды. Шешесін алтын таққа, күймелі арбаға мінгізді.
- Қылыш ханның қатынын, жалғыз қызын Ажарды аламын, - деп Ындысты қайта шапты. Үш ай жүріп анасымен екеуі еліне оралады. Қарадөңнің моласына барып тағзым етеді. Он бес жасқа келгенде ескі кегі есіне түсіп Жұбаныш ындысты алуға қайта шығады. Екі жүз мың әскермен алдына ындыс бегі күтіп алады. Он күн соғысып оларды қырып, ындыстың қаласын алады. Ондағы ханның Жәмила деген қызын алмаққа ой қылды. Он екі жасар Ақ Жәмиланы алып еліне келіп той қылды. Екі шаһарды алған Жұбаныштың жыры осы.
Нұрлан Рахымжанов
Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма