19 Ақпан 2015, 11:21
Бүгін Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына, сондай-ақ «Халықаралық Ана тілі күніне» орай «Тіл – ұлт және мемлекет негізі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Шараның басты мақсаты мемлекеттік тілдің ұлт және мемлекет үшін маңыздылығын, негіз екенін көрсету.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Алдан Смайыл, Камал Бұрханов, Розақұл Халмұрадов, Оразкүл Асанғазы, Зухра Саяпова, Әсима Бимендина, Бақытбек Смағұл, зиялы қауым өкілдері Жамбыл Артықбаев, Өмірзақ Озғанбаев, Сұлтан Оразалы, Мұхамбедия Ахметов, Ғарифолла Есім, Қазақстан халқы Ассамблеясы, орталық және жергілікті атқарушы орган, үкіметтік емес ұйым және жастар қозғалыстары, оқу орындарының өкілдері, этно-мәдени бірлестіктер мен жексенбілік мектеп жетекшілері қатысты. Отырыс барысында «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының ұлт руханияты және ел бірлігі тұрғысындағы құндылықтары, ел тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын күшейтудегі мемлекеттік тілдің мәртебесі мен орны төңірегінде ой қозғалды.
Қатысушылар ана тіл ұғымын қалыптастыра отырып, қазақ халқы ана тілінің қоғамдағы басымдылығын, рухани ұйыстырушы, ұлтаралық бірлікті нығайтушы фактор ретіндегі айқын рөлін түсіндіру жөнінде пікір алмасты. Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған дөңгелек үстел Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына орайластырылғандықтан, шараға қатысушылар сонымен бірге Қазақстандағы этностардың ана тілдерінің дамуы мен сақталуы тақырыбын да ортаға салды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы деп Елбасымыз нақты атап өткен болатын. Биыл халқымыз Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын тойлайтын болады.
Жансұлу Нурмагамбетова