1 Ақпан 2016, 04:16
Мақал-мәтелдер мен дана сөздерді бір тілден екіншісіне аудару оңай шаруа емес. Кейбір әуесқой аудармашылар тұп-тура аудара салады, алайда бұл аударылып отырған мақалдың мән-мағынасы мен салмағын, сондай-ақ көркемділігін жоғалтуға әкелуі мүмкін. Сөзбе-сөз аударуда әсіресе көркемдік жағы нашарлайды, бұл дегеніңіз аударылған мақал дәл түпнұсқадағыдай жеңіл болмай, кеңінен қолданылмай қалатынын білдіреді. Қазақтың белді жазушысы Мұзафар Әлімбаев өзге елдердің мақал-мәтелдерін кәсіби түрде аударған сирек тұлғалардың бірі. Оның «Маржан сөз» атты кітабында КСРО халықтарының және басқа да жұрттардың мақал-мәтелдері қазақ тіліне аударылып берілген. Автор кіріспеде аударудың қиындықтары мен ерекшеліктеріне тоқталған және бүгінгі мақалада содан үзінді келтіргіміз келеді.
Алдымен, мақал мен мәтелді ажыратып алайық.
Мақал дегеніміз – өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысына шарт немесе пайымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі әрі ырғақты халық нақылы. Мәселен, «Мезгілі жетсе, мұз да ерір», «Ер жігіт үйде туып, түзде өлер»...
Мәтел дегеніміз – халық арасында көп тараған, қорытындысы болмайтын, тұжырымы тиянақталмаған, қарама-қарсы шендестіруі жоқ, ықшам кестелі халық сөзі. Мысалы, «Көппен көрген ұлы той», «Апама жездем сай».
Мақал-мәтелді халық не үшін қадірлейді? Саф алтындай асылдығы, мірдің оғындай өткірлігі, ықшамдығы, дау тудырмас даналығы, өнеге үйреткіш тәлімділігі, қиып түсер қылыштай уыттылығы мен тапқырлығы үшін деуге болады.
Жалпы мақал-мәтел прозалық және поэзиялық боп екіге бөлінеді. Қазақ мақалдарының бітімі сан алуан, көркемдегіш құралдарға бай...
...Барша асыл ойды қазақ баласы ғана айтып, барша айшықты даналықты далалықтар ғана шығарса, өзгеге не қалар еді? Біз ондай томаға тұйықтықтан атымен аулақпыз. Біз өз дәулетіміз өзімізге жетеді деуден аулақпыз. Неге десеңіз дүние жүзіндегі үлкенді-кішілі халықтардан рухани қазына алмасу – қазіргі заманның жақсы нышаны.
Біз әуелі асқақ ойымен де, әдемі өрнегімен де біздің төл дүниелерімізге ұқсамайтындарын аударуға талпындық. Мәселен:
Кемеңгерге де кеңес керек. (Орыс мақалы)
Заман түзелсе,
Жаман да түзеледі. (Ұйғыр мақалы)
Ғалам адам үшін,
Адам ғалам үшін. (Араб мақалы)
Әлбетте, әр халықтікі болғанымен бір-біріне ұқсас, пікірі ғана емес, бедері бір-бірінен айырғысыз мақал-мәтелдер де аз ұшыраспайды. Мәселен, түрікмендер: «Дос айнасы – дос», – десе, армяндар: «Көршісінің айнасы – көрші», – дейді. Мұндай мазмұндас, түрлестерді о баста бұрынғы жинақтарыма кіргізгеніммен, бұл кітаптан түгелдей арылттым.
Сонымен, мақал-мәтелдердің көркем аудармасы мәселесіне тоқталайық.
«Аударма үшін мәнісін жоғалтпай, тілінің дұрыстығы мен тазалығын сақтау аздық етеді, аудармаға түп-нұсқасының өнебойында тұнған тұтас тірлік қажет», – деген орыстың ұлы ойшылы Николай Добролюбов.
Қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді аударуда да осы қағиданы ұстану шарт.
Әңгіме белгілі бір контекст ішінде келтірілген мақалды не мәтелді аудару жөнінде емес, – оның жарасы жеңіл, себебі, аударылатын асыл сөздің ана тіліндегі ұқсасын табуға саятын дүние ол, көбіне солай, – ал біздің шұғылданған шаруамыз – одан мүлдем басқаша, оңаша, жеке мақалды не мәтелді аудару яғни оның дербес көркем туындылығын сақтау.
Бұндай аударманың үлгісі жалғыз-жарым болса да бұрыннан бар. Тіпті классикалық үлгілері де бар-ды. Мұхтар Әуезов қаламынан шыққан «Асауға – тұсау», (Укрощение строптивой»), «Жалғыз ақыл жақсы, бірақ екеу болса бекем болар» (Ум хорошо, а два – лучше), әйгілі аудармашы Хасен Өзденбаев тәржімасы арқылы тараған «Қаншық көнбесе, төбет төнбес еді» (Сучка не захочет, кобель не вскочет) сияқты нұсқалар.
Қай халықтан қай мақалды аудармайын менің көз алдыма қазақ мақал-мәтелдерінің ғажайып кестелері, құлағымда әсем саз-әуендері тұрады. Бірақ алдымен түп-нұсқаның мән-мазмұнын да, кестесін де сақтай отырса, ана тілімізге көшіруге болмас па екен деген сауалға жауап іздеймін...
...«На кончике пера – сила меча» – бұл туысқан әзірбайжан халқының даналығы. Бізде мұндай туынды жоқ. Жалпы – қазақта қаламгерлік жайында, интеллектуалдық еңбек жөнінде мақал-мәтел аз. Ендеше бұл елдестерге керек сөз. Менің қолымдағы әзірбайжан тіліндегі кітапта әлгі мақалдың түп-нұсқасы жоқ болып шықты. Жаңағы орысшасына қарап аударуға мәжбүр болдым. Оның өзі де – бір мақала ішінде кездестіргенім. Сонымен менің интуициям айтады: өзі тумысында өлең құралымды болса керек, сөйтіп мен ішкі ұйқасы бар мақал етіп аудардым:
«Қаламның ұшында найзаның сұсы бар»
Арабтың «Язык – что секущий меч, слово – что пронзающая стрела» мақаласы қазақша нұсқада:
Тіл – тіліп түсер наркескен,
Сөз – өткір жебе тау тескен.
Өлең құрылымды мақал-мәтел басқа халықтарда да мейлінше мол. Ендеше өлең мақалды лажы болса, ыңғайға келсе, өлеңмен аудару – ардақты парыз.
Мұзафар Әлімбаевтың «Маржан сөз» атты кітабынан