Зейнолла Самашев: "Ұлы ғұламаларымызды сыйласақ ғылым жоғалмайды"

3 Қазан 2014, 09:06

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде археология мектебінің негізін салушы Кемел Ақышұлы Ақышев атындағы мұражай-кабинетінің ашылуы салтанаты өтті.

 

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде археология мектебінің негізін салушы Кемел Ақышұлы Ақышев атындағы мұражай-кабинетінің ашылу салтанаты өтті. Аталған іс-шара Есік қорғанынан «Алтын адам» ескерткішін ашқан ғалымның 90-жылдық мерейтойына орайластырылып отыр.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, Дихан Қамзабекұлы:

- Тілеген Садықұлы бастаған Тарих факультетінің әлеуеті зор деп білемін. Қазіргі таңда олар бірнеше жобаларды жүзеге асыруда. Соның бірі - осы мұражай-кабинетті қайта жаңғырту. Бұл мұражай жабық кабинет күйінде қалмауы керек, мұнда үнемі дәрістер оқылып, ғылыми кеңестер берілетін  болады. Бұл кабинет Астанаға, елімізге, тәуелсіз мемлекетімізге қызмет ете берсін.

 

«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, алаштанушы Тұрсын Жұртбай:

- Құрметті жамағат, жаңғыртып отырған кабинеттеріңіз құтты болсын. "Еңбек Қодардікі қызығын Қозы көреді" демекші, біздікі осы кабинетті ашып, сіздерге жағдай тудыру. Құрметті студенттер осы кабинет сіздерге арналған, сондықтан оған жан беріп тірілтетін сіздер. Алла бізді білім-ғылымға үйренуге, оқып-зерттеуге жазсын. Кемекең сияқты жас археологтарға "Алтын адамды" табуға жазсын. Қадамдарың құтты болсын.

Тарих ғылымдарының докторы, археолог-ғалым Зейнолла Самашев:

- Осы өтіп жатырған шараның маңыздылығын әр түрлі тұрғыдан қарастыруға болады. Біріншіден, университет бұл тек білім ордасы ғана емес, бұл тәлім-тәрбиеге баулитын мекеме, сондықтан ғұламаларымызды сыйлау, құрметтеу, тағзым ету университет өмірінің бұлжытпас бөлшегі. Бұл кабинет ғылым ордасына айналатыны сөзсіз. "Қолда барда алтынның қадірі жоқ" дейді, Кемел ағамызды біз көзі тірі кезінде бағалай алмадық. Ал енді қазір ол кісінің қадірі біздің ғылыми ортада арта берері сөзсіз. Ұлы ғұламаларымызды сыйласақ, ғылымымыз жоғалмайды. Осы келіп отырған жастар сол кісінің ізбасарлары ретінде Кемекең ағаларыңдай болыңдар, үлкен жаңалықтар ашыңдар, елге қызмет етіңдер. Бұл мұражай еңбектенетін жер ғана емес, ол кісіні құрметтейтін, еңбегін бағалайтын жер, осы сондықтан ғалым ағаларыңды құрметтеңдер, еліміздің тарихына өз үлестеріңізді қосыңыздар. Бұл мұражай-кабинеттің болашақта үлкен ғылыми орталыққа айналатынына сенімдімін. 

Қысқаша анықтама:

Кемел Ақышұлы Ақышев 1924 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Әскери училищені аяқтаған соң майданға аттанады. 1950 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіреді. КСРО ҒА Археология институтының Ленинград бөліміне аспирантураға түсіп, 1953 жылы Мемлекеттік Эрмитаждың Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғайды. Студенттік жылдары археологиялық қазба жұмыстарына қатысады. 1955 жылы Қазақ КСРО ҒА Тарих, археология, этнография институтының археология бөлімінің меңгерушісі, содан кейін Әлкей Марғұлан атындағы ҚР ҰҒА Археология институтының бас (негізгі) ғылыми қызметкері болады. 2000 жылы Астана қаласына көшіп, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде археологиялық реконструкцияның лабораториясын құрады. 50 жылдардың соңында К.Ақышевтің қазба жұмыстары кезінде табылған сақ дәуіріне жататын Бесшатыр қорымы оның ғылыми өмірбаянынан ерекше орын алады. Көне және орта ғасырлардағы Қазақстан ескерткіштерің әлемдік маңызы зор Есік обасынан табылған «Алтын адам» (б.з.б. \/-І\/ ғасырлар), Бесшатыр (б.з.б. \/І-\/ ғасырлар), Отырар жәдігерлерін ашып зерттеді. Қола, ерте темір дәуірлерінің мәдениеттерін кезеңдеу және мерзімдей мәселелерін анықтады. Көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1982), ҚР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы арнаулы сыйлығының лауреаты (1966) . Герман Археологиялық институтының корреспондент-мүшесі (1983). Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер (1989). «Парасат» орденімен марапатталған (1998).

Бөлісу: