Бердібек Сапарбаев қазір немен айналысып жүргенін айтты

11 Тамыз 2022, 19:39 1775

Оның айтуынша, үш облыстың құрылуы мен атауларының тарихи маңызы бар

Ұзақ жылдар бойы мемлекетік қызметте болып, бірнеше өңірде басшылық жасаған мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев қазіргі Жаңа Қазақстанға қатысты ойымен бөлісіп, зейнетке шыққалы немен айналысып жүргені туралы айтты, деп хабарлайды El.kz

Ол жаңа облыстарды құрудағы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімін қолдайтынын білдірді. 

«Біріншіден, өңірлердің қазіргі заман талабына сай тынысын ашу керек. Олардың шешілмей жатқан мәселелерін шешуге көмектесу маңызды. Ал екіншіден, қанша дегенмен өз алдына жеке облыс болғаннан кейін оған бөлінетін қаржы да, оның экономикалық жағдайы да өзінің байлықтарын толығымен пайдалануға қосымша мүмкіндік береді», –  дейді Сапарбаев BAQ.KZ ақпараттық агенттігінің «Желмая» жобасына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, үш облыстың құрылуы мен атауларының тарихи маңызы бар. 

«Мысалы, Абайды дүние жүзі біледі. Бәріміз Абаймен мақтанамыз. Екінші – Ұлытау. Ұлытауды облыстың орталығы жасау арқылы біздің өзіміздің тарихымыздың қандай екендігін басқа мемлекеттерге таныту. Үшінші облыстың Жетісу деп аталуы да тегін емес, ол жерде де ұлт болып ұйысу мен мемлекет болып қалыптасудағы үлкен тарихымыз жатыр. Оның үстіне Қапшағай қаласын орталық жасау, оған Дінмұхаммед Ахметұлының атын беру де рухани жағынан ерекшелікті аңғартады», – деді мемлекет қайраткері.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметтен кеткенен кейін қазір қайда, немен айналысып жүргені туралы да айтты.

«Мен 45 жылдай мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Оның 30 жылдан астамы билік саласында өтті. Сол жылдары мен көп демалған жоқпын. Енді осы демалған 3 айда сол 45 жылда жасамаған біраз жұмыстарды жасауға мүмкіндік алдым. Әсіресе балаларыммен, немерелеріммен бірге болып, ағайын-туысқанға, достарға баруға уақыт таптым. Менің ойымша, әрбір азамат өзіне ұнайтын жұмыспен айналысу керек. Мен қанша жыл жұмыс істесем, соның бәрінде шамам келгенше халықтың сенімінен шығуға, елдің жағдайын жақсартуға тырыстым.

Бірақ әр нәрсенің бастауы мен аяқталуы болатыны секілді, мен де мемлекеттік қызметімді аяқтадым. Дегенмен өмір тоқтап қалмайды. Өзімнің жинаған архивтерім бар. Енді соларды жинақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық дүние қалдырсам деймін. Зейнеткерлікке шықтым екен деп үйде отырып қалуға да болмайды. Өмір жалғасып жатыр», – деді Бердібек Сапарбаев.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: