Зейнеткерлер үйден дауыс беруде

20 Қараша 2022, 13:01 1793

Астанада 145 учаскелік сайлау комиссия мүшелері мүгедектер мен зейнеткерлер үйін аралады

Елордада 145 учаскелік сайлау комиссия мүшелері мүгедектер мен зейнеткерлердің үйін аралады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Елорда тұрғыны 88 жастағы Резеда Нагаева денсаулығына байланысты кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру үшін 145 сайлау учаскесіне өтінім хат жолдап, үйден дауыс берді.

Зейнеткердің үйіне комиссия мүшелері Ұлжалғас Жүнісова мен Айдын Орынбаев және байқаушы барды. Зейнеткер өз дауысын беріп, сайлау жәшігіне салды. Дауыс беру кезінде барлық ереже сақталып, дауыс беруші жеке бөлмеде қағазға өз нұсқасын белгіледі.

Сайлау жәшігіне бюллетенді салғанда комиссия мүшелері, байқаушы мен зейнеткер Резеда Нагаеваның арасында 2,5 метр қашықтық сақталды.

Сондай-ақ, зейнеткерге сыйлық беріліп, естелік суретіне түсті. 145 сайлау учаскесіне осындай 29 өтінім хат келіп түскен. Комиссия мүшелері мен байқаушы кешкі сағат 20:00-ге дейін өтінім берген зейнеткерлер мен мүгедектердің үйіне барады.

Миражан Махан
Бөлісу: