Зейнеткердің атына онлайн несие рәсімдеген тұрғын ұсталды

16 Қараша 2023, 11:43 784

Жамбыл облысының тұрғыны зейнеткердің атына онлайн несие рәсімдеген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаратау қаласының 64 жастағы тұрғыны Талас аудандық полиция бөліміне арыз түсірді. Белгісіз ер адам зейнеткердің атына 698 229 теңге сомасында алаяқтық жолмен онлайн несие рәсімдеген. Жәбірленуші несие туралы зейнетақысының белгілі бір сомасы ұсталынған соң ғана білген.

Бұл дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Анықталғандай, белгісіз адам ер адамның абоненттік нөмірін алып, банктің қосымшасынан тексеруден өтіп, электронды құжаттарды пайдалана отырып, жәбірленушінің атына онлайн несие рәсімдеп, ақшасын иеленген.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Қаратау қаласының 24 жастағы тұрғынын ұстады. Ол өз кінәсін мойындады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: