Зейнеткер жерлеу рәсіміне жинаған қаржысын алаяқтарға беріп қойды

5 Қыркүйек 2023, 18:08 667

Шымкентте 95 жастағы зейнеткер жерлеу рәсіміне жинаған қаржысын алаяқтарға беріп қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әл-Фараби ауданының полицейлеріне белгісіз тұлғаның қарт тұрғынды алдап, 1 миллион теңгесін алып кеткені туралы хабарлама түсті. Жәбірленушінің тұрғылықты жеріне келген жедел-тергеу тобы анықтағандай, ол апатқа ұшыраған немересінің операциясы үшін қолындағы барлық жинап-терген қаражатынан айырылған.

Жәбірленушіге бейтаныс ер адам хабарласып, туысының жағдайы ауыр халде, оны тек қымбат операция ғана құтқара алатынын жеткізген.

Алаяқтың сөзіне сенген зейнеткер, өзінің жерлеу рәсіміне және табытына жинаған ақшасын үйіне келген курьерге беріп жіберген. Іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер бейнебақылау камераларының көмегімен ақшаны алуға келген тұлғаның жеке басын анықтады. Ол сауда нүктелерінің бірінің 30 жастағы менеджері болып шықты. Қосымша табыс көзін ғаламтор желісінен тапқан екен.

Ол онлайн түрде алып отырған нұсқаулықтар бойынша әрекет етіп, мекенжайлардан алынған қолма-қол ақшаны белгілі бір банк шоттарына аударып отырған. Курьер қызметі үшін 100 мың теңгеге дейін төлемақы алған, – дейді Әл-Фараби АПБ тергеушісі Абылайхан Молдабек.

Полицейдің айтуынша, ұсталған азаматтың телефонын тексеру нәтижесінде, оның басқа да ұқсас жайттарға қатысы бар екені анықталды. Дәл осы жолмен ол тағы да 2 егде жастағы тұрғындардан үлкен соманы алып кеткен. Аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: