Зейін қою қабілетіңізді жақсартқыңыз келсе

1 Қазан 2014, 08:59

Қазіргі күнгі офис жұмысшыларында жүктеме өте көп;

Кескін дереккөзі: http://www.experto24.ru/koncentracija-vnimanija-600px-600px.jpg

Қазіргі күнгі офис жұмысшыларында жүктеме өте көп; басқа жұмысшылармен сөйлесу, клиенттердің көңілін аулау, электронды поштаға жауап беру, ол болмаса телефон қоңырауларына жауап беру және басқа да тапсырмалар бастан асып жатады. Осы қарбаластың арасында жүріп зейін қою қабілетіңіздің төмендеп кетуі де ғажап емес. Ал, егер ол қабілетіңізді сақтап қалғыңыз келсе, өз миыңыздың шектеулерін біліп, соларды күшейту үшін еңбек етсеңіз, сіздің зейін қою қабілетіңіз бен өнімділігіңіз артады.

«Entrepreneur» журналының айтуынша негізінен адам миы кедергілерді тез қабылдайды, сондықтан замануи электронды құралдардың пайда болуы миымыздың зейінсіздігінің артуына әкеп соғады. Мидың жұмыс істеу принципі: кедергілер миға бір нәрсенің өзгергендігі жайында сигнал жібереді. «Назарыңды мында сал, бұл қауіпті зат болуы мүмкін»-деген сигнал миға келгенда, адам еріксіз сол затқа қарайды. 

Миды тұрақты зейін қоюға үйретпесе де, төмендегі кеңестер сізді ең азынан 20-минут керек затқа терең көңіл бөле алатын дәрежеге жеткізеді.

1.      Шығармашылықты талап ететін жұмыстарды бірінші орындаңыз

Әдетте, біз аса ойлануды қажет етпейтін жұмыстарды бірінші істейміз, ал миды шаршататын, энергияны көп керек ететін шаруаларды соңына қалдырамыз. Ол шаруалар адам энергиясын жұтып, сіздің зейін қою қабілетіңізді азайтады. Әр жұмыс сағаты өткен сайын адам миының өнімділігі мен сиымдылығы азаяды. Қабылдаған әр шешіміміз миды шаршатады.

Зейін қою қабілетіңізді ұзаққа жеткізу үшін жұмыс кестеңізді өзгертіңіз. Шығармашылықты немесе зейін қою қабілетін талап ететін жұмыстарды таңертең, миыңыз тың кезде орындау керек. Оларды бітірген кезде, миыңыз шаршай бастағанда электронды хаттарға жауап беру, кездесулерді күнтізбеге тіркеу сияқты оңайрақ жұмыстарға көшіңіз.

2.      Уақытыңызды тиімді үлестіріңіз

Мыңдаған адамдарды зерттеген Америкалық ғалымдардың айтуынша орташа есеппен алғанда адамдар аптасына тек 6 сағат уақытта шын көңілдерімен жасаған істеріне зейін сала алады екен. Сол себепті, бұл айналдырған 6 сағатыңызды ұқыпты қолданғаныңыз жөн. Тестіленген кісілердің көбісі таңертең немесе түн ортасында зейін қою қабілеттерінің аса жоғары болатындығын және олардың 90%-ы кеңседен тыс уақыттарында ол қабілеттерінің артатындығын айтыпты. Сондықтан сіз де өзіңіздің зейін қою қабілетіңіз қай уақытта артатынын байқап, ең қиын деген жұмыстарыңызды сол уақытта орындауға тырысыңыз.

3.      Миыңызды бұлшық ет ретінде жаттықтырыңыз

Ми бір уақытта көп затпен айналысса, оның зейін қою қабілеті азайып, сол режимге үйреніп кетеді. Кедергілердің көбеюінің себебінен зейінсіздік әдетке айналып кетеді. Оны азайту үшін кедергілердің бәрін (смартфон, компьютер т.б.) ысырып тастап, бір уақытта тек бір затпен айналысуды дағдыландыру қажет. Аз-аздан бастасаңыз болады. Мысалы, бір күнде бес минут үздіксіз тек бір затпен айналысыңыз. уақыт өте ол минут санын арттырыңыз. Егер миыңыз қайтадан кедергілерге көңіл бөліп, ойыңыз бұрылып кете берсе, жаттығуды қайтадан бастаңыз. Дәл бұлшық етті жаттықтырғандай, зейін қою қабілетін арттыру үшін миды да тұрақты түрде жаттықтыру керек. 

 
Бөлісу: