5 Қазан 2015, 12:25
– Амина, зергерлік өнерге деген қызығушылығыңыз қалай бастау алды?
– Кішкентай кезімнен қазақтың зергерлік бұйымдарына қатты қызығатынмын. Бертін өзімнің анам зергерлерге арнайы тапсырыс жасап, ай сырға мен құстұмсық жүзік жасатты. Сонда «Бұл әшекейлердің аты бар ма, болса неге олай аталды?», – деп анамнан сұрайтынмын. Анам: «Құстұмсық» жүзік деп аталатынын білемін, бірақ бабаларымыз не себепті солай атағанын білмеймін», – деп айтқаны бар. Кейін өзім де бойжеттім, ұлттық нақыштағы әшекейлерге қатты қызығатындықтан өзіме де күміс бұйымдар сатып ала бастадым. Бірде кішкентай қыздарым «Анашым, бұл әшекейлер қалай аталды?», – деп сұрады. Мен сасқалақтап, не деп жауап берерімді білмедім. Шынымен де әр әшекейдің мазмұны болу керек, атауы соған сәйкес мәні болу керек қой деген ойға қалдым. Осы сауалдарға жауап іздеп, ғаламторды ақтардым. Өкінішке орай мағлұмат өте аз екен, және балаларға арналған зергерлік бұйымдар ешқайда сатылмайтынын байқадым. Міне, содан бастап қызығушылығым арта түсті, зергерлермен таныстым, балаларыма арнап бесбілезік, сырғаға тапсырыс бердім. Қыздарыма ол әшекейді тағып қана қоймай, әрбір күміс бұйымның мәні мен мағанасын түсіндіруге тырыстым. Әшекейді таққан баланың да бойында өзгерістер пайда болып, нәзіктік, қолөнерге деген сүйіспеншілік оянды. Негізінде қазақ халқының әрбір зергерлік бұйымында тәрбиелік мән болады. Менің балаларымның күміс әшекейлерін көрген өзге де ата-аналар қызығушылық танытып, мұндай бұйымдарға қайда тапсырыс беруге болатынын сұрай бастады. Мен тапсырыспен жасатқанымды айтып, олардың байланысын бердім. Алайда, олар «сіз жасатып беріңізші» деп өтініш білдірді. Осылайша бұл менің сүйікті ісіме айналып, балаларға арналған күміс әшекейлердің түрлі дизайнын жасай бастадым. Әр дизайнды ойластырмас бұрын қазақтың зергерлік өнері туралы кітаптарды оқып, ақпарат алуға тырыстым. Алғашқы ұстазым – қазақ халқының зергерлік өнері туралы кітаптар сериясының авторы, тарих ғылымдарының докторы Шайзада Тохтабаева. Бұл кісі зергерлік өнерді түбегейлі зерттеген маман.
– Алғашқы ұстазым деп отырсыз, сонда Шайзада Тохтабаевадан дәріс алдыңыз ба?
– Иә мен алдымен Шайзада Жаппарқызының еңбектерімен таныстым. Қазақтың зергерлік өнері туралы кітаптар іздестіру барысында бірден осы кісінің еңбектерін кездестірдім. Өзімен жүздесіп, алға қойған мақсатым мен жоспарымды таныстыру үшін Алматы қаласына іздеп бардым. Ол кісі менің идеямды құптап: «Ниетің жақсы екен, зергерлік өнер – ұрпақтан ұрпаққа берілген қазақтың киелі өнері. Егер аманат ретінде әшекейлер арқылы өскелең ұрпаққа қазақтың тарихын, мәдени құндылықтарын жеткіземін десең қолымнан келгенше көмек берейін, екеуміз жұмыс істеп көрейік», – деп қолдау көрсетті. Міне 4 жыл болды, бір идеяны ту етіп, жұмыс істеп келеміз. Кез-келген топтаманың дизайынын ойлап тауып, жоспарлағанда міндетті түрде Шайзада Жаппарқызымен ақылдасамын. Әрбір әшекейдің семантикалық мәні, мазмұны жағынан ақыл қосып, мәні мен мағынасын зерделеп отырады. Осылайша елімізде тұңғыш рет ұлттық нақыштағы балаларға арналған әшекей бұйымдар жасай бастадық. Ең алғаш осы істі қолға алғанда зергерлерге әшекейлерді тапсырыспен істете бастадым. Бүгінгі балалардың білегі жіңішке болғанымен, саусақтары томпақтау болып келетінін ескеріп, зергерлерге ескертіп, түрлі дизайндағы балаларға арналған әшекейлерді бүгінгі заманға сай етіп жасауды ұсындым.
– Сіз жасаған әшекейлердің дизайнындағы ерекшелік қандай?
– Біздің ең басты ерекшелігіміз – зергерлік бұйымдарды күнделікті қолданысқа енгізу. Тек қана наурыз мейрамы, қыз ұзату, тұсау кесер секілді мерекелік жиындарда ғана емес, қазақтың әрбіз қыз-келіншегі күнделікті тіршілікте пайдаланса. Тіпті дүкенге нан алуға шыққанда қазақ қыздарының құлағында қазақи сырға болса деген арманым бар. Әрине, біз бүгінгі әйел бейнесі мен бұрынғы дәуірде өмір сүрген әйелдермен салыстыра алмаймыз. Себебі бүгін әйелдер тек қана үй тіршілігіне ғана қарап отырған жандар емес, оларда қозғалыс көп. Отбасы, бала тәрбиесі, қызмет, бизнес, көлік жүргізу секілді айта берсе көп. Мысалы, күмістен соғылған ауыр бесбілезікті көлік жүргізу барысында кию ыңғайсыз. Сондықтан біз, «Береке» топтамасын жоспарлағанда білезіктің енін сәл кішірейтіп, бесбілезіктің тек біреуін қалдыруды жөн санадық.
Ал, балаларға арналған әшекейлерді алар болсақ, «Махаббат күші» деген топтама бар. Балалар жүректі өте жақсы көреді, аталмыш топтаманың формасын жүрек іспеттес етіп жасадық. Бұрын да қазақтың зергерлік өнерінде бұл жүрек формасы болған екен. Оны көпшілік біле бермейтін де шығар. Жүректің мағынасы махаббат символын айшықтайды. Қазақ халқының түсінігінше әрбір түстің өз мән-мағынасы бар. Сондықтан біздің бұйымдарымызда кездейсоқ тастар жоқ Малахит, көгілдір асыл тас пен маржан қыз баланың айқын көркін ерекше көрсетеді. Көгілдір ақық (бирюза)- аспан әлемін меңзейді, әйелдің өзіне тән табиғи ерекшелігін айқындайды, көпшіліктің көзін тартады Маржан (коррал) - оттың, күннің символы. Тіл-көзден, дуалаудан сақтайды, сонымен қатар, өмірлік игілікке әкеледі, бұл сансыз дені сау ұрпақ үшін өте маңызды. Балалардың бас киімдеріне тігілетін маржандар өз түсімен баланы жауыз күштерден қорғап отырған. Әлемдегі халықтардың көбіне тән қызыл түстің қорғаушы қасиеті от күшін елестеумен негізделеді, отқа табыну барлық жерде бар екені мәлім. Мәселен, осы топтамадағы сырғаның төменгі жағы дақылдар түрінде жасалған. Қазақтардың түсінігі бойынша дақылдар мен дәндердің бейнелері дені сау ұрпақты, өсуді білдіреді.
– Бүгінгі таңда елімізде зергерлер көп. Солардың арасында «Мынау Аминаның әшекейі ғой» деп ерекшеленетін, бірден сіздің қолтаңбаңызды аңғартып тұратын элемент бар ма?
– Әминаның қиялынан туған зергерлік бұйымдардың ерекшелігі – әшекейлердің топтама етіліп жасалуында. Мәселен, «Береке» топтамасын көрген адам бірден менің қолтаңбамды аңғаруы мүмкін. Мен оны қалай дәлелдей аламын? Бүгінгі таңда біздің топтамалардың үлгісін өзге де зергерлер жасай бастады. Бізде мысалға Инстаграм желісінде үш парақшамыз бар, сонда Аминаның қолынан шыққан барлық әшекей түрлері тұр. Парақшада әшекей таққан менің қолымның суреті де бар. Өзге зергерлер инстаграмнан менің қолымды түсіріп алып, біз де дәл осындай бұйымдарды жасаймыз деп жарнамалап жатады. Яғни идея ұрланып отыр. Алайда, мен бұл әрекетке қарсы емеспін. Керісінше қуанамын. Егер менің идеям басқа зергерлерге ұнайтын болса, бұл тамаша ғой. Біріншіден, ел арасында зергерлік өнерді дамытуға септігін тигізеді, ұлттық стильдегі әшекейлер көптеп жасала бастаса халық арасына көбірек тарайды, әрі көпшілікке қолжетімді болады деген сөз. Сол себепті, ешқандай қарсылығым жоқ. Менің басты ойым – сапа, егер олар менің авторлығыммен өмірге келген идеяны жүзеге асырып, оны сапалы етіп жасаса мен тек алғыс айтып, «мықтысыңдар» деп айтар едім. «Менің идеям сіздерге қосымша нан беріп жатса мен тек қуаныштымын» деп айтар едім. Ал, егер сапасы төмен болып жатса, әрине өкінішті.
«Мынау Аминаның қолтаңбасы» дейтіндей бізде «Айя» жүзігі бар. Шетелде Айя Шалқар есімді атақты модель қазақ қызы тұрады. Ол инстаграм парақшасында өте танымал тұлға. Оның сан мыңдаған оқырмандары бар. Біздің тұтынушыларымыздың бірі аталмыш «Айя» жүзігін сатып алып, Айя Шалқарға сыйға тартыпты. Айя жүзіктің суретін инста парақшаға жүктеген, сол сәттен бастап жаңағы жүзік өте танымал бұйым болып, хит сатылымға ие болды. Сол себепті біз осы жүзікті Айяның құрметіне атадық.
– Дизайын барысында қандай мәселеге мән бересіз?
– Мен жасайтын зергерлік бұйымдардың негізгі мағынасы қарым-қатынасқа құрылатындықтан адамдардың арасындағы жылу, сезім, махаббат секілді ұғымдарға көбірек мән беремін. Әке мен ана, ана мен қызы, әпкесі мен сіңілісі, жеңгесі мен қайын сіңілісі деген секілді.
Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Көктем шуағы» атты салтанатты кездесуіне қоғамдағы белсенді қызметімен танымал болған шығармашылық және мемлекеттік қызметтегі әйелдер мен еліміздің дамуына зор үлес қосқан қажырлы еңбегі сіңген жұмысшы әйелдер шақырылды. Мемлекет басшысы сол кездесуге келген 30 әйелге біздің зергерлік бұйымдарымызды сыйға тартты. Сол секілді «Түріквижн-2014» байқауында жеңімпаз атанған Жанар Дұғаловаға да «Amina jewels» брендінің топтамасы тарту етілді.
– Амина, сіздің зергерлік бұйымдарыңыздың арасында «Әйел қасиеті» деген әдемі сырға бар. Сол сырғаны неге солай атадыңыз?
– Негізі мен әрбір топтаманы жоспарлағанда алдымен сол әшекейді тағатын әйелдің бейнесін көзалдыма елестетемін. Оны қандай әйел киеді екен деп ойланамын. «Әйел қасиетінің» дизайынын ойластыру барысында осы сырғаның өн бойында нағыз қазақ әйелінің пайым-парасаты, ақылы мен келбеті, қазақи болмысы, көркін айшықтап тұрса деген идея болды. Осы үлгідегі сырғаны ұрпақ тәрбиелеп отырған қазақ әйелі, от анасы, шаруаға пысық, отбасына береке сыйлап қана қоймай, қызметте де белгілі бір жетістіктерге жеткен қазақ келіншектері кисе нағыз әйел келбетін аша түсер еді деп жоспарладым. Бұл сырғаның ерекшелгі – кез-келген киім үлгісіне жараса кететіндігінде, ол бизнес саласы, бәлкім білім саласындағы ұстазға ма, әлде үйдегі ана бейнесіне, жас қыз бәріне келе беретіндігінде. Бұл сырғаға көгілдір ақық тасы мен інжу тастарын қолдандық. Кейін осы «Әйел қасиеті» деген сырға жалғыз болмасын деп өңір жиек, бесбілезікті жасадық. Сатылымның хитына айналған өнімдердің ішінде осы «Әйел қасиеті» сырғалары сосын «Береке» топтамасы, «Айя» жүзігі, «Махаббат күші» топтамасы бар. Аталмыш әшекейлер тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие.
– Күмісті қайдан аласыздар?
– Күміс қазақстандық, банктен аламыз.
–Әшекей бұйымдарыңызға қызығатын тұрақты тұтынушыларыңыздың ішінде шет ел азаматтары бар ма?
–Әрине бар. Еуропа, АҚШ, Дубайда тұратын қазақтар, Түркияда тұратын сондай-ақ Ресей қазақтары және орыс ұлтының өкілдері де алады. Мысалы, Түркияда тұратын қазақтар бесбілезікке көп тапсырыс береді. Бірде мен олардан сұрадым: «Сіздер нағыз зергерлердің елінде тұрасыздар, неге түрік зергерлеріне тапсырыс бермейсіздер, бұл сіздерге әлдеқайда арзанға түсер еді» десем, «Жоқ олар сіздердей әдемі етіп жасай алмайды, себебі әрбір әшекейдің тарихи мәні мен мазмұнынан еш хабары жоқ. Бұл – бабалардан мирас болған қазақтың ұлттық құндылығы, бай мұрасы. Сол себепті бұл бұйымдарды жасау барысында оның әдемілігін сезініп қана қоймай, қазақ өнерінің ерекшелігін жеткізе білетін адам жасаса деген ниет бар», – деп айтқан еді.
– Әшекей бұйымдардың бағасы қолжетімді ме?
– Біздегі әшекей бұйымдардың бағасы екінің біріне қолжетімді деп айта алмаймын. Осы мәселені ескеріп, соңғы уақыттарда қолжетімді металдан жасалған әшекейлерді(бижутерия) өндіре бастадық. Түйреуіштер, бесбілезік, сырғалар, жүзіктер жасадық.
–Сіз түрлі көрмелер ұйымдастырады деп естідім. Тоқталып өтсеңіз.
–Менің мақсатым – коммерциялық бағытты ұстанудан гөрі, халыққа насихат жасау, қазақтың зергерлік бұйымын таныстырып, оның мән-мағынасын түсіндіру. Былтыр біз «Күміс шашбау» көрмесін өткіздік. Ондағы мақсат – шашбау, шолпы, шаштеңгелерді насихаттау. Осы жылы Дубайда «Ұрпақпен асыл байланыс» атты жеке көрмемізді ұйымдастырдық. Австрияда көрме өткіздік. Одан өзге елімізде өтетін зергерлік бұйымдар тақырыбына арналған түрлі көрмелерге қатысып тұрамыз.
– Сіз өзіңіздің зергерлік бұйымдарыңыз арқылы қазақ халқына тән қандай ерекшеліктерді көрсеткіңіз келеді?
– Менің мақсатым – қазақ әйелдерінің бейнесін, ажарын көрсету. Тарихи мәліметтерге жүгінсек, бұрынғы қазақ әйелдері тек отбасылық құндылықтарды ғана сақтап қоймай, аттың жалында ойнаған, сырттың жұмысына да пысық болған. Сонымен қоса көп бала туып, отбасының берекесі бола білген. Бүгінгі әйелдердің келбеті – атқа мініп, сырттың шаруасын істемес де бизнесте үлкен жетістіктерге жетіп, ғылым жолын қуған, бірнеше шет тілін меңгеріп, баланы да туып, түрлі салада өздерін жақсы жағынан көрсете білетін белсенді қоғамда өмір сүріп жатыр. Сондықтан да біз жасайтын бұйымдар бүгінгі фэшн, бүгінгі трендке сай жасалып отыр. Және тағы қайталап айтам менің мақсатым – зергерлік бұйымдарды күнделікті қолданысқа енгізу.
– Әңгімеңізге рахмет, ұлтымыздың баға жетпес байлығы, мол мәдени мұрасын дәріптеуден шаршамаңыздар! Істеріңіз алға бассын!
Сұхбаттасқан Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ
Суреттердің авторы Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ