"ZEREK-2": Енді қала сыртындағы тасжолдарда жылдамдық режимі тексеріледі

23 Тамыз 2023, 16:27 1448

Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бақылауды күшейту мақсатында ІІМ Автомобиль жолдары комитетімен және “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-мен бірлесіп, белгіленген жылдамдық режимін асырған автокөліктерді тіркеу үшін қала сыртындағы жолдарда камераларды пайдалану жөніндегі жүйені іске асырды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

33 “ZEREK-2” бағдарламалық-аппараттық кешені әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі жүйесімен интеграцияланған, яғни нұсқамаларды құқықбұзушыларға жіберу автоматты режимде жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі таңда “ZEREK-2” Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Қонаев – Талдықорған және Астана – Павлодар автожолдарында жұмыс атқаруға дайын. Осындай бағдарламалық кешен Көкшетау – Астана тасжолында бұрын іске қосылған болатын және жолдағы құқық бұзушылықтарды тіркеуде жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Жеті айда еліміздің жолдарында жеті мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 1200-ден астам адам қаза тауып, 8500-ге жуық адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Оның ішінде жылдамдық режимін сақтамау салдарынан қала сыртындағы трассаларда 730 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 300-ден астам адам қаза тауып, 1200-ден астам адам зардап шекті.

Жоғарыда аталған жолдарда 25 тамыз сағат 00:00-ден бастап “ZEREK-2” кешені штаттық режимде жұмыс атқаратын болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық жүргізушілерден жылдамдық режимін және автокөліктер арасындағы қашықтықты сақтауды сұраймыз. Сіздің өміріңізден маңызды ештеңе жоқ! – деді Ақтоты Боранова.


Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: