«Зерделі ойдың зергері»

24 Тамыз 2020, 14:49 4928

Публицист Жылқыбай Жағыпарұлының шығармашылық жолы

Жылқыбай Жағыпарұлы – қиыншылықты да, баршылықты да, жоқшылықты да бастан кешіп, өмір мектебінің сынағынан өткен тәжірибелі публицист. Сондықтан да болар, оны тағдыр тәлкегіне ұшыраған, басына ауыр қайғы түскен жандар тағдыры ойландырады. Автор олар туралы жазғанда да, сол кездегі жағдайдың әлеуметтік-драмалық астарына үңіліп, оның адамдар сана сезіміне, көңіл-күйіне, рухани жан-дүниесіне, реалдық болмыс-бітіміне әсер етер ықпалының қандай болатындығын оқырмандардың көз алдына әкеледі.


Иә, осындай қаламы қарымды публицистке бүгінгі мақаламызды арнамақпыз. Жылқыбай Жағыпарұлы 1954 жылы Қарағанды облысындағы Қарқаралының қасиетті жерінде дүние есігін ашты. Ол Абай атындағы пединституттың тарих факультетін тәмамдаған. Қарымды қаламгер өзінің алғашқы қызметтегі баспалдағын 1977 жылы аймақтық «Арқа ажары» газетінде әдеби қызметкер ретінде бастады. Талапты жас өз ортасында қалам ұстап сөз толғау қабілетімен таныла бастайды. Кейіннен аталған газетте 2005 жылдың ортасына дейін бас көтермей, аянбай тер төгіп, шеф-редактор қызметіне дейін өсу жолынан өтті. 2005-2007 жылдар аралығында «Ел» республикалық тәуелсіз газетінің бас редакторы болып еңбек етті. 2007 жылдан бастап еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» газетінде шолушы болып қызмет атқарады.

Қаламгердің шығармашылық өмір жолын негізінен екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы өзінің Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» газетіне (қазіргі «Арқа ажары» газеті) алғаш қадам басып келуі, соңғысы «Арқа ажарынан» тәжірибелі маман болып қалыптасып, бәйгеге түсер арғымақтай толысып шығып, ғасырға жуық тарихы бар, елдің бас газеті «Егемен Қазақстанға» ойысуы. Жылқыбай Жағыпарұлының журналистік шығармашылығы «Арқа ажары» («Коммунизм нұры») газетінде өтті десек қателеспейміз. 1978 жылы осы газетке қызметке қабылданған публицист белсенді түрде тәуелсіз елдің болашақ тағдырын, мемлекеттің ертеңгі күніне керек тақырыптарды жаза бастады. Мамандығы тарихшы болғандықтан шығар, оның үнемі зерттеп отыратын саласы – тарих, тіл, дін, діл мәселелері.

Жылқыбай Жағыпарұлы – еліне, халқына, жұртына, Отанына шексіз берілген жан. Сол жолда аянбай еңбек етіп, тер төккен, оны қызметтік міндет ретінде емес, перзенттік парыз тұрғысынан түсінген, сол жолда қызмет жасаған азамат. Ол бұны мақтанға бола, атақ алып, абырой жинау мақсатында жасаған жоқ. Елдік рухтың азайып қалғандығын, өзінің елінде, өзінің даласында тұрса да, төмендеп, басқалардың озып алға шығып кеткендігін көргенде, қаламгерді елдік намысы қамшылап оятты. Осылайша елінің алдындағы азаматтық борышын адал атқарды. Публицистің шығармашылық, журналистік дарыны мен қабілеті сан қырлы. Оның сан қырлы суреттеме, мақала, очерк, публицистика жанрында жазылған туындылары әрдайым көпшілік көңілінен шығып келеді. Сонау бір жетпісінші, сексенінші жылдары жеті пайыз ғана қазағы бар Ақмола қаласында ұлттық дәстүр, туған тіліміз бен діліміздің проблемалары өте күрделі еді. Тоталитарлық кеңес жүйесінің қатал қыспағына қарамастан сол кезеңдегі ат төбеліндей ақмолалық қазақ азаматтарының ұлттық рухы асқақ болатын. Туған топырағында өгейлік күйін кешкен ұлттық болмыстың ащы қасіретін ашына жазған Ж.Жағыпарұлының «Уа, ағайын!», «Дат, халқым!» деп басталатын публицистикалық толғаулары Арқа өңіріндегі ұлтжанды оқырманның намысын қайрап, рухын көтеруде игі ықпал жасады.

Қаламгер Жылқыбай Жағыпарұлы тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы айтулы оқиғаларға жалынды үн қосқан, өзінің азаматтық ұстанымын батыл айта білген қаламгер ретінде танылды. Ол осынау уақыт ішінде «Арқа ажары» газетінде кіші әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі бас редактордың орынбасары ретіндегі шығармашылық еңбек жолынан өтті. Тұжырымдайтын болсақ, публицист Жылқыбай Жағыпарұлының «Арқа ажары» газетіндегі журналистік еңбектерінен қаламына қай тақырыпты арқау етпесін, сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайдың өзекті мәселелерін батыл көтере білгенін аңғарамыз. Сөз зергерінің «Арқа ажары» газетінде журналист қызметінде жүріп (1978-1991), ана тілінің абыройын қорғаймын деп, шырылдап, бар жан-тәнімен осы мәселені көптеп қаузады. Ол бұл газетте жұмыс істегенде, хабардан бастап, бас мақалаға дейін жазды. Газет қызметкерлерінің шеберлігі хабар жазудан басталады. Жарты беттік хабардың өзін жанды суреттеп, ерекше көзқараспен, күтпеген түйінмен оқырман жұтатындай қылып жазып шығуға да мүмкіндік бар. Басылым мақалаларының көлемдісі я болмаса шағыны болмайды.

Көсемсөзші «Арқа ажары» басылымында бас редактордың орынбасары болған уақытта басылым өмірдің барлық салаларына араласқан. Редактор редакция қызметкерлерінен күн сайын жаңа, ешкім әлі жазбаған тың тақырыпқа материал ұсынуды сұрайды екен. Сөйтіп олардың таңдаулыларын ғана іріктеп, газетке жариялап отырған. Редакция жұмысының сан салалығын «Тәлім-тәрбие тақырыбы», «Кино», «Театр», «Экономика белесі», «Ауыл жайы» деген сияқты газет айдарларын-ақ байқауға болады. Жалпы, газет-журналдарды безендіру ісі ұсақ-түйек іс емес. Мұны тәжірибелі журналист және редактор Жылқыбай Жағыпарұлы да жақсы түсінген. Газет тек қана шаруашылық мәселелерін, үкіметтің қаулы-жарлықтарын ғана жазып, мәдениетке, әдебиетке, өмірдегі басқа да қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлмесе, жұтаң болып шығатыны кімге де болса аян. Редактор батыл болса, оның ұжымы шығаратын басылым да батыл. Ж.Жағыпаровтың жан-жақты редактор болғанын жоғарыда келтірілген мысалдардан да байқап, білу қиын емес.

Жылқыбай Жағыпарұлы алғаш журналистік жолын заметка, мақала, суреттеме, корреспонденциялар жазудан бастағанмен, оның негізгі жанры мақала мен очерктер болды. Оның бойына әке қанымен, ана сүтімен дарыған табиғи таланты бірден байқалады. Тіпті болашақ публицист бұл материалдарын қалам қарымын ұштап, ой-қиялын жетілдіре түсу үшін жазғандай. Әйтпесе, облыстық газет өз қызметкерлерінен мұндай көркемдік талап етпейтіні белгілі. Ол өзі үшін, өз болашағы үшін талмай ізденіп, көп оқып, жазғандарын әдіптеп, әрлеп, кейде өлеңмен, мақалмен көмкеріп, өрнектеп, жұмырлай түскен. Нені жазса да суреттеп, талғап, талдап жазуға ұмтылған. Публицистің «Арқа ажары» газетінде жарияланған материалдары оның қаламгерлік қабілетін көрсетеді. Әрбір дүниесінен уақыттың ізі, қырық жылдық қаламгерлік қызметінің белгі-бедерлері айқын аңғарылады.    

Ұлттың нәрі, жаны, қаны, бар болмысы болмасы ұлттық қасиет – тілі, ойлау қабілеті, тәрбие, салт-дәстүр, психология арқылы қалыптасады. Бұл ұғымдарды бір-бірінен ажыратуға болмайды, олар біріккенде ғана діттеген мақсатқа жеткізеді. Кеңес үкіметі кезінде осының бәріне тыйым салынды. Оған редактор-журналист Жағыпарұлы Жылқыбайдың басынан өткен жайдың өзі куә болып тұрған жоқ па?! Ойлау қабілетінің сыртқы көрсеткіші – тіл екені кімге де болса аян. Одан айырылған халық мәңгүрт болмағанда қайтеді?! Газетте қаламгердің ұлттық тіл, салт-дәстүр жайында үздіксіз ашына0жазуының себебі де осында еді.

Публицист өзінің жазатын мақаласын бастамас бұрын қандай мәселе туралы қозғайтынын жазады да, оқиға немесе проблеманы дамытып, өмірдің өзінен алынған көптеген нақты деректерді тізіп береді. Ең түйініне келгенде қорытынды ой тастап, я болмаса күрмеуі шешілмеген бір проблеманы көпшіліктің талқысына жібереді, кейбір кезде шақыру, үндеумен де аяқтап жатады. Осының барлығы – Ж.Жағыпарұлының публицистикасын даралап тұратын қасиеттер.

Шынтуайтында, публицистика – ерекше жанр. Оның түп-тамырына үңілетін болсақ, «қоғамдық» деген сөзіне тікелей қатысы бар. В.Даль өзінің «Түсіндірме сөздігі» кітабында публицист деген сөзге мынадай анықтама берген: «Публицист – қоғамның жалпы мселелерін шешетін газет-журнал жазушысы».


Ж.Жағыпарұлының шығармашылығы әлеуметтік, қоғамдық, саяси маңызы бар бүгінгінің көкейтесті проблемаларын қозғап, көпшілік қауымға өз кезеңінің негізгі міндеттерін аңғартып, әлеуметтік оқиғалар мен мәселелердің қыр-сырын сипаттап ашып береді. Әлеуметтік мәселелерді өз дәуірінің саясатымен, өзінің көзқарасымен байланыстыра отырып, қоғамдық проблемаларды өмірмен, тәжірибелермен ұштастырып баяндап береді. Нақтылап айтар болсақ, Ж.Жағыпарұлы қоғам тынысын аша білді. Публицистің әрбір мақаласы дерекке негізделген, шынайы, оларда сыни бағыттылық басым. Ел арасындағы кез-келген мәселені ашық түрде жариялай білді. Сөз зергерінің дәл осы ерекшелігі оны басқаларынан ерекшелей түсті. Мақала жазудағы, мәселе көтерудегі батылдығы Ж.Жағыпарұлын журналистика саласындағы әріптес журналистерден жоғары сатыға көтерді.

Жылқыбай Жағыпарұлының өте саяси сауатты шолушы екендігі белгілі. Әр саяси шолу мақалаларында қоғамдағы өзекжарды мәселелерді қозғап, оқырман көкейінен шығып келеді. Қазақ халқының егемендікке қол жеткізуі, демократиялық зайырлы даму жолын таңдағаны сөз бостандығының өзекті проблемаларын көтеруіне мүмкіндік беріп, ашық қоғам құруға жол ашты. Сөйтіп ашық қоғамда демократия мен сөз бостандығының басты күші – БАҚ әсер етуші күш болып алдыңғы қатарға жайғасты. Бұрынғы кеңес кезіндегідей әміршіл-әкімшіл жүйе не айтса соның дегенімен жүріп, айтқанына көнетін жұтаң идеологияның қозғаушы күшіне ғана емес, қоғамдық пікір иесіне айналып үлгерді. Осындай жағдайларда саясат, ұлттық сана, ұлт құндылығы, мемлекеттің мүддесі, әлеуметтік, мәдени, рухани саланың қайсында болмасын, қоғамдық пікірге бағына отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының шын мәнісінде «төртінші» билікке айналғанын білеміз. Журналистің шеберлік үлгісі қашан да ешкімге ұқсамайды, өзгеше көрінеді. Бұл журналистің творчестволық стильдік даралығынан көрініс табады. Сыншы П.А.Вяземский шындық халықтың арасына әбден сіңісті болу үшін жайма-шуақ кезінде кемінде отыз жыл уақыт керек екенін айтады. Осы аралықта ол санада жаңғырып, селқостар мен енжарларды ұйқыдан оятады, бойкүйездерді сілкілейді. Қалай болғанда да екі түрлі пікірдің қатар тууы, бәрібір ақиқатқа жақын пікірді алып шығатынын жазған. Бұл жазған сөзі қазір де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Қазіргі ақиқаттың өзі де, міне, осы оймен астасып жатқандай. Саяси жүйедегі әрқилы айтыс-тартыстар, экономикалық және әлеуметтік құрылымдардың тұрақсыздығы себепші болады. Ал екі жақты айтыс-тартыстан тізбелеп, шындықты суыртпақтап алу да оңай емес.

Ж.Жағыпарұлының шығармашылығын бақылап, сараптай отырып, оның көптеп қолданған жанрлары мақала, корреспонденция, очерк екенін байқады. Сонымен қатар қарапайым заметкадан бастап репортаж, сұхбат, рецензия, есеп т.б журналистикадағы әр түрлі жанрларда оның көптеген матариалдары жарыққа шықты.

Қашан да қаламы қарымды қаламгерлердің кез-келген жанрда жазатыны, оны артынан ерген ізбасарларына да дәл осылай істеуді аманат етіп, өсиет қалдыратыны бесенеден белгілі. Журналистің сондағы мақсаты оқырман қауымға ерекше әсер қалдыру болатын. Жанрды таңдау барысында орылымдық (гибкость) бағыттың өзектілігін айта кету керек. Өйткені мұнда екі түрлі ықпалдылықтың болатынын ұмытпаған жөн. Ең алдымен, қалың көпшіліктің рухани сұранысы мен ұсынысы, ақпаратты таңдауға деген қажеттілігі, саяси мәдениет деңгейінің өскені болып отыр. Келесі ықпалдылық мерзімді баспасөз бен ақпарат құралдарының саны артып, жарияланымның сапасы анағұрлым биік деңгейге жетті. Оқырман қауымның ақпаратпен байланысы бір-біріне қарама-қарсы екі әрекеттен тұратыны белгілі. Тақырыптардың мазмұнын толығымен игеріп, қамту үшін зерттеудің бар екені, сонымен қатар материалдардың тұтас идеясын ұғыну үшін шолудың бар екендігі мәлім. Жанрды таңдау кезінде осындай ерекшеліктермен санасуға міндеттіміз. Қазіргі заман журналистикасының кез-келген жанрына қойылған басты талап – көлемі жағынан неғұрлым шағын, мол мағлұмат қамтылған, тың дерек бере алатын, суреттеу, баяндау, бейнелеу элементін өз орнымен қолдана алатын, қорытынды жасай алатын, нақты мәселелерді көтеретін, «түсі түстеліп, аты аталған» нысанның бар болуы.

Қаламгер Жылқыбай Жағыпарұлының публицистикасында жанрдың кез-келген түрлері қамтылған. Оның «Ботыш қарттың аманаты» деген очеркінде соғыс және еңбек ардагері Ботыш Рахымұлының кім екенін және оның қандай ерлік жасағанын қысқа әрі жеңіл тілмен жеткізеді. Қарияның қандай азапты ғұмыр кешіп, сұрапыл соғыста жан аямай, елін, жерін қорғағаны туралы айтылады. Қасетті де қасіретті халқымыздың басынан өткерген небір зауалды зобалаңдарын көзімен көрген, мойнымен көтерген, сол бір заман зобалаңдарында құрбан болған қандастарымыздың ауыр тағдырының ақиқатын бізге айтып беруі үшін уақыттың өзі әдейі аманат етіп қалдырған абыз ақсақалдың он екі сүйегі өз босағасынан шықпаса, тірілердің алдында да, өлілердің алдында да өкініші кетпес. Ғұмыр бойы қатал тағдыр тауқыметін тартып, қартайған шағында айықпас дерттің ауыр азабымен ұзақ алысып жатса да санасы сау абыз ақсақалдың осы бір жан айқайын қаламгер оқырманға шебер жеткізген.         

Ж.Жағыпарұлы очерктерінде тамаша еңбек адамдарының, елдің азаттығы жолында күрескен қайраткерлер мен батырлардың шын мәніндегі патриот адамдардың, өндіріс үздіктерінің, малшылардың, диқандардың, ғалымдардың, шаруашылық басшыларының өнегелі образдары жасалған. Еңбексүйгіштік дәріптеліп, ол көпке үлгі-өнеге ретінде алға тартылады. Бұл сөзімізге оның «Құлыптасы қойылмаған есімдер», «Жазықсыз атылғандар», «Мақташылар» очерктері дәлел.

Публицист Ж.Жағыпарұлының баспасөзде жарияланған осы тақылеттес көптеген мақалалары бар. Олардың барлығы белгілі бір фактіге, оқиғаға құрылған, арнайы әлеуметтік мәселені, қоғамдағы маңызды проблемаларды көтереді. Мысалы, «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалай түсінеміз?», «Отандық құрылыс сапасы қандай?», «Қара Ертіс қасіреті», «Алпаттар аранын ашты», «Қауіпсіздік қамы» және т.б.

Творчество – қоғамдық тарихи мән-маңызға ие, жаңалық ашуға ұмтылатын адамның іс-әрекеті. Сонымен қатар адамдардың тіршілік шындығында – өзін-өзі дамытуға, тануға ұмтылып, іздене білуі. Өмірдегі жолын табу үшін адамдар дұрыс ой-пікір тұжырымдап, өздігінен сапасы бар, дәлелі бар шешімдерді қабылдауға үйреніп, шындықты шынайы, фактілерді дәлелді іздеуге өз-өзін дайындай отырып, жол табуға ізденуі тиіс. Бұл үшін бітім-болмысына өзі жәрдемдесіп, қабілет-қарымын дамытып, маңыздылығы жоғары мақсат-міндетке білімінің, рухани күш-қуатының нәтижесінде жетуге бар күш-жігерін салғаны дұрыс. Өздігінен әдеби творчестволық бағыттағы еңбектерді сараптап, қандай да бір тақырыпқа очерк, мақала, сараптама жаза білуі керек. Өмірді басқаша ойлап, түсінуге, жаңа технологиялар мен техникалардың маңызын кеңінен ұғынып білуге жол ашады.

Қасаң, жауыр болған тақырыпты емес, түйткілді және ерекше, тың, оқырман қауымның санасын мазалап жүрген нәрсені тура тауып, тақырып таңдай білген публицист қашан да жеңіске жетеді.

Шындық пен факт. Шындықты жеткізу, кемшіліктерді сынап, оларды тізіп шығу журналист өкілдерінің негізгі мақсаттары болғандықтан, қашан да фактіге жүгініп, шындықты бұрмаламай дұрыс жеткізуі керек. БАҚ өкілдері қоғамдық пікір туындатып, оларды қалыптастырушы болғандықтан, шындықтан алшақтамағандары жөн. Заманның шындығын тура көрсетуші ретінде журналистер дәуір мен уақыттың талабынан шыға білуі керек.

Қаламгер өз шығармашылығында мазмұнды, құнды, әлеуметтік салмақты қорытындылар жасау мақсатында фактіге сүйенеді. «Факт» сөзінің өзі ақиқатында болған оқиғаны, құбылысты шын мәнісінде, сондай-ақ өмір жолында болған мәліметтер ретінде түсінеміз. Көркем әдебиетте образсыз ешбір шығарма болмайтыны секілді, публицистикада фактісіз ешнәрсе болмайды. Сол себепті де БАҚ өкілдері фактілерді жинақтауда, тіршілік құбылыстарын зерттеуде шыншыл бола отырып, фактінің маңыздылығы мен керек тұсын, орын алу себебін айқындауы шарт. Журналистің шеберлігі дегеніміз – үнемі жақсы жазу, тіршілікті үңіле зерттеп, жетік бейнелеп көрсету.

Бүгінгі заман жағдайында, яғни тасқа басылып жазылған сөз құдіретінің оқырманға ықпал ету жағынан қарастырғанда, көптеген түрлі мәселелердің бірге тіршілік етуі – заңды құбылыс. Есесіне осы жағдай әр газет-журналдың ақпарат айдынындағы тәуелсіз рөлі мен орнын тура айқындап алуға ықпалын тигізуде. Түптеп келгенде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамнан бөлек өмір сүре алмайтындығы – ақиқат. Қоғамымыздағы ақпарат ұйымдарының қағидасы мен қызметі осы қоғам ішінде қалыптасып отыратын қандай да бір мәдени-әлеуметтік, саяси-экономикалық құбылыстар мен жағдайлар шеңберінен шығып отырады. Ал қоғамымыз қозғалысқа түскен бойда сөз өнерінің көсемсөз секілді саласының деңгейі артып, өсетіні – заңды нәрсе. Қоғамға керек пікірлерді оятып, елдік ойларды орнықтырып бекітетін, оқырман қауымды қандай да бір қимыл мен іс-әрекетке үндейтін публицистиканың пәрмені екендігі анық. 

   

Елдің ақпараттық кеңістігін күрделі жарияланымдармен толтырып, қоғамымыздағы саяси-әлеуметтік, экономикалық, танымдық-ағартушылық, т.б. әртүрлі салаларды қамтып, көсемсөз атасы атанған А.Байтұрсынұлы атап көрсеткендей «халқымыздың көзі, құлағы мен тілінің» қызметін атқарып жүрген қазақ басылымдарының қазіргі бет-ажары, бейнесі жаман емес, көңіл көншітеді. Қай заманда, қай қоғамда болса да, баспасөздің басты міндеттерінің – өз дәуірінің талап мұқтаждарын ашып көрсету арқылы оның ішкі мән-мағынасын танып, білуге, сөйтіп дәуірінің көкейкесті мәселелерін шешуге көмектескені мәлім.

Публицистика қашан да сол кезеңдегі ең өзекті мәселелерге үн қатуы керек. Мұндайда публицист өз ойын газет бетінде жариялап салады. Өз пікірін батыл білдіріп қана қоймайды, өз ұсыыстарын айтумен бірге басқа да азаматтарды маңызды бір мәселе төңірегінде толғануға шақырады.  

Журналист өзіміз ішінде жүретін күнделікті тіршілікті айрықша бейнеде, басқаша суретпен жеткізу үшін бар күш-жігерін салады. Бұл үшін Ж.Жағыпарұлы өтпелі өзгермелі өмірдің жеңіл соқпағын емес, өзін әуреге салатын, қинайтын ауыр жолын таңдап жүреді. Шеберлігі жоғары публицист болып Жылқыбай Жағыпарұлы өмір құбылыстарының ащы ақиқатын қопарып, олардың арасынан ескерусіз қалған ерекше қмір кейіпкерін іздеп табады. Осындай тауқыметі мол тағдырда тұла бойынан жақсылық пен мейірімдіктің исі аңқитын адамдардың тіршілігін қарымды қаламгер боямасыз суреттей отырып, біріншіден, оқырман қауымның көркемдік сұранысын қанағаттандырады. Айналамызда жүретін, алайда елеусіз қалатын жақсылардың үнін және сезім суретін көрсертуде сөз зергері жасампаздық әрекетке бой алдырмайды. Халықтың назарын аудару мақсатында дүр сілкіндірер жаңалықтар мен ақапараттарды санамалап тізбейді. Ж.Жағыпарұлының материалдарының ешкімге ұқсамайтындығын оның ажарын кіргізіп тұрған айшықты сөздерінде ғана емес, қанша көлемді болса да еш жалықтырмайтын қарапайым тілі мен тартымды мазмұнында деп түсіну керек. Қалың оқырман қауымның сұранысын қанағаттандыру – қиынның қиыны. Көптің қырағы көзі мен сергек зердесі ешнәрсені қалтарыста қалдырмайды. Кімнің кім екенін асыл айнаға түсіргендей айқын таниды. Рас, қатал таниды. Бірақ әділ бағалайды.

Жылқыбай Жағыпарұлы мақалаға арқау болар өмірлік объекті немесе оқиғаның маңызды, мәнді әрі сырлы бояуы олардың қоғамдық-әлеуметтік өзектілігін арттыруымен қатар, сондай-ақ заманның ащы ақиқатын көрсетіп беруде зейінділік танытуымен де ерекше.   

Бұқаралық ақпарат құралдары экономикадан бастап экологияға дейінгі, спорттан отбасылық мәселелерге дейінгі барлық әлеуметтік үрдістерге кіріседі. Бұрын кеңестік кезеңде журналистикада қозғалмайтын бар болса, бүгінгі заманауи талаптар бойынша ақпарат шекаралары өзінің ашық жүйелілігімен ерекшеленіп жүр. Бұған Интернеттің қосылуы да өз әсерін тигізді.

Қаламгер көтерген проблемалардың ішінде экология мәселесі де жоқ емес. Оның ішінде Каспий, Арал, Балқаш көлдері мәселелері публицисті ерекше толғандырады. Оған дәлел ретінде «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 20 қазандағы санында жарияланған журналистің «Балқаш қасіреті» деген мақаласын мысал етіп келтіруге болады. Автордың экологиялық жанайқайын жеткізетін мақалада Балқаш көлі Арал теңізінің кебі кие ме деген алаңдаушылығы расымен де ауқымды шаралар қолдануды ескерткендей. Шеберлігі шектеусіз табиғат Балқаш көліне таңғажайып ерекшелік берген. Бір көлдің көлеміне тұщы және ащы суды сиғызып, керемет құдірет танытқан. Осы бір құдіреті мол Балқаштың бүгінде қасірет шегіп отырғаны жасырын емес.

«Балқаш көлінің суы тартылуын тоқтата алмайтын болсақ, оның соңы неге апарады? «Табиғат» экологиялық ұйымы мамандарының айтуынша, Балқаштың бұл жағдайы Арал кесапатынан да асып түседі. Бүгінде Балқаш-Іле алабында халықтың жиырма бес пайыздан астамы өмір сүреді. Еліміздің ең үлкен мегаполистерінің бірі Алматы шаһары да бұл өңірде орналасқан. Келешекте Балқаштың суы азайып, айдыны ашылып құрғап қалып жатса көлдің астында жинақталатын тұз Алматы қаласын басып, Алатау таулараның бөктеріне дейін шығады. Мұның соңы Іле Алатауы тауларының мұздықтарын еріте отырып, сел тасқынына ұшыратуы мүмкін. Әзірше осы айтылғандар – «Табиғат» экология ұйымы қызметкерлерінің жорамалы ғана. Алайда Балқаштың кесапаты мұндай жеделдікпен асқынатын болса, ендігі 10-15 жыл ішінде бұлар ащышындыққа айналу қаупі бар. Жаратқан Ие мұндайды көрсетпесін».

Балқашқа төнген қауіпті осылайша жеткізіп, өзінің жанайқайын билік басындағыларға да айтады. Балқаш трагедиясы үшін шырылдаған қаламгердің бұл қадамын батылдық деп бағалауға болады.

Публицистің келесі бір «Тұтынушыны тұншықтырған тариф» деген проблемалық мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінің 2013 жылғы 13 наурызындағы санында жарияланған болатын. Мақалада тәуелсіздік алған жиырма сегіз жыл ішінде бір рет болса да арзандамаған базардың нарқы мен қызмет көрсету саласының тойымсыз тарифін сынға алады. Автор бұл мәселені «бүкіл тұтыну нарығын жаулап алған монополистердің бәсекелестік орта қалыптастыруға қарсы қасақана жасаған қаракетінің кесірі» деп бағалайды. Түйткілі көп мәселедегі шикіліктерге де кеңінен тоқталып өткен. Тұтынушыны тұқырту жолында алыпсатарлықтың небір арсыз амалдарын ойлап табатын монополистердің әрекеттерін әшкере ете отырып, қатаң сынайды.

ХХІ ғасырдың өркениет биігіне батыл қанат қаққан тәуелсіз Қазақстанның 2012 жылғы өзге жетістіктері мен жеңістерін айтпағанның өзінде әлемнің дамыған озық жүз алпыс бір елі мүше Халықаралық көрмелер бюросының аламан бәйгесінде қара үздіріп, Бүкіләлемдік мамандандырылған көрме өткізу құрметін жеңіп алуы төрт құбыласы түгел дамыған елдердің де маңдайына бұйыра бермейтін бақыт еді. Бұл жеңіс – егемен еліміздің дербестік алған кезеңінен кейінгі жылдардағы сындарлы саясаты мен экономикасын, «Қазақстанның кереметі» атыанып үлгерген экономикадағы жетістіктері мен жеңістерін мойындап мақұлдау, төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналған Астананың ашықтығының жеңісі. Иә, Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған Астананың айтулы эстафетасы Дүниежүзілік көрмелер алаңы – ЭКСПО-2017 өте жоғары деңгейде дүркіреп өтті.

«Өркениет өріне ұмтылған адамның сана-сезімі жер бетіне бүкіл ұлттардың жетістіктерін әйгілейтін теңдесіз көрмені берді. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өзінің 160 жылдан астам тарихында өркениет шежіресіне алтын әріптермен жазылған архитектура өнерінің гауһарларын қалдырып кетті. Көрме мұраларының қатарында – Лондон қаласындағы Хрусталь сарайы; Париж төріндегі Эйфель мұнарасы; Париж қаласындағы Александр ІІІ көпірі; Лион вокзалы; Венада орналасқан Ротонда – дүние жүзіндегі ең алып күмбездің астында тұрған павильон; Мельбурнде орналасқан патша көрмесінің павильоны дәл сондай мәңгілік өнер ескерткіштері болып табылады. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрме аймағында әлемдік кереметтердің қатарына жататын ЭССПО мұралары – көрменің символдық нысаны салынатынына сенеміз».

Публицист Жылқыбай Жағыпарұлы қай мәселені көтерсе, оның түп-тамырына үңіліп, кеңінен тоқталады. Мәселені әр қырынан шебер, ұтымды жеткізу – журналистке тән тиімді әдіс. Ол қоғамның әр саласында туындап отырған жаңа өзгерістердің, мәселелердің шешімін табуға тырысты. Өз заманының күрмеуі мол дүниелеріне жауап іздейді. Жылқыбай Жағыпарұлы қоғамның ащы шындығын сол кезеңнің өзінде-ақ тез аңғарып, қаламына арқау етіп, оқырман көңіліндегі жағдаяттардың себеп-салдарына тереңінен үңіле отырып, қарабайыр тіршіліктегі күдігі мол сұрақтарға жауап таба білді.

Адамзаттың ізгі қасиеттерінің бірі әрі бірегейі - сөз өнері. Ол ерте замманнан бүгінгі күнге дейінгі адамның ойы мен ақылының асыл маржаны сөздің құдіретінің нәтижесінде бүгінге жеткен болатын. Тіршілікте орын алған түрлі оқиғаларды, өмірдің әралуан айшықты бояуларын келешек буынға жеткізіп отыратын да сөз. «Қандай да зат төңірегіндегі пікірлерімізді, яғни ой-қиялдарымызды немесе көңіл-күйімізді сөздің көмегімен дұрыстап айтсақ, ол сөз өнеріне жатады. Іштегі пікірлерді, ой-қиялдарды, көңіл-күйді жақсылап қиыстырсақ, сөздің көмегімен сыртқа шығарсақ, бұл сөз шығаруға жатады. Шығарма деген – осындай сөз шығару үлгісі...», – дейді Ахмет Байтұрсынов.

Құдіретті осы өнердің алып тармақтарының бірі – публицистика. Публицистика – көркем әдебиетімізбен қатар туылып, сонымен қатар қалыптасып, өсіп, өркендеп, дамыған творчествоның айрықша саласы. Кешегімізге және бүгінгі күнімізге дербес eлдер биігінен қарайтын бақытқа толы қуанышты күндер туды. Ұлттық публицистика қазақ жұртының өсіп-өркендеу жолындағы жол нұсқаушысы, бағдаршамы деуге болады. Қазақ публицистикасы өнеріне мүмкіндігінше шынайы, еркін қарап, бағалап, парықтауға жол ашылды. Ол мұқтаждықтан болған мүмкіндік, мүмкіндіктен берілген қажеттілік іспеттес. ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ тілі жайлы бір сөзінде: «...Дау-дамайда алмас қылыштай қиып түскен, сезім айдынында қыран құстай қалқитын, ой ойласа балқып, еріп, тұңғиыққа бататын, өміріміздің барлық жағдайында қарудың да, қалқанның да рөлін атқаратын көне, мәңгілік жас боп қалатын жалындап тұрған, ойнақшып тұрған қазақ тілімізден артық бізге бұдан қымбат қандай қазына бар?», – деген екен.

Осы қазақ тілінің қадірі мен қасиетін бойға сіңіре білген ұлттық публицистикамыз еліміз жүріп өткен ұзақ сапардың шежіресіне айналып үлгерді. Халық қиналған кезде демеу болып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтады, намысын оятты, халық қуанса, олармен бірге қуанып, медеу бола білді, жақсы болашаққа жол бастап, небір асулардан асуға үндеді. Осылайша, ұлттық публицистика қазақ халқының бөлінбес рухани байлығы болды. Публицистиканың кереметтігі – белгілі бір кезеңде орын алған қандай да болмасын оқиға, құбылысты еш бүкпесіз көз алдымызға дәл қазір әкеліп беруінде. Сол уақытта қалай, не болды, кім өмір сүрді, олар не істеді деген түрлі сұрақтардардың барлығына публицистикалық материалдардан жауап табамыз. Публицистика – кешегіні бүгінгі күнге, бүгінгі күнді ертеңге жалғайтын ақиқат көпірі.

Публицист Жылқыбай Жағыпарұлының әрбір материалында елдің өркендеуіне, экономикалық дамуына лайықты көңіл бөлінуде. Көсемсөз шебері публицистикасының бір ерекшелігі – оқырман осы уақытқа дейін очерк нысанымен дұрыс таныс болмаса да, материалын оқыған соң ол туралы толыққанды ақпарат алып шығады. Оның публицистикалық туындылары ерекше тұжырым-түйіндерімен құнды. Көбінесе философиялық терең талдаулар негізінде жаңаша ойлар айтылады.

Қаламгер Жылқыбай Жағыпарұлы не жазса да көзін жеткізіп, өмірде болған оқиғаларды суреттейді. Оның кез-келген туындыларынан шынайы өмірдің иісі аңқып тұратыны да сондықтан. Ол өз публицистикасында түйінді ойларын қысқа беруге тырысады. Сөйтіп аз сөзбен көп мағына береді. Кейде кішкентай детальдар арқылы үлкен мәселелерді көтере біледі. Құрғақ ақыл айтып қана қоймай, ойын мақал-мәтелдермен ұштастырып, сөздің дәмін келтіріп отырады. Мысалы, «Өмір-ай, қалтылдаған қайығы бар», «Қарттардың тек қартайған айыбы бар», «Ұрпағыңды көрінгенге көзтүрткі етіп телміртпейтін жалғыз тірек – ұлан-ғайыр туған жер», «Қарыс қадам жерің үшін қасық қанынды қиып, топырағыңды киелі қылдың».

Жағыпарұлы Жылқыбайдың өзіне тән жаңашылдық сипаты - әрбір мақаласының өте көркем тілде жазыла білуінде. Ең басты ерекшелігі қысқа да нұсқа жазып, сөйлемдерін шұбалаңқы қылмай созбауында жатыр. Ешқандай бос тұрған, басы артық сөздерді мақалаларынан кездестіре алмаймыз. Орынсыз қайталанған сөздерді мүлдем таппаймыз. Кез-келген мақаласын тұщынып, тамсанып оқисың. Жағыпарұлы Жылқыбайдың публицистикасы өзіне ғана тән тек ортақ дерліктей сапалық ерекшеліктерінің де кездесетінін айтуға болады. Ол ерекшеліктің қандай да бір ережеге, жазушы қолтаңбасына, стильдік ерекшелікке, белгілі бір амал-әдіске, көркем эстетикалық жүйеге бағынғанын байқауға болады. Негізгі аталған осы қасиеттерге байанысты қаламгердің публицистикасын публицистикалық жанрға, шағармашылық өнерге жатқызатын болсақ, жоғарыда біз келтіріп өткен мақалалар жиынтығы соның дәлелі болмақ.

Ж.Жағыпарұлы публицистикасына ғылыми-теориялық, әдеби, тарихи талдаулар жасалынды. Қаламгер қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуының, публицисттік шеберлігінің шыңдалуына себеп болған, тарихи, экономика, әлеуметтік тақырыптар бағыты кеңінен қарастырылды. Ж.Жағыпарұлының қоғамдық-саяси дүниетанымы мен азаматтық көзқарасының қалыптасуына бірінші экономика мәселесін серік етті. Ж.Жағыпарұлы – өзі өмір сүрген дәуірдің ең күрделі мәселелерін батыл көтерген, қазақ халқының тәуелсіздігін тебірене жазған жалынды журналист. Публицистиканың ең ауқымды түрі болып табылатын мақала жанрына жаңа түр, жаңа үрдіс әкелген тұлға.

Белгілі публицист Жылқыбай Жағыпарұлының журналистік жазбаларының ерекшелік сипаты мыналардан көрініс табады: біріншіден, көркем ойға, әрлі мазмұнға толы, өте бай. Қаламгер сиясы кепкен, жазылып жүндеуі шыққан мәселелерге қарғанда оқырманға қызықты, тағылымы мол, нәрлі ойды жеткізуге бейім. Екіншіден, нақты деректер мен фактілерге жүгінеді. Кез келген жанр болмасын, олардың барлығында деректі, дәлелді пікір айтып, жағдайдың жай-күйін ұғып алып, дәлелденген соң барып өз қорытындысын жасап, тұжырымдайды. Үшіншіден, тілі ғылыми, әрбір сөзі салмақты, тіркестер мен мақалдарды ретімен жұмсайды, сөйлемдері жұп-жұмыр жинақы болып келеді. Оның мақалаларынан әсіреқызыл сөз қуалаудың емес, тұжырымы бар талғамды ой айту шеберлігін байқаймыз. Төртіншіден,тақырыпты аша біледі. Қаламгер экономика, саясат, өнер, басқа да саладағы тақырыптардың идеясы мен мақсатын айтып, жеткізгісі келген дүниелерін оқырман қауымға түсіндіре алуымен ерекше. Бұған публицист көптеген тәсілдер мен әдістерді қолданады. Нәрлі тақырыптың мәнін жоғалтып, дәмін кетіретін «шикі» материал жазатын журналистер болады, сәтсіз таңдалған тақырыптың бағын жандыратын, терең ізденетін, оқырман қауымды таңғалдыратын материал жазатын журналистер кездеседі. Сөз зергерінің қолынан тақырыбы мейлінше зерделенген, қиюы келістірілген өнімді материалдар шығады.

Қаламгер Жылқыбай Жағыпарұлы – үнемі ізденіп, шығармашылық жаңаруға бет бұрған журналист. Көсемсөзші заман көрінісін қасаң түрде бейнелеп, оқиға-құбылыстарды айтып беруші емес, елдің тіршілік, қам-қарекетімен етене араласа отырып, әрбір жағдаятты әр қырынан үңіле зерттеп, танымдық сырын, қоғамдық мәнін терең ашып көрсетуді мұрат тұтады. Сөз зергері өзінің журналистік қырын әрбір мәселеге объективті тұрғыда қарап, шын бағасын бере отырып, кемшілігін дәл көрсете білгендігімен ерекшеленеді. Қоғамда, өндіріс саласында орын алған кемшілікті қаламмен тілгілеп өткендей әсерде қаласың. «Арқа ажары» газетіндегі «Қарттар үйіндегі қаза», «Бодандық бұғауынан бұлқынған күрестерде шыңдалған...», «Бесоба синдромының» салқыны», Жоспарлы жарылысқа жол жоқ» атты мақалалары жеке бір объектідегі кемшіліктер негізінде жазылып, олардың орын алу себептері, салдарлары, жоюдың жолдары көрсетіліп, нақты бір науқандарға, белгілі бір кезеңде қойылып, күн тәртібінде тұрған мәселелерге негізделеді.

Жылқыбай Жағыпарұлы – айрықша стиль деңгейіне шейін өскен қарымды публицистің бірі. Творчестволық адамның жұмысы сайып келгенде, сол адамның адамгершілік бейнесін, тұлғалық ұстанымдарын айқындап береді. Ж.Жағыпарұлының туындылары тіршілігіміздің тұтастай құбылысы есебінде, адамдарды сол киелі жаратылыстың табиғаттың ажырамас бір бөлігі деп қабылдайды. Бұл публицистің нақты бағытын, дүиетанымы мен көзқарасын көрсетеді. Табиғат пен адамның тұжырымында, табиғат – мінсіз әлем ғана емес, сондай-ақ табиғат – әдеміліктің, мәңгілік сәйкестіктің мекендейтін тұрағы, көркемдіктің көрінісі. Публицист әлемді пәлсапалық тұрғыдан тани түседі. Табиғат пен адамның өзара тұтастығын, ажырамас байланысын қоғамның мәселелеріндегі адамдар кейпінен, олардың кіршіксіз сезімдеріне толған мұңды және сырлы жырларына құлақ сала тыңдап, заманның ықпалындағы адамдарға бір мезгіл өткенге қарап, ойлану керектігін ескерткендей.  

Публицист мақалаларында толғаныс пен сан түрлі ойларға толы пәлсапалық сипат көптеп кездеседі. Маңайындағы өзінің кездестіріп жүрген мінез-құлықтар мен әрекеттеріне байланысты қарама-қайшылық пен құпиялылықты әдеби тілмен көркем бейнелі түрде жеткізе білген. Сондықтан қаламгердің әр журналистік шығармасы сөз қадірін тереңнен түсінетін сөз зергері екендігін көрсете түседі. Қоғам өміріндегі әлеуметтік құбылыстар мен оқиғаларды жіті бақылап, заман мен адамның, адам мен заманның арасындағы тылсым байланысқа тереңінен бойлай білетін шебер болды. Публицист қоғамдық өмір мен нақты болмыстың ара-жігін ашып, олардың көлеңкелі тұстарын тереңінен көрсетті. Сөз зергері заманның дертін, адамдардың адасуына себеп болған әлсіз жақтарды дөп басып, өмірдің шынайы көрінісін бейнелі әдіспен көркем деңгейде шебер жеткізеді. Өз заманының көкейкесті проблемаларын жария түрде көрсеткен туындының мақсаты – адамдарды сақтандырып, ғасыр індетінің алдын алу. Қаламгердің өзі жазған публицистикалық туындыларынан қоғамда кездесетін өзімізге ұқсаса да, ұқсамайтын, бізге таныс немесе бөтен өмірдегі кейіпкерлерді кездестіруге болады. Қаламгер өзінің публицистикалық туындыларында қайшылығы көп күнделікті күйбең тіршілікке рухани әлемді қарсы қоя біледі.

Ж.Жағыпарұлының авторлығымен енген газет-журнал материалдарының тақырыптарына көз жүгіртсек, Қазақстан дербес мемлекет атанғанға дейін, яғни тоқсаныншы жылдарға дейін елдің әлеуметтік мәселелеріне аса қызығушылық танытқаны байқалады. Әртүрлі жанрдағы жарияланымдарында журналист қоғамда орын алған теріс әрекеттерге тосқауыл болатындай сөз айта алады. Елдікті нығайту үшін өз ұсыныс-пікірін де жарасымды бере біледі, ілгері қадамдар мен жетістіктерге де барынша қуанып, оқырманға сүйінші ұсынғандай құбылта жеткізеді.

Ол – қазақ журналистикасынан өзіндік сүрлеуін тапқан қаламгер. Оның сан қилы тақырыптардағы көсемсөздерінен эстетикалық таным биігінің жоғарылығы көрінеді. Публицист осындай көркемдік әдістерді, мақаланың маңыздылығын арттыратын элементтерді жиі пайдаланады. Оның нәтижесінде публицист оқырмандардың қызығушылықтары арттырады. Құлаш-құлаш мақалаларды көз жіберіп оқып отыруға уақыттарын қия алмайтын оқырмандар ойларды ойлар жалғайтын материалды қалайша оқып бітіргенін аңғармай қалуы мүмкін. Міне, бұл – публицист Жылқыбай Жағыпарұлын көпшілікке таныстырған, қаламгерлік қабілетін мойындатқан шеберлік бастауларының көрінісі, ерекше арна табуға ұмтылған журналист еңбегінің жемісі.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін саяси тақырыптарға қалам сілтеді. Ішкі-сыртқы саясат мәселелерін жан-жақты сараптап, қоғамдық «Егемен Қазақстан» газетіне талдамалы материалдарын жариялап тұрды.

Журналист Ж.Жағыпарұлы саясат пен экономиканы, әлеуметтік мәселені, әдебиет пен руханиятты ұлттық, әлемдік нақыштармен бедерлей отырып, өзінің қаламгерлік қарымын, журналистік алғырлығын танытты. Күнделікті ақпарат арнасының ағысына көз жібере отырып, ол өткен уақыттың ізінен адасып қалған жоқ. Республикамыздың маңдайалды газеті «Егемен Қазақстанның» тұрақты оқырмандары публицистің танымдық материалдарын тосып жүріп оқитын деңгейге жетті. Публицистің танымдық тақырыптағы ерекше атайтын жазбалары «Толғандырар тақырып» деген айдармен таныс. Ғылыми-танымдық, тағылымдық мәні айрықша «Көкейкесті» айдарындағы әрбір тақырыпқа автор барынша зерделілікпен, ұқыптылықпен, ғылыми тұжырым және пікір білдіру жауапкершілігімен қарайды. Дегенмен, Ж.Жағыпарұлының өз жазу үлгісі, зерттеу аясы, өз стилі бар.

Жылқыбай Жағыпарұлының газет-журнал жарияланымдарына өзіндік қолтаңбасы, стилі қалыптасқанын аңғару қиын емес. Публицист кез келген мәселені ешқашан да төтесінен бастап кетпейді, оқырман қауымның көңілін аудартатын қаратпалар, ерекше мысалдар, т.б. ұзақ уақыт бойында жинаған әдіс-тәсілдерін пайдалануды күнделікті әдетіне айналдырды. Қаламгер елдегі жағдайларды зерттеп, сыртынан сын көзбен қарап, ой елегінен, көңіл таразысынан өткізіп, саясат хақындағы мәселелерді зерделілікпен сараптап отырған. Көсемсөз шебері Қазақстанның саясат соқпақтарында қалдырған ізі, егемендікке қол жеткізудегі қиындықтар, көпшілік біле бермейтін тоқсан бірдің түйткіл мәселелері туралы салмақты сөз айтқан, көптеген деректер келтірген көптеген мақалалары бар. Публицистің мемлекетіміздің тәуелсіздігін алған кезеңдеріндегі өзгермелі саясаттан еліміздің ұтылмауы хақында да жазған, кешегі оқиғалар мен құбылыстарды саналы түрде бағалаған, өзінің ойлары мен байламдары, сенімді тұжырымдары қаламгер публицистикасының маңызын күшейтіп тұр. Жазған туындыларын өзгеше үрдіспен берген, ол тереңнен бастау тәсілін жиі қолданады. Қоғамда орын алған өзекті оқиға туралы дер кезінде жазып, жария ету, оқырманға дұрыс бағыт көрсететін ой салу – публицистің міндеті. Ол әрдайым қарапайым оқырманның көкірек көзін ашуға, жаңалық, жаңашылдықпен таныстырып отыруға мүдделі болуы тиіс.

Ол елдің өміріндегі әлеуметтік мәселелерді қозғап, сол тақырыпқа қалам тербеп келеді. Публицистің көтерген мәселелерінен оның жай ғана баяндау емес, дәйек, дәлелдемелерге сүйенуі, пікір қалыптастыруға бағдар көрсету мүмкіндігі және ұлтына деген жанашырлығы айқын көрінеді.

Қазақ журналистерінің рухани әлемімізде публицистиканы дамытуға көп ықпалын тигізді. Публицистиканың ішкі сырларын, қасиет-сипаттарын, тәсілдері мен әдістерін, көркем ізденістері мен жаңашылдықтарын зерделеу өте өзекті болып тұр. Бұл түптеп келгенде, қазірге дейінгі журналистиканың қалыптасу, даму дәрежесін айқындайды. Демек, қазақ публицистикасының өсіп-өркендеуі бұрынғының бүгінгіге негіз болуынан деп қарау керек. Дәстүрлі шығармашылықты қалыптастырушылар санатында журналистермен бірге классик жазушылардың да публицистиканы өркендетуге үлес қосатынын білгеніміз жөн. Журналист өмірі – шығармашылық шеберліктен тұратын күрделі жүйе. Сондықтан ол қайталанбаушылыққа жолықпай, үнемі жаңа идея, зерттелмеген жаңа дүиелерді ашып, халыққа таратуды талап етеді. Жалпы шығармашылық шеберлікте табиғи дарынның, қарым-қабілеттің, білім мен ізденістің ауадай қажет екені айналып келгенде, шеберліктің бастау саласына айналары сөзсіз. Қазақ журналистикасы тәуелсіздігімізді алған жылдардан бастап та ерекше қарқында дами бастады. Еліміздің дамуына, өркендеп қанат жаюына журналистердің қосар үлесі зор. Келешектегі мақсат-міндеттерін нақтылап, елді жақсылыққа үндейтін, халықтың жағдайын ойлайтын журналисті нағыз қаламгер десе болады. Заманның ағысымен ғана жүзбей, оған сын көзімен қарайтын қаламгер ғана мықты публицист бола алады.

Озық ойлы, өткір тілді журналист Жағыпарұлы бүгіннен гөрі ертеңін, мәселенің себептерінен гөрі салдарын көбірек ойлайды. Тілі өткір емес журналист жоқтың қасы. Тек ол қандай өткірлік? Жылқыбайдікі оң қолымен жараның бетін ашып, сол қолымен емін ұсынатын өткірлік. Бізде экономика тақырыбына тісі бататын журналистер кем де кем. Біз білетін Камал Смайлов цифларды сөйлетсе, Жылқыбай Жағыпарұлы – санаға жеңіл, түйсікке таныс қарапайымдылықтың шебері. Оның өндіріс, қаржы, әлеуметтік проблемалар жайындағы мақалалары жалпы оқырман қауымға түсініктітілмен жазылған. «Егемен Қазақстанның» шыққан «Созылмалы сырқаттың да дауасы бар» деген мақаласында дағдарыс мәселесін көтереді. Өте қарапайым, түсінуге жеңіл тілмен жазылған. Бірақ әр сөйлемде елдің, халықтың ауыр халі, хал-ахуалы көзге ұрып тұр. Әр қарапайым сөздің артында қара батпан зіл жатыр.

«Бес жыл уақыттан бері дүрбелең дүниені экономикалық қаржы дағдарысы құрсауына алған жаһандық экономикалық дағдарыстың беті қайтар емес. Құрлықтардың бәрін құрсаулаған бұл экономикалық күйзелісті сарапшы мамандар түрлі ойға жүгіртіп, тоқыраудың алғашқы кезеңі, тоқыраудың екінші кезеңі, тоқыраудың созымалы ауруы секілді жормалдар жасалуда. Әлемдік экономиканың бұрынғы қозғаушы күші болып саналатын АҚШ және Еуропалық одақ елдерінің мүмкіндіктері сарқылып, енді жаһандық экономика саласын дамытып, жандандырудың орнына, оны тежеп, тығырыққа тіреуде. Тоқырау кезеңдерінде экономиканы дамытудың бірқатар жаңаша қарқындылығын көрсетіп жүрген аспан асты елі, үнді елі, Бразилия мен Ресейдің жаһандық экономика саласын соқпақ жолға салуға қуаты жетпейді. Осылайша жаһандық кризистің айықпас дертінің биылғы жылы да емделетін түрі жоқ. Сарапшы мамандардың ойынша, әлі де нақты емі табылмаған әлемдік экономика дағдарысының зардаптары жыл соңына дейін асқынып,ендігі жылы одан да ушығып кететін сияқты».

Публицистің қандай да бір маңызды мәселені шешуді мақсат ететін, бұған дейін түсініксіз болып келген мәселелерді тереңдеп түсіндіруге ұмтылатын, нақты деректерге сүйене отырып, оның қоғам үшін, халық үшін маңызын тереңдегі тамырымен қоса көрсетіп, ойлануға жетелейтін іс-қимыл болды.

Жастарды, келер ұрпақты елін, жерін, Отанын қалтқысыз сүюге тәрбиелеуде өткеннің рухани бай тәжірибесі ауадай қажет. Демек, заманның сөзін сөйлеп, қоғамың көкейкесті мұраттары мен асқақ мақсаттарын жеткізуде публицист Жылқыбай Жағыпарұлының үлесі зор.

«Тобылдық жігіт» деген корреспонденциясында автор майдангер Төленді Оразбаевтың бір күнгі ерлігін айтады. Әуелі батыстың қалың орманын, оның ішінде жақсы жасырынған мерген Төллендіні суреттейді, оны ойландырып, көз алдына Тобыл бойындағы сұлу қаланы, бірге оқыған, бірге асық атқққан дос-құрбыларын елестетеді.

Сол кездің өзінде тумысынан ақын жігіттің «Тобылдың толқынында» деп дауыссыз дыбыстарды қайталау арқылы сөз айшықтауы, «Өзінің сүйікті Тобылының толқынында жүргендей», «Биік нарлардан жүк ауып құлағандай» деген бейнелі теңеулерді толықсытуы – еңбек жолын жаңа бастаған жас қалам иесі үшін үлкен жетістік. Оның түбінде қаламының желі бар қарымды да алымды, көркем дүниелер тудыратын журналист болатынын аңғартады.

Ж.Жағыпарұлының публицистикасы – мазмұны мен тілі келіскен, қазіргі қазақ журналистикасының талабына сай жазылған дүниелер. Публицистикасында өзгеге көп ұқсай бермейтін тың қолтаңба, жаңа стиль байқалады.

Сөздегі тілдік бірліктердің қызметін журналист мұқият бақылайды. Автор қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін оған қол жетімді барлық құралдарды пайдаланады.

Ж.Жағыпарұлы сөзінің ерекшеліктерін зерттей отырып, осы журналистің публицистік толғамдарында лексиконының негізін әдеби лексика құрайтынын көреміз. Қазіргі журналистің материалы өз туындысын байыту үшін фразеологиялық сөздермен толықтырылады. Мысалы: «Аулада тек мүйіздер мен аяқтар қалдырылған болса да, кәсіпкерлікпен айналысатын саудагерлер дүкендерді қайдан табатынын біледі».

Жағыпарұлы Жылқыбай цифрларды сөйлете біледі, диалогтарды ұтымды пайдаланады, бірде өз сөздері арқылы, бірде басты кейіпкері туралы өзгелердің аузына сөз сала отырып, кейіпкер образын ашуға шебер. Проблемалық очерктерінде шешуін таппай жүрген кейбір түйінді мәселелерді мамандар пікірі мен тілегі арқылы беруі де очерктерінің мән-маңызын жетілдіре түскен. Ол түрлі мәнерлі құралдарды кеңінен қолданады, олардың арасында әсірелеу, метонимия, кейіптеу, ұлғайту, шендестіру, сондай-ақ стилистикалық фигуралар бар: инверсия, параллельдік және т. б. Мұндай мәнерлі құралдардың алуан түрлілігі журналистке қойылған мақсаттарға қол жеткізуге және аудиторияға барынша тиімді әсер етуге мүмкіндік береді. Қаламгерлердің шеберлік деңгейлері туралы айтылғанда, сөз зергерлері метафораны айналып өтпей қоймайды, олардың творчестволық мәнері туралы тілге тиек ететін болсақ, ауыстырудың сан алуан тілдік қызметтегі ерекшелігі, қасиеттері талданады.

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: