27 Тамыз 2014, 09:02
Қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың үшіншісі – зайырлы қоғам мен жоғары руханият (Президентіміз Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында айтылған). Сонымен қатар, Қазақстан халқы ассамблеясының XX сессиясында президентіміз зайырлы қоғам мен жоғары руханиятты ел құру мемлекетіміздің басты бағыты екенін айтқан болатын.
Зайырлы мемлекет – мемлекетті шіркеуден бөлу нәтижесінде пайда болған, қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін, мемлекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мемлекеттің сипаты. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анықталады. Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыссыз өмір сүруге құқылы. Мысалы, некені тіркеу және әділ сот жүйесі мемлекеттің айрықша құқығы болып табылады. Сол сияқты зайырлы елде барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей. Діни мерекелер халықтың дінге сенуші бөлігіне қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс күні ретінде бекітілген. «Зайлырлы» сөзі араб тілінде «захири» (зайырлы) яғни «ашық, сыртқы» деген мағыналарда қолданылады.
Жалпы, адамзат дамуының тарихи тәжірибесінен туындаған мемлекеттің зайырлылық принципі мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуін жариялағанымен, ол ұғым бұл екеуiнiң арасына қорған салуды білдірмейді. Өйткені, дiнсiз – мемлекет, ал мемлекетсiз – дiн жоқ. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, ел дамуының бүгінгі кезеңінде екi тараптың өзара бiрiгiп әрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындаудың және жетілдіріп отырудың маңызы зор. Бұл жерде мемлекет мынадай қағиданы басшылыққа алуы тиіс: ол қоғамдағы діни бірлестіктерді реттейтін өз шекарасының аумағын тарылтпауы керек және еліміздің негізін құрап отырған халықтың дәстүрлі дініне басымдық беруі қажет. Өйткені, қоғам мен дінді бір-бірінен бөлудің мүмкін емес екендігін ескерер болсақ, мемлекеттің діни салада белсенді түрде реттеуші болуы тиіс екендігі талас тудырмасы анық.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, еліміздегі барлық діни бірлестіктердің құқығы бірдей және тең. Қазақстанда ел тұрғындарының діни сенімдерінің басым бөлігін құрайтын ислам және православие діндерінің үлесі 95%, католик, иудайзм діндерін ұстанатындардың үлесі 1-2%-ды құраса, еліміздегі дәстүрлі емес діни ағымдар мен ілімдерді ұстанушылардың үлесі небәрі 2-3%-ды ғана құрайды екен. Демек, заң бойынша еліміздегі дәстүрлі дін болып саналатын іргелі діндер мен жаңа діни ағымдардың мәртебесі мен олардың қоғам өмірінде алатын орны теңдей қарастырылды. Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман, құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Олай болмаса, Қазақстан сияқты халқының 70 пайызы мұсылман елде халқының діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеспейді деген сөз емес. Демократиялық үкіметтің ең басты міндеті халық үшін қызмет ету болса, сол халықтың діни қажеттіліктерін ескеріп, оларды қамтамасыз ету де үкіметтің басты міндеті болып саналады. Осыны жете түсінген Батыс елдері, соның ішінде Англияны алып қарасаңыз, шіркеу шығындарының жартысы мемлекет тарапынан қаржыландырылады, ал шіркеу барлық салықтан босатылған. Ал, Францияда өзінің қызметкерлеріне мемлекет діни қажеттіліктерін қамтамасыз етуде көмек көрсетуде. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, ауруханаларда, түрмеде, әскерде арнайы орталық ашылып, дін адамдарының қызмет көрсетуін мемлекет өзі ұйымдастырып отыр.
2009 жылы Қазақстанда өткен халық санағы бойынша, еліміздегі халықтың 70,2 пайызы – Ислам дінін, 26,3 пайызы – христиан дінін, 0,1 пайызы – буддизм дінін, 5281 адам иудаизм дінін ұстанады, ал халықтың 2,8 пайызы ешбір дінге сенбейтінін айтқан. Санақ бойынша, қазақтардың 98,3 пайызы Ислам дінін ұстанамын депті, басқа діндерде жүрген қазақтардың саны – 43462 адам, ал ешбір дінге сенбейтін қазақтардың саны 1,0 пайызды құрайды. Қазақстандағы орыстардың 91,6 %-ы – православие дініндеміз десе, ал 1,4%-ы, яғни 54277 адам Ислам дініндеміз, 6,1%-ы ешбір дінге сенбейміз деп жауап берген. Украин халқының 90,7 % – православие дінінде, 0,9%-ы – Ислам дінінде, 7,3 %-ы - дінге сенбейміз деген. Егер келтірілген дерекке назар аударсақ, халық қай дінді ұстанамын десе де өз еріктеріне берілгенін көруге болады. Бұл дегеніміз, Қазақстан толықтай зайырлы мемлекет екенін көрсетеді.
Қазақстан жері – бүкіл әлемдік діндердің: буддизмнің, христиандықтың және исламның, зороастризмнің де, иудаизмның да тоғысқан жері. Біз өте көне, бай өркениеттердің, елеулі түрде ерекшеленетін көптеген әлемдік дүниетанымдардың тоғысқан жерінде тұрамыз. Қазақ халқы діни көзқарасы мен діни наным-сенімі айқын да терең, ұлттық және діни мәдениеті өте жоғары, иманды, имани түсінігі мол әлемдегі санаулы ұлттардың қатарына жатады. Ислам ғасырлар бойы қазақ халқының, оның мемлекетінің тірегі, жүрер сара жолы болып келді. Исламды қабылдап, Аллаға шын жүрегімен берілген біздің арғы тегіміз, ата-бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгілерін қалдырып кетті. Ежелден «Ерен дарып ер болған, Қыдыр дарып ел болған, Шілтеннің шылауы шалған» қазақ деген халықтың неше ғасырлар бойы молынан қорланған миялы, рухани мұрасы бүгінде кез келген теріс пиғылды жалған дінге де, ұлттық табиғатымызға жат мәдениетке де қарсы тұруға әбден жетеді.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы сәттен-ақ зайырлы қоғам құру мақсатында көптеген істер атқарды, ал бүгінде зайырлылықты күннен күнге нығайту үстінде. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін, елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері егемен мемлекетті бір кісідей мойындады. Сөйтіп өткен кезеңдердегі тағдырларының тарихи бірлігін іс жүзінде дәлелдей отырып, бірауыздан жаңа мемлекетті одан ары дамытуға әзір екендіктерін білдірді. Қазақстанның конституциялық құрылысының тарихында бес рет Конституция жазылып, қабылданғаны мәлім. Олардың әрқайсысы қазақстандық мемлекеттіліктің ұлттық автономиядан толық мемлекеттік дербестікке және егемендікке дейінгі дамуының белгілі бір кезеңдерін көрсетеді. 1995 жылы қабылданған Қазақстанның қазіргі Конституциясы еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігінің жаңа өрлеуін заңды түрде нығайтты. Кейіннен Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық әлеуметтік мемлекет екенін Ата заңы арқылы да бүкіл әлемге таныта бастады.
Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекеттің тіректерінің бірі – рухани тірегі болып қала бермек. Тәуелсіздік алған 22 жылдың ішіндегі ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктеріміздің бірі, біздің шыққан биігіміз – ол елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде ислам ата дініміздің өркендеуі, халықтың атеистік өмірден кейін өз дінімен қайта еркін қауышуы десем, артық айтқандық болмас. Біздің Республикамыздың дінаралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілердің, діни нанымдағылар мен діни бірлестіктердің сандары тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қал-қадерінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз. Кең-байтақ Қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр. Дініміздің үлкен жанашыры, әрі қамқоры Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен елордасы Астанада 2003 жылдан бастап өтетін «Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің» төрт съезд соның жарқын көрінісі. Съездерге қатынасқан әлемдік және ұлттық діндердің басшылары рухани келісім мен діни төзімділікті орнатуда Қазақстаннан алар тәжірибе мен үлгінің мол екендігін атап өткен болатын.
Қазақстан зайырлы мемлекет болғаннан соң оның негізгі басымдықтары адамдардың өз құқықтарына беріледі. Құқықпен қорғалған және сол берілген құқықты жақсы пайдалана білетін адам, қоғам, мемлекет қана жоғары қарқынмен дамиды. Жалпы, құқықтық мемлекет – конституциялық басқару тәртібі, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі бар мемлекет екені белгілі. Құқықтық мемлекет – өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқы бұзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет. Құқықтық мемлекет идеясының сан ғасырлық тарихы бар. Ол сонау ежелгі дәуірден бастау алады. Қазіргі ғаламдық әлемде құқықтық мемлекет тұжырымдамасы мемлекет, қоғам және азаматтың арақатынасын қалыптастырудың әмбебап идеалы болып отыр. Құқықтық мемлекет идеясының мәні – оның бірізді демократиялылығы, билік көзі ретіндегі халық егемендігін бекіту, мемлекеттің қоғамға бағынуы. Құқықтық мемлекет идеясындағы бастысы – мемлекеттің және оның органдарының зорлық-зомбылығынан, басынуынан азаматтарды қорғау кепілі болатын мемлекеттің құқықпен байланыстылығы. Құқықтық мемлекет, ең алдымен, барлық мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және азаматтар бағынуы тиіс өзіндегі құқықтық ережелермен өзін-өзі шектейтіндігімен ерекшеленеді, ал ондағы басты принцип – құқық үстемдігі.
Мемлекетке қажетті нағыз азаматтар құқықты қару етіп ұстана білумен қатар, руханияты, патриотизмі өте жоғары деңгейде болуы керек. Адамның дүниетанымының кеңдігінен, жанының нәзіктігінен, санасының жоғарлығынан, әділеттілік үшін күресте белсенділігінен, өзгелерге қайырымдылығы мен ізгі ниеттілігінен көрініс беретін оның ішкі әлемі «рухани байлығы» болғандықтан, президентіміздің зайырлы қоғам мен жоғары руханиятты ел құру бастамасы біздің ең абыройлы міндетіміз болып саналмақ.
Тарихтың қозғаушы күші – рух пен сана, рухани қуат екені белгілі. Жеке тұлғалардың, тұтас этностардың, бүкіл ұлттардың тағдыры мен белсенділігі, оның болашағы – осы рухани қуатқа ие болуына және де сол рухани қуаттың қандай дәрежеде болуына тығыз байланысты. Ал, дінді берік ұстанған адамның бойына ерекше жігер мен күш-қуат, былайша айтқанда, шығармашылық ой-қуаттың даритыны белгілі. Нағыз діндар адамның сана-сезімі, дүниетанымы, тіпті азаматтық позициясы өзгеше қалыптасады. Шын таза діндар азаматтар мемлекетке ерекше құрметпен қарайды, билікті мойынсұнады, отаншыл келеді. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Ал ел бірлігі мықты болса, онда мемлекет те мықты, оның іргесі де берік. Біздің Елбасымыздың саясатының басты бағыты да осы.
Дінмұхамед Аязбеков