«Заттар интернеті» дегеніміз не?

8 Қаңтар 2016, 10:24

«Заттар интернеті» ұғымының қарапайым түсіндірмесі

«Заттар интернеті» ұғымы (ағылш. «Internet of things» немесе қысқаша түрде IoT) ғылым мен сандық әлемдегі ең жиі қозғалатын тақырыптардың біріне айналуда. Бұл біздің қалай өмір сүретінімізге және жұмыс істейтінімізге мардымды өзгеріс әкелетін жаңа концепция.

Біздің қоғамда аталмыш ұғымды білмек түгілі ол туралы мүлдем естімегендер де жетерлік. Дегенмен, «Заттар интернеті» ұғымын жаңалықтарда сан мәрте кездестіретін белсенді интернет-пайдаланушылар бар, кейде тіпті солардың өзі жаңа терминнің түпкі мәнін білмей жатады.  Біреулер Заттар интернеті адамның қатысуынсыз жүзеге асады десе, басқалары керісінше пікір білдіреді.

Ең алдымен негізгі нәрселерді ажыратып алайық.  

Жоғары жылдамдықты интернет кеңінен қолжетімді болып барады, оның үстіне интернетке қосылудың құны төмендеуде, көптеген құрылғылар wifi-ға қосылу мүмкіндігімен бірге шығарылуда, технологиялар арзандауда, смартфондар біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуда. Осының бәрі Заттар интернетін құруға өте қолайлы жағдай туғызып отыр.

Сонымен, Заттар интернеті дегеніміз не?

Заттар интернеті – ақпарат жинауға және алмасуға мүмкіндік беретін электроникамен, арнайы бағдарламамен, сенсорлармен және интернетке шығу мүмкіндігімен жабдықталған физикалық объектілердің желісі. Мұндай физикалық объектілер қатарына: ұялы телефон, кофеқайнатқыш, кір жуғыш машина, көлік, мұздатқыш және осы секілді көптеген заттар кіреді. Осы заттардың барлығы, егер олар интернетке шыға алса, Заттар интернетінің мүшесі бола алады.

Ақпараттық технологияларды зерттеумен айналысатын Gartner компаниясының мәліметі бойынша, 2020 жылға қарай интернетке қосылған құрылғылар саны 26 миллиардтан аспақ (кейбіреулер құрылғылар санын одан жоғары – 100 миллиардтан көп деп бағалайды). Яғни, Заттар интернеті дегеніміз – өзара байланысқан «заттардың» (соның қатарында адамдар да бар) алпауыт желісі. Бұл өзара байланыс адам және адам, адам және заттар, заттар және заттар арасында болады.

Заттар интернеті сіздің өміріңізге қалай әсер етпек?

Болашақ өмірдің жаңа ережесі «байланысқа түсе алатынның бәрі міндетті түрде байланысады» болмақ. Сіз құрылғылардың осылайша өзара байланысуы не үшін қажет деп ойлауыңыз мүмкін. Жауап беріп көрелік.

Заттар интернетінің мысалдары өте көп. Сіз кездесу бағыт алдыңыз делік, осы уақытта сіздің көлігіңіз күнтізбеңізге қарап, межелі жерге жетудің оңтайлы жолын таңдап қояды. Егер дәл сол жолда кептеліс болып жатса, көлігіңіз күтіп алушы тарапқа сіздің кешігетініңіз жайлы хабарлама жібереді. Сіздің оятқышыңыз сізді таңғы 6:00 уақытында оятып, бірден кофеқайнатқышқа кофе қайнатуды бастау жөнінде ақпарат жібереді. Осы секілді мысалдарды тоқтаусыз келтіре беруге болады.

Заттар интернетінің кең көлемде қолданылуының үздік мысалы – смарт қалалалар. Ондай қалалардың барлығы өзара байланысқан және қажетсіз ысырап пен ластану болмайды. Бұл жағдайда Заттар интернеті бізге қалай өмір сүретінімізді және жұмыс істейтінімізді түсініп, оны жақсартуға мүмкіндік береді. Төмендегі ағылшынтілді графикада смартқаланың қалай жұмыс істейтіні көрсетілген.

Заттар интернеті көптеген мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, бірқатар қауіп-қатерлерді де бірге әкелмек. Қауіпсіздік мәселесі Заттар интернетіне жаппай көшудегі негізгі мәселе болатыны анық. Біреу сіздің мұздатқышыңызға хакерлік шабуылмен басып кіріп, сіздің бүткіл құрылғыларыңызды жаулап алмасына кіп кепіл? Осыған қарағанда, Заттар интернеті дәуірінде интернеттегі қауіпсіздік мәселесімен айналысатын көптеген компаниялар пайда болмақ.

Не де болса, ақпараттық технологиялардың қазіргі дамуы Заттар интернетіне әкелетіні хақ, ал қауіп-қатерге келсек, ол кез келген жаңа даму сатысының алдында кездесе бермек және одан қорқу дамудан бас тартқанмен тең. 


Дәурен Омаров

Бөлісу: