Зарина Дияс: Үлкен дулыға. Үлкен қарсылас. Үлкен үміт.

23 Қаңтар 2015, 06:15

Қазақстандық нөмір бірінші ракетка (әйелдер арасында) Зарина Дияс әлемнің екінші ракеткасы (әйелдер арасында) Мария Шараповамен кездеседі.

Қазақстандық нөмір бірінші ракетка (әйелдер арасында) Зарина Дияс әлемнің екінші ракеткасы (әйелдер арасында) Мария Шараповамен кездеседі. Сіз ойлағандай ортаңқол турнир немесе қайырымдылық шараларының бірінде емес, дәстүрлі түрде үлкен теннистің шымылдығын түретін мәртебелі «Australian Open» турнирінде. Жыл сайын өтетін турнирлердің ішінде «Үлкен дулыға» саналатын төрт бірдей жарыс болса, соның бірі – «Australian Open».

Зарина Дияс «Үлкен Дулыға» турнирлерінде бірінші рет емес. Өткен жылы мәртебелі төрт турнирге де қатысты. Қатысып қана қойған жоқ, ірі жеңістері де болды.

Зарина үшін өте сәтті аяқталған 2014 жылдың жарыстарына бір тоқталып өтейік.

Өткен жылы Мельбурнге барды. «Australian Open» Зарина Диясқа «құшағын айқара ашып» қарсы алды. Алғашқы айналымда қарсыласы Катержина Синякованы (Чехия) еш қиындықсыз ұтты (6:2, 6:4). Екінші айналымда Марина Эраковичті (Жаңа Зеландия) де оңай ұтты (6:4, 6:0). Ал, нағыз қарсылас үшінші айналымда жолыққан еді. Ол әрине аты әлемге белгілі Симона Халеп (Румыния) болатын. Симона Халеп екі сеттің қорытындысы бойынша (1:6, 4:6) Заринаны жарыстан шығарып тастады. Міне, Зарина осы жеңілістен кейін Мельбурнге қайта оралып отыр. Оралып қана қойған жоқ, оқтаулы келді!

Зарина 2014 жылы Ролан Гарросқа да барды. Өкінішіне қарай алғашқы қарсыласы әлемдік рейтингте 6 орында тұрған Петра Квитова (Чехия) болатын. Азулы қарсылас Петра расымен де Заринадан бір бас жоғары тұрғанын дәлелдеді. Екі сеттің қорытындысы бойынша жарыс ерте аяқталды (5:7, 2:6).  

Лондон. Уимблдон. Мәртебелі турнир. Құм да емес, хард та емес, көгалда. «Үлкен дулығаның» үшіншісі. Жарыс өте сәтті басталды. Алғашқы айналымда Кристина Младеновичті (Франция) жарыстан тайдырды (7:6, 6:4). Екінші айналымда Карла Суарес-Наварроны (Испания) үш сеттің қорытындысы бойынша әзер жеңді (7:6, 5:7, 6:2). Үшінші айналымда Вера Звонарева (Ресей) жолықты. Вераны да үш сет бойынша ұтты (7:6, 3:6, 6:3). Ал, төртінші айналымда тағы да Симона Халеп. «Australian Open» турнирінде жолын кескен румынмялық қыз Уимблдонда да басым түсті (3:6, 0:6). Есесіне, Зарина төртінші айналымға дейін барды.

Америка. US Open. Бір жылда төртінші рет мәртебелі турнирге қатысып отыр. Бұл деген керемет көрсеткіш. Алғашқы қарсыласы Леся Цуренконы  (Украина) 6:1, 6:2 есебімен оңай ұтты. Екінші айналымда корд иесі Катрин Беллиспен (АҚШ) жолығып, кездесу үш сетке созылды (6:3, 0:6, 6:2). Нәтижесінде үлкен қиындықпен Зарина жеңді. Үшінші айналымда әлемдік рейтингте 20 орында тұрған көршіміз Екатерина Макарова (Ресей) жолықты. Катрин Беллиске көп күшін сарп еткен Зарина Екатеринаға қарсы лайықты қарсылас бола алмады (2:6, 4:6).

2014 жылы Зарина үлкен турнирлерде жеңіске жете алмады. Осакада (Жапония) финалға дейін жетіп, жүлде үшін таласта Саманта Стосурға (Аустралия) ұтылды (6:7, 3:6). Бірақ, Зарина 2014 жылы баға жетпес тәжірибе жинады.  

Енді биыл 2015 жыл. Тағы да маусым шымылдығын түрген «Australian Open». Бірінші айналымда Урсула Радваньскамен (Польша) кездесіп, үш сеттің қорытындысы бойынша (3:6, 6:4, 6:2) үлкен күш жұмсап жеңіске жетті. Екінші қарсыласы неміс қызы Анна Шмидлова (Словакия) болатын. «Үлкен дулыға» турнирлерінде рейтинг деген ресми мәртебе рөл ойнамайды, мұнда кез келген қарсылас мықты. Сондықтан, Анна Шмидлованы жеңу Зарина үшін оңай тиген жоқ. Бірінші сеттің қорытындысы бойынша Зарина ұтылып жатты. Нәтижесінде жарыс үш сетке созылып, Зарина зордың күшімен әзер жеңді (3:6, 6:2, 8:6).

Үшінші айналым. Қарсылас азулының азулысы. Ол біз басында атап өткен Мария Шарапова. Әлемдік рейтингте 2 орында. Атағынан ат үркиді. Таланты мен танымалдылығы қатар дамыған, тәжірибесі бай ресейлік теннисшіні Зарина жеңіп жатса Қазақстан халқы үшін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн болар еді!

Кім біледі, күтпеген жағдай болуы мүмкін. Мария Шарапова екінші айналымнан өте алмай қалудың сәл алдында қалды. Өзінің жерлесі, отандасы Александра Панованы үш сеттің қорытындысы бойынша (1:6, 6:4, 5:7) екі жарым сағат уақыт жұмсап, әзер жеңді. Тіпті, көп күш жұмсады деуге де болады.

Зарина Дияс әлемнің үздік теннисшілерімен талай кездесті. Бірақ, әзірге бірде-біреуін жеңе алған емес. Симона Халеп, Петра Квитова, Доминика Цибулкова, Анжелика Кербер, Саманта Стосур... Енді тағы бір алып спортшымен жолы түйіспек. Ол – Маша Шарапова. Тек сәттілік жолдас болсын дейміз!


Әзірлеген – Жандос Байділда.

Бөлісу: