Заңсыз шығарылған активтер. 800 миллиард доллар қашан елге қайтады?

27 Шілде 2023, 14:24 7544

12 шілде күні мемлекет басшысы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР заңына қол қойды. 30 жылдың ішінде 800 миллиард доллардан астам қаржы заңсыз шетелге асқаны айтылады. Қазір бұл процесс қалай жүріп жатыр?  El.kz ақпарат агенттігі тілшісі саралап көрді

Шетелге заңсыз шығарылған активтер туралы «Қаңтар оқиғасынан» кейін айтыла басталды. Былтыр президент 21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерінің басын қосқан жиында ұлттық байлықтың тең жартысы 162 адамның қолына өтіп кеткенін жеткізді. Негізі мұндай қауесеттер бейресми жиындарда айтылатын. Бірақ алғаш рет үлкен міңбеде көтерілді. Оның үстіне, мемлекет басшысының өзі айтты.

Бұл қоғамдық депрессияға, елге сенімсіздікке әкеліп соқтырады. Халықтың көкейінде неліктен бизнестің барлық түрі бір қолда деген сұрақ бар. Гегелді Бабелмен шатастыратындар бар, арнайы білімі жоқ, бірақ олардың қолында орасан зор бизнес бар. Арнайы курстарды бітірген білімді адамдар бизнес көздері мен ресурстарына қол жеткізе алмайды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөйтіп, активтерді қайтару жөніндегі комиссия да құрылды.  Президенттің соңғы шыққан жарғысында бас-аяғы 115 адам жұмыс істейтіні көрсетілген. Үкіметке осы жылдың 31 наурызына дейін активтерді қайтару туралы арнайы заң жобасын әзірлеп, Парламентке өткізуді табыстады. Енді, міне, заң да қабылданды.

Жалпы, елден кемі 800 миллиард доллар сыртқа заңсыз шығарылғаны айтылады. Әзірге қайтарылған ақша бір пайызына да жетпейді.Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, жұмы­сы бастағалы бері мем­лекет­ке жалпы сомасы 760 мил­лиардтан астам теңгеге баға­лан­ған актив қайтарылыпты. Бұл шамамен 1,7 миллиард доллар.

 Tax justice network ұйымының мәліметінше, соңғы 25 жылда  Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард доллар шығарылған, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең. Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыста­тылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді. Пандемияға дейінгі кезеңде мемлекет бүкіл соманың тек 90 мил­лион (миллиард емес) долла­рын ғана қайтартқыза алғаны айтылды.

Осы заң Мәжілісте талқыланғанда белсенділік танытқан депутат Ермұрат Бапи бас прокурорға да біраз өтінішін айтты.

Бас прокурор мырза, сіз Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys (Тетис) компаниясын білесіз бе? Білмесеңіз – әлемдік газ-трейд компанияларының регистріне көз жүгіртіңіз. «Тетистің» басты иелерінің бірі – Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Ал ашық ақпараттың айтуы бойынша, Шәріпбаев – Дариға Назарбаеваға телініп жүрген күйеу екенін білесіз. Міне, осы «Тетис» фирмасы Қайрат Шәріпбаев басқарған мемлекеттік монополист «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының газын сыртқа сатып келген. Қазір журналист-зерттеушілер соңғы сегіз жылда бұл фирма Қайрат Шәріпбаевтың бақылауындағы APL (АйПиЕл) Construction компаниясы арқылы Батыс банктеріне бірнеше миллиард доллар шығарғанын анықтады. Кейбір ашық ақпаратта 20 миллиард доллар деген мәлімет айтылып жүр, - деді Ермұрат Бапи.

Тағы бір депутат Абзал Құспан да Атырау облысында жүрген шетелдік инвестор компанияларды да тексеру керектігін айтқан.

Осы заң арқылы біз 30 жыл бойы мемлекет қазынасын тонаған, еліміздің, халқымыздың болашағын ұрлаған жемқорларды жауапкершілікке тартып, олардың жасырған, шетел асырған дүниесін мемлекетке қайтаруды мақсат тұтып отырмыз... Қазақстан бойынша бюджетке ең көп қаржы аударатын өңір ретінде Атырау өңірі болса, Қазақстанға қызмет етіп жатқан компаниялар ішінен ең көп салық төлеуші ретінде «ТеңізШеврОйл» компаниясы танылды. Шетел асқан қаржымызды іздестіреміз десек, назарды теңіз айлағына аударуымыз керек. Соңғы 30 жылдың айналасында осындай үлкен компанияның айналасында репутациясы күмәнді қазақстандық және шетелдік фирмалар қаптап кеткен, - дейді Абзал Құспан.

Активтерді қайтарудың екі тәсілі бар. Бірі ерікті, енді бірі мәжбүрлі түрде қайтару. Алғашқысында заңсыз алынған және шығарылған активтердің барлығын немесе бір бөлігін мемлекетке келісіммен беру арқылы жүзеге асырылады.  Мәжбүрлеп қайтару кезінде Қазақстан және шетел соттарының немесе шет мемлекет құзырлы органының шешімі, ұйғарымы, үкімі және қаулысы негізінде жүзеге асырылады. Байлығын өз еркімен қайтарған олигархтар жазаға тартылмайды.

 

Алмас Абылай
Бөлісу: