Заңсыз пиротехника сатқан 26 сатушы жауапқа тартылды

29 Желтоқсан 2022, 20:15 1129

Маңғыстау облысында заңсыз пиротехника сатумен айналысқан 26 сатушы жауапқа тартылды,  деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

25 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында Маңғыстау облысы көлемінде республикалық “Пиротехника” жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шараның басты мақсаты — жаңа жылдық мейрам қарсаңында тұрғындар қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті бақылау, құқық бұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатып алу, сақтау, есепке алу, қолдану, тасымалдау, әкелу, әкету қағидаларын қадағалау, сертификатталған өнімді көтерме жеткізушілерді анықтау. 

Осы мақсатта Маңғыстау облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Төтенше жағдай департаментінің мамандарымен бірлесе ірі сауда орталықтары және сауда-саттықпен айналысатын қоғамдық орындарға рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр. Облыс аумағында жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы заңсыз пиротехниканы саудалаудың 26 дерегі анықталып, 800 пиротехника тәркіленіп алынды.

Құқық бұзушылар ӘҚБтК-тің 196-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, әкімшілік хаттамалар жасақталды. Одан бөлек, полиция қызметкерлері тұрғындарға пиротехниканы дұрыс қолдану жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

EL.KZ
Бөлісу: