Заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі комиссия мемлекет кірісіне қосымша 235 млрд теңге аударады

31 Мамыр, 23:20 546

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Комиссия 235 млрд теңгеден астам сомаға активтерді ерікті түрде қайтару туралы бірқатар келісім жасасуды мақұлдады, деп хабарлайды primeminister.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл соманың 230 млрд теңгесі ақшалай түрде Қаржы министрлігінің шотына аударылатын болады. Сондай-ақ жер қойнауын пайдалану кәсіпорындарындағы акциялар, жер телімдері және Алматыдағы әкімшілік ғимарат мемлекеттің меншігіне өтеді. Сонымен қатар комиссия «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан заңында көзделген тұлғалармен жалпы құны 28 млрд теңгеден астам инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы келісімдер жасасуды қолдады. Қаражатты ел экономикасына қайта инвестициялау – заңда көзделген активтерді қайтару шараларының бірі.

Жыл басынан бері комиссия шешімдерінің негізінде мемлекетке 325 млрд теңгеден астам соманың активтері қайтарылды. Оның ішінде ақшалай қаражат, 13 мың гектар жер, тарихи-мәдени мұра заттары, қымбат зергерлік бұйымдар бар.

Перизат Саденова
Бөлісу: