«Заңгерлердің өздері заң бұзып отыр». Жаңбыршин судьяларды қайта жұмысқа алғандарды сынады

19 Маусым, 13:00 637

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин президент жарлығымен орнынан кеткен судьялардың қайта қызметке келіп жатқанын сынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшымыз «біз енді әділ Қазақстан тұрғызамыз» деп, алдымызға мақсат, міндет қойды. Осы жердегі депутаттар да осы мәселені 100 пайыз қолдайды. Қазіргі жасалып жатқан заң жобалары мен шешімдер соған бағытталған. Ол ешкімге жасырын емес. Егер әділ сот болмаса, біз қоғамда қалай әділеттік орнатамыз? Үкімет әділ жұмыс істесін, Парламент әділ жұмыс істесін. Егер сот әділ шешім шығармайтын болса, біздің ісімізден ешқандай нәтиже шықпайды, - деді мәжілісмен.

Депутат сот жүйесіндегі проблемалар әлі күнге дейін шешілмей келе жатқанын айтты. Жаңбыршин жетінші шақырылымда сот жүйесі жабық мекемеге айналып алғаны жайлы айтқанын еске салды.

Егер біз әділдік іздеп келген азаматтарды қабылдап, олардың мәселесін мына жерде шешпейтін болсақ, ол солай жалғаса береді. Әлі күнге дейін әділдік іздеп, бұрынғы ескі Қазақстанда әділетсіз шешім жасаған адамдар мәселені шеше алмай жүр, - деді ол.

Сонымен бірге мәжілісмен президент жарлығымен отставкаға кеткен судья не себепті қайтарылып алынатынын сұрады.

Неге біз оны қайтадан бұйрықпен қабылдап алуымыз керек? Ол жарлықпен кетті ме, жарлықпен келсін. Бізде кейбір резонанс болған мәселелерді сондай соттармен шешіп жатқаны туралы ақпарат бар. Бұл қалай болғаны? Президенттің жарлығынан Жоғарғы сот төрағасының бұйрығы маңызды болғаны ма? Әлде одан жоғары ма? Бұл дұрыс емес. Оған ешқандай негіз жоқ. Сіздердің судья жетіспейді деп айтып отырған дәлелдеріңіз дұрыс емес. Егер жетіспесе, онда дайындаңыздар. Неге резерв жасамайсыздар? Сот жетіспейді деп президенттің жарлығынан биік шешім шығарасыздар ма? Сендер Конституцияны бұзып отырсыңдар ғой... Жалпы, процедураны бұзып отырсыңдар. Заңгерлердің өздері заңды бұзып отыр. Олай болса, бәріміз заңды бұзып, бұйрық жасап отыра берейік, - деді Жаңбыршин.

Депутат Президенттің жарлығымен кеткен судьяны шақыру керек болса, онда қайтадан президенттің жарлығымен шақыру керегін жеткізді. Мәжілісмен жастарды дайындауды ұсынды.

Миражан Махан
Бөлісу: