Заң талаптарын бұзған ойын бизнесін ұйымдастырушылар жазаланады

6 Сәуір, 18:00 624

Туризм және спорт министрлігі заңды талаптарды бұзатын ойын бизнесін ұйымдастырушыларын анықтау және олардың қызметін тыю бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Туризм және спорт министрлігі ойын бизнесін ұйымдастырушылары тарапынан «Ойын бизнесі туралы» Заңды және құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру саласындағы өзге де сабақтас заңнаманы сақталуына үнемі мониторинг жүргізеді.

Мәселен, осы уақытқа дейін профилактикалық бақылау шеңберінде Министрліктің лицензиаттары арасында заңнама нормаларын өрескел бұзу фактілері анықталды, оның ішінде 21 жасқа дейінгі тұлғалар мен өзін-өзі шектеген азаматтарды бәс тігуге қатыстыру, лицензиялық шарттарды сақтамау, біліктілік талаптарын бұзу. Заңды бұзған тұлғаларға қатысты лицензияларды қайтарып алуды қоса тиісті ден қою шаралары қабылданады.

2021 жылдан бері жүргізілген профилактикалық, бақылау және тексеру шараларының нәтижесінде 36 ойын мекемесі, оның ішінде 28 букмекерлік кеңсе, 6 тотализатор және 2 ойын автоматтарының залдары лицензиялардан айырылды.

Қазіргі уақытта ойын бизнесі саласында құқық бұзушылық жасау фактілері бойынша азаматтардан шағымдар мен өтініштер, ал мемлекеттік органдардан хаттардың келіп түсуі жиелеп кетті. Министрлік үшін бұл ден қою үшін негіз болып табылады. Арыздарды қарастыру нәтижесінде құқық қорғау органдарымен бірлесіп жоспардан тыс тексерулер өткізу, сотқа талап-арыздар дайындау түрінде нақты шаралар қабылданады.

Мысалы, 2024 жылғы сәуірде өзін-өзі шектеген азаматтарды бәс тігуге қатыстыру фактісі бойынша Министрлік екі танымал букмекерлік кеңсенің лицензияларының қолданысын тоқтату мақсатында сотқа жүгінді.
Сонымен қатар ағымдағы жылғы наурызда Министрлік Қонаев қаласында орналасқан белгілі сауда белгілерімен жұмыс істейтін 3 букмекерлік кеңсені және 1 ойын автоматтары залын ойын бизнесі саласындағы заңнаманы сақтау және қылмыстық кірістерді жылыстатуға (заңдастыруға) қарсы іс-қимыл тұрғысынан жоспарлы тексеруді бастады.

Мемлекеттік кірістер органының 2024 жылғы наурыздағы өтініші негізінде Алматы облысында тіркелген букмекерлік кеңсені жоспардан тыс тексеру жалғасуда. Тексерудің алдын ала қорытындылары бойынша өтініште баяндалған фактілер расталды және осы ойын бизнесін ұйымдастырушы орналасқан жері бойынша сервердің болмауы және лицензия алу кезінде жалған мәліметтер ұсынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады (жауаптылық айқындалуда).
 
Қорытындылай келе, кейбір ойын бизнесін ұйымдастырушылар лицензияларды қолдану мерзімі аяқталғаннан кейін (ескертпе: лицензияның қолданылу мерзімі заң бойынша 10 жылды құрайды) Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар шеңберінде қатаңдатылған біліктілік талаптарына сәйкестігін растай алмайды (ескертпе: 2007 жылдан бастап Заңға 30-дан астам түзетулер енгізілді ).

Мысалы, Қонаев қаласында ағымдағы жылғы 20 ақпаннан бастап ірі казинға тиесілі лицензияның қолданысы тоқтатылды және бүгінгі күні аталған ойын мекемесі қызметті жалғастыруға заңды құқығының болмауына байланысты белгісіз мерзімге жабылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Алматы облысындағы ойын аймағының аумағында Қапшағай су қоймасының жағалауында 4 казино, 3 Ойын автоматтары залы және 10 букмекерлік кеңсе жұмыс істейді, олар 2023 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша жалпы сомасы 96 млрд теңге көлемінде салық төлеп, Қонаев қаласында 6000-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: