Заң шығару үдерісін барынша ашық түрде жүргізуіміз керек – Сенат Төрағасы

3 Сәуір 2023, 13:12 1135

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Отырыс барысында депутаттар Сенаттың Жобалау кеңсесі туралы ережені бекітіп, оның құрамын анықтады деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Сенаттың ресми сайтына сілтеме жасап.

Сенат Төрағасы өз сөзінде VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Парламент пен Үкіметке нақты міндеттер жүктегенін атап өтті. Сондай-ақ Президент тапсырмаларына сәйкес Палата жұмысындағы басым бағыттарға тоқталды.

Ашықтық, инклюзивтілік және заң жобаларын жан-жақты талқылау арқылы заң шығару қызметінің сапасын арттыру мәселесіне баса мән берілді. Соған байланысты Бюро мүшелері Сенаттың Жобалық кеңсесі туралы ережені бекітті.

Сондай-ақ сенаторлар мен Палата Аппаратының қызметкерлерінен құралған Кеңсенің тұрақты құрамы анықталды.

Сенат Спикері атап өткендей, Жобалық кеңсе – Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруға арналған маңызды тетік.

«Біз Әділетті Қазақстан құруға және мемлекеттік саясатты жүйелі реформалауға арналған заңдар қабылдаймыз. Сондықтан заң шығару үдерісі, заң жобаларын әзірлеу және талқылау барынша ашық әрі инклюзивті түрде жүргізілуі керек. Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру үшін Мәжіліспен, Үкіметпен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп жұмыс істейміз. Бәріміз бірлесіп, еліміздің жаңа кезеңдегі дамуына қажетті заңдар қабылдаймыз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Жобалау кеңсесі – Сенат жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Оның қызметі жобаға бағытталған басқару жүйесін құруға және үйлестіруге арналған. Жобалық кеңсенің жұмысына бизнес, сараптамалық қоғамдастық және азаматтық қоғам өкілдері де қатыса алады.

Кеңсенің негізгі міндеті – бағдарламалар мен жобаларға бастамашылық жасау, оның ішінде заң шығару процесін цифрландыру және ашықтық қағидаты арқылы жобалық басқаруды қамтамасыз ету.

EL.KZ
Бөлісу: