Заң мен тәртіп: Заңгер екі жылда неше алаяқтық фактісі тіркелгенін айтты

15 Қараша, 11:54 445

Бүгін Астанада өткен «Alayaq.net» жобасының қорытындыларына арналған форум аясында жоба жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков осылай деді. Бұл туралы El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Айта кетейік, Қазақстанда жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған екі жылдық республикалық «Alayaq.net» жобасы өз мәресіне жетті.

Мәдениет және ақпарат министрлігі, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, сондай-ақ жастардың ниет білдіруімен арнайы грант бөлінді. Жоба 2022 жылы бастауын алды. Бүгін қорытынды форумға жиналып отырмыз. Жоба жоғары нәтиже көрсетті. Осы уақытқа дейін 17 облыс пен 3 қаланың барлығын толық қамтыдық. Мақсаты – жастардың, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, алаяқтықпен күрес, дропперлік деген секілді өзекті мәселелерді жастарға түсіндіру, ақпараттандыру, - деп түсіндірді ол.

Жоба жетекшісінің айтуынша, жоба аясында 10 мыңнан астам адамға тегін қаржылық онлайн курс өткізілді. Курс барысында базалық экономикалық қаржылық білімдерді қалыптастыруға көңіл бөлінді.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыстарымыз 150 млн астам қаралым жинады, - деп нақтылады Нұрсұлтан Орынбеков.

Аlayaq.net жобасы Қаржылық мониторинг агенттігі, Ішкі істер министрлігі, өзге де құзырлы органдармен бірлесіп алаяқтыққа қарсы күрес жүргізді. Алаяқтық - қазіргі таңда ең өзекті қылмыстардың бірі.

Екі жыл ішінде 200-ден астам алаяқтық схеманы әшкереледік. Логикалық тізбегі қандай болады, әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қандай адамдар жиі алданады деген секілді түрлі кейстерді зерттедік, - деп түсіндірді Аlayaq.net жобасының жетекшісі.

Қазіргі таңда алаяқтықтың ең жиі таралған схемаларының бірі - телефонға арнайы код жіберу арқылы адамдардың сенімдеріне кіру, сол арқылы аттарынан несие рәсімдеу.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: