Алматыда «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында қала ғимараттарына жазылған есірткі жарнамаларын жоюға бағытталған кезекті «Наркостоп» акциясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Алматы қаласының Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен өтті.
Акцияға 200-ге жуық волонтер, студенттер және комьюнити орталықтардың резиденттері қатысты. Олар Алматы қаласының Полиция департаментінің қызметкерлерімен есірткі жарнамаларының орындарын анықтап, олардың заңсыз жазбаларын өшірді. Рейд барысында Алматы қаласы Түрксіб ауданында 1 күннің ішінде ғимараттардың сыртқы қабырғасына жазылған 100-ден аса жарнама анықталып, жойылды.
Аталған іс-шараның мақсаты – жастарға есірткінің зияндылығын түсіндіре отырып, салауатты өмірді таңдауға шақыру.
Біз Алматының волонтерлері ретінде қаламыздың қауіпсіздігі мен тазалығына бей-жай қарамаймыз. Бүгінгі «Наркостоп» акциясына қатысу – қоғамға деген жауапкершілігіміздің көрінісі. Есірткі жарнамаларының жойылуына үлес қосу арқылы біз жастарға дұрыс бағыт көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттауға атсалысып жатырмыз, – деді волонтер Байғабылов Ельдар.
Айта кетейік, Алматыда «Наркостоп» жобасы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асыралады. 2024 жылы жобаға 3 мыңнан астам волонтер қатысып, 480 іс-шара өтті. Акциялар аясында есірткі заттарын насихаттайтын түрлі сайттардың атаулары жазылған 110 мыңнан астам трафарет пен граффити жойылды.
Алматы қаласының Полиция департаменті
«НаркоСтоп» – біздің басқарманың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ең маңызды жобалардың бірі. Соңғы екі жылдан астам уақыт бойы бұл жоба аясында 8 мамандандырылған орталық тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Оның басты мақсаты – жастарға есірткінің зияны туралы жан-жақты түсіндіріп, оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Біз жастар арасында есірткінің таралуына және оны насихаттайтын жарнамалардың көбеюіне жол бермеу үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы шараларды күшейтіп, қоғаммен бірлесе күрес жүргізуді жалғастырамыз, – деп атап өтті Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Сонымен қатар, Алматыда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің қолдауымен жаңа «Киберволонтерлік» бағыты енгізілді. Киберволонтерлердің күшімен 2024 жылы 197 есірткі сататын және оларды жарнамалайтын сайт бұғатталды.