Заманауи этникалық музыка фестивалі

23 Мамыр 2017, 10:42 7784

«The Spirit of Tengri»

Ел имиджін қалыптастыруда зор маңызы бар жобалар болады. Сондай айтулы шараның бірі Алматы қаласындағы Республика Сарайының алдында өтті. The «Spirit of Tengri» деп аталатын заманауи этникалық музыка фестивалі биыл бесінші мәрте өткізіліп отыр.

20-21 мамыр, екі күн қатырынан өткен фестивальге әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар қатысты. Орта Азия аймағындағы этникалық мәдени дәстүрді дамытуға бағытталған жоба жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, қатысушы елдер саны артып келеді. Биыл бұл шараға Жапония, Америка мен Еуропа елдері де үн қосты. Жалпы, бүгінге дейін төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып келген жобаға әлемнің 30-ға жуық елінің өнерпаздары қатысқан. Осыдан-ақ, ұлт дәстүрін насихаттап, өзара мәдени алмасу мен қатысушы елдердің достастығын арттыруды мақсат еткен жобаның маңыздылығын көруге болады.

Биылғы фестивальде жаңа атап өткен Жапония, АҚШ елдерімен қатар, Африка, Башқұртстан, Бурятия, Тува, Моңғолия, Литва, Франция, Израиль  сынды мемлекеттерден 13-тен астам музыкалық топтар қатысты. Ал Қазақстан намысын қорғау «Тиграхауд», «Алдаспан» этникалық рок-топтары мен «Алматы барабаншылары» ансамбліне бұйырды.

Мақсат Хасанов, «Алдаспан» тобының домбырашысы:

– «The Spirit of Tengri» этникалық музыка фестивалі биыл міне бесінші рет өтіп отыр. Біз бұл жобаға бірнеше жыл қатарынан қатысып келеміз. Жалпы, этникалық дәстүрлі музыка өнерін заманауи түрде жеткізуге болады. Бұл өткізіліп отырған шараның басты мақсаты да сол. Әр ұлттың төл өнерін, музыкасын заманға сай, көпшілікке қызықты етіп жеткізу. Мысалы, бүгінгі таңда көптеген рок-группалар бар осы бағытты насихаттап жүрген. Фестиваль алғашқы жылдары ТМД елдері арасында ғана өтіп жүрді, қазір енді аясы кеңейді. Осындай ауқымды фестивальдің біздің елімізде өтуі үлкен мәдени жетістік деп білемін. Біз «Алдаспан» тобы осы бүгінгі кештің ашылуында «Түрік Күлтегін» күйін орындадық. Күйдің авторы өзім. Туындыны тувалық әнші және үрмелі аспаптар ансамблімен бірігіп орындаймыз.

Әдемі кешке жиналған алматылықтар бір ел өнерпаздарының өзге елдің туындыларын орындау шеберлігіне куә болды. Мысалы, Алжир мен Франциядан келген музыканттар араб шығармасын заманауи бағытта ұсынса, Гвинеядан келген  «Sekou Kouyate» тобы африкалық әуендерді нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, әлемге әйгілі көмеймен ән айтудың (горловое пение) майталмандары да сахна төрінен табылып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Концерттік бағдарламамен қатар, алаңда шеберлердің этникалық қалашығы жұмыс істеді. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары әр елдің музыкалық аспаптары мен киімдерін, естелік үшін түрлі кәдесыйларды сатып алумен болды. Осылайша, дәстүрге айналған фестиваль ұлттардың мәдени байланысын нығайтып қана қоймай, еліміздің беделін асыруға да септігігін тигізіп отыр.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: