Өз шежіресін жазған неміс ақсақалы

1 Қараша 2019, 15:39 2622

Ұлты неміс 89 жастағы ақсақал Зигфрид Нерингтің қазақ халқының жеті атадан тараған шежіресіне қызығушылық танытқаны соншалық, өзінің ата тегін зерттеп, шежіре жасап шығыпты. Тіпті оның бөлмесінде генеалогиялық ағаш кескінделген деп хабарлайды tengrinews.kz сайты.

Елорданың іргесіндегі Арайлы ауылында тұратын Зигфрид Александрович 1935 жылы Қазақстанға депортацияланған украиндық немістердің екінші ұрпағы. Ол қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созып, бауырына басқан қазақ халқына алғыс айтады.


Ол 1930 жылы Днепр жағалауында дүниеге келген. Бес жасында әке-шешесімен Қазақ жеріне бас сауғалап келген неміс ұлы Зигфрид барлық саналы ғұмырын қазақтандық балаларды ілім-білімге үйретуге арнаған жан.

«Отбасымызбен Житомир облысында тұратынбыз. Ұжымдастыру жүріп жатты. Біздің де үйімізге келіп, әке-шешемнің құжаттарын жаңасына ауыстырып береміз деп алып кетті. Екі аптадан кейін қайта келген олар ұзақ жолға дайындалыңдар деді. Жол өте ұзақ болады, сондықтан өздеріңмен бірге тек станцияға дейін жеткізе алатын дүниелерді ғана алыңдар деді олар. Әкем жүк арбалары бар көршілерімен келісіп, біздің түйіншектерімізді соған тиеді. Арбаға құндақтағы бір жасар Зельманы бауырына басқан анам, үш жасар інім мен көзі соқыр атам ғана отырды. Ал мен апаларыммен бірге арбаның соңынан ердім. Бізді хутордан стансаға дейін салт атты НКВД адамдары жаяу айдап алып барып, мал тиеуге арналған вагондарға қуып тықты. Осы қапырық вагонда тұтас отбасылар Қазақстанға Украинадан дейін екі аптадан артық жол жүріп жетті», - дейді Қазақтанға қалай келгенін баяндаған неміс ақсақалы. «Тозақ вагонында» бір үзім нан мен бір жұтым суға зар болып көз жұмушылар көп болды. НКВД адамдары мұндай жағдайда поезды кез-келген жерде тоқтатып, адам сүйегін жол бойына қалдырып кетіп отырған. Ақмолаға келіп тоқтаған вагоннан құр сүлдерлерін сүйретіп шыққан адамдарды ауылдарға бөліп тастайды. Ал Зигфридтің отбасы Есілдің жағалауындағы шағын ауылға табан тірейді. Барак типтес ауыл жанынан Украинадан көшіп келушілер үшін қоныс құрылысы басталады.


«Бізді 20 қыркүйек күні алып келді. Бұл күні ауа-райы керемет болатын. Немістер мен украиндар балшық езіп, үй сылауға кірісті. Қыстың ызғарлы болатынын ескертіп, үйді жылытатын отындарыңды қамдаңдар деді. Бізді жергілікті халық құтқарды. Олар қыста шанаға мал тезегін толтырып алып келетін. Ал біз оларды ыдыс-аяққа, киімге айырбастап алатынбыз», - дейді сол уақыттағы ауылдастарының мейірімі мен кезеңнің қаталдығын есіңе алған ақсақал.


«Біздің тұрмысымыз түзеле бастаған уақытта 1941 жылы соғыс басталды. Барлық еркек кіндікті майдан даласына аттанды. Ауылда тек бала-шаға ғана қалды. Барлығы жеңіс үшін деген ұранмен өмір сүрдік. 11 жастағы мені егін даласына алып келіп, бір ақсақалдың қасына жұмыс жасауға қойды. Біз күні-түні тынбастан еңбек еттік. Кейін мені совхоз төрағасы байқап, 1 қазан күні ауыр жұмыстан босатып, мектепке жіберді. …Әкемізден 1938 жылы көз жазып қалған болатынбыз. НКВД адамдары үйден алып кетті, содан қайтып оралмады. Тек 1990 жылы мен әкемнің деректерін орган мұрағатынан іздеттірдім. Оның жеке іс қағазында «үштіктің» ату туралы шешімі бар екен. Үкім сол ұсталған жылы-ақ орындалыпты. Анам өте мықты әйел болатын. Ол жалғыз өзі бес баланы асырап, аяғынан тұрғызды», - дейді балалық шағының сүреңсіз көріністерін көз алдына алып келген ақсақал.

Зигфрид 47 жыл жергілікті ауыл мектебінде математика пәнінен дәріс беріпті. Оның ішінде 28 жыл мектеп директоры болған. Қазір қызының қолында тұрады.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Нұргүл Қалиева
Бөлісу: