ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ БАЛАБАҚШАНЫҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІ БІР-БІРІНЕ АЛҒЫС АЙТУДЫ ҮЙРЕНУДЕ

22 Ақпан 2019, 11:59 5678

1 наурыз - Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ботақан» балабақшасында «Менің алғысым» атты мерекелік сурет салу байқауы өткізілді.

Оның барысында балалар ән салып, би билеп, сурет салды. Шығармашылық сайыс арқылы балдырғандар бір-біріне алғыс айтуды үйренді. Бүлдіршіндер тәрбиешілерімен бірге түрлі қызықты қойылымдар мен байқаулар дайындап, сайыс барысында өздерінің қиялы мен шығармашылық өнерін көрсетті. Сурет салу кезінде балақайлар түрлі әдістерді пайдаланды.

Балабақша тәрбиешілері кішкентай таланттарын мақтан тұтады. Биылғы жылы кіші топта тәрбиеленетін 12 бала «Қазақстан үміті» жас таланттарының республикалық байқауында 1-ші орынды иеленді. «Хореография өнері» номинациясының иегерлері әділқазыларды билерімен тәнті етті.

Облыстық ҚХА өкілдері балабақша әкімшілігіне алғыстарын білдіріп, сайысқа қатысқан барлық балаларға ертегі кітаптарын, бояуға арналған сурет дәптерлері мен түрлі-түсті қаламдарды сыйға тартты.

Бөлісу: