Қызылордада немістердің Алтын дән мерекесі тойланды

27 Қараша 2018, 04:15 3345

Қызылорда қаласындағы Достық үйінде «Wiedergeburt» облыстық неміс қоғамдық-мәдени орталығының ұйымдастыруымен "ERNTEDANKFEST" (Алтын дән) мерекесі өтті.

Мерекеге орай Достық үйінде көкөністер мен жеміс-жидектерден жасалған бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге басқа да этномәдени орталықтарының мүшелері белсене атсалысты. Қонақтарға арнайы «Тәтті дастархан» әзірленді. Мерекелік концерт  «Гүлдер биімен» басталды.

Алтын дән мерекесі (Астық күні) – ежелгі заманнан бері күзде жинаған астық үшін Жер мен табиғатқа алғыс білдіру мақсатында өткізіледі. Германияда бұл мерекені күз мезгілінде, бірақ әр аймағында өзіндік жергілікті дәстүріне сай әртүрлі тойлайды. Алтын дән мерекесі әр отбасында да аталып өтіледі. Үйлер мен пәтерлер бидаймен, жемістермен, жүзіммен және түрлі-түсті күздік жапырақтармен безендіріледі.

Оған қоса астық көрмелері ұйымдастырылады – ең көлемді астық, ең үлкен асқабақ, күздік өнімдерден жасалған сәнді киімдер мен бұйымдар жасалады. Астық жинаған күні көшелер мен алаңдарда жанды дауыспен әндер шырқалады. Дәстүрлі түрде қызықты ойындар мен сайыстар өткізіледі.

Шаруа қожалықтарының арасында міндетті түрде көрмелер өткізіліп, олардың жаңа көрсеткіштері салыстырылады. Фермерлер өзара егін-егістікке қатысты ақыл-кеңестерімен бөліседі.

«Wiedergeburt» облыстық неміс қоғамдық-мәдени орталығының ұйымдастыруымен өткізілген  "ERNTEDANKFEST"  мерекесінде де көптеген қызықты ойындармен сайыстар өткізілді.

Шара соңында «Wiedergeburt» облыстық неміс қоғамдық-мәдени орталығының төрайымы  Шек Ирина Николаевна  көрмеге қатысқан барлық облыстық этномәдени орталықтардың мүшелеріне ризашылығын білдіріп, алғыс хаттарымен марапаттады. Мерекелік концерт флеш-мобпен аяқталды.

Бөлісу: