Қызылордада алғашқы облыстық медиаторлар слеті өтті

21 Қараша 2018, 03:25 2262

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өңірде алғашқы облыстық медиаторлар слеті өтті.

Шара барысында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Шотаев медиация институтының даму барысына тоқталып, біршама мәліметтер келтірді. Соған сәйкес, бір жылдың ішінде кәсіби емес медиаторлардың саны 2 есеге дейін өскен.

Мысалға, 2017 жылы өңірде 48 кәсіби және 343 қоғамдық медиатор тіркелген болса, 2018 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша қаладағы және аудандандарғы кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың тізімін қайта жасақтау, тексеру жұмыстары нәтижесінде 57 кәсіби және 615 қоғамдық медиатор тіркелгендігі айтылды.

Слет аясында Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық медиатор Сайлаубай Әбішев, «Бітім» медиация орталығының тренер-медиаторы Ләззат Бақтыбаева, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, кәсіби медиатор Жанат Исаева хабарлама жасап, өз ұсыныстарын енгізді.

Іс-шара пікір алмасумен жалғасып, слеттің қатысушылары өңірде медиация институтын дамыту, медиатордың мәртебесін арттыру сынды ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, өңірдегі медиация институтын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан бірқатар азамат мақтау қағаздары мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу: