Қызылорда облысының әкімі «Қайырымдылықтың алтын кітабын» әзірлеуді тапсырды

28 Қараша 2019, 12:06 2459

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде Қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың III облыстық форумы өтті.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, форумның мақсаты – Сыр өңіріндегі қайырымдылық жасаушы меценаттар мен кәсіпкерлерді қолдау, қайырымдылықтың дамуына жаңа екпін беру, қайырымдылықпен айналысатын барлық ұйымдар мен азаматтардың бірлесуіне жәрдемдесу болып табылады.

Форум аясында қатысушылар «Балалар. Достық. Мейірімділік» суреттер көрмесі, «Қызылорда облысындағы қайырымдылық шаралары» ақпараттық стендімен танысты.

Аймақтағы жыл бойы жасалған қайырымдылық іс-шаралар туралы бейнеролик көрсетілімі назарға ұсынылды.

Мейірімділіктің дәстүрлі мерекесіне айналған форумның алғы сөзі облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасы Қуанышбек Ысқақовқа берілді.

«Қазақстан қастерлі Тәуелсіз­дігінің үшінші мүшелін рухани жаңғырумен бастады, сол арқылы қоғамдық сананы жаңғыртатын ауқымды істерге жол ашылды. «Рухани жаңғырудың» негізінде жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – «Туған жер» жобасын ерекше атап өтуге болады.

Бұл бағдарлама турасында Елбасы: «Жүрегі елім деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуы керек. Туған жерге деген ерекше құрмет – туған жердің көсегесін көгертуге атсалысу. Тағылымды туған жерге тағзым етіп түлету – ол біздің перзенттік парызымыз», - деп бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін туған жеріне, өзі өсіп-өнген өлкесіне көмек жасауға және өз ауылдастарын қолдау үшін күш жұмылдыруға шақырған болатын.

Елбасы тұжырымдары туған жерін қастерлей білетін Сыр бойылықтарға жаңа серпін берді, әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне де жол ашты.

Мәселен, аймағымызда жыл басынан бері жомарт жандардың қолдауымен 686 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, нәтижесінде 40 520 мұқтаж жанға 514,7 млн. теңгенің көмегі көрсетілді», деді аймақ басшысы.

Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтерлар жылы деп жариялады. Осыған орай барлық қала және аудан әкімдері, мемлекеттік мекемелер еріктілердің бастамаларын қолдау бойынша жан-жақты көмекті көрсетуі тиіс.

Еріктілерді дайындайтын білім беру орталықтарын ұйымдастыру, қайырымдылық мәдениетін дамытып, мектептерде еріктілер үйірмелерін ашуды қарастыру маңызды екенін атап өтті Қ. Ысқақов.

Қайырымдылықты жанына жалау етіп, аймақтың өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар туралы «Қайырымдылықтың алтын кітабын» әзірлеуіміз қажет. Себебі, өскелең жас ұрпаққа аға буын азаматтардың ел үшін жасаған еңбектерін, толымды жетістіктерін үлгі ету тәрбиелік маңызы зор міндет екеніне баса назар аударған Қызылорда облысының әкімі қайырым жасауды өзіне мұрат еткен, ұрпаққа үлгі болар ұлтжанды 16 азаматты марапаттау рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ, форумға қатысушылардың назарына облыстық ассамблея бастамасымен Тұңғыш Президент мерекесі қарсаңында облыс көлемінде қайырымдылықты насихаттау, ізгілік идеяларын тарату, меценаттық қозғалысқа жаңа серпін беру мақсатында өткен екі апталық кешенді шаралардың бейнеролигі ұсынылды.

Бұл тағылымы мол шаралардың мақсаты жаһандық даму жылдамдығына ілескен қоғамда адамдардың бойындағы ізгі қасиеттерді ояту, қайырымды адам, қайырымды ел болуға үндеу болып табылады.

Бөлісу: