Қыздар Педагогикалық университеті

11 Қыркүйек 2014, 12:09

Қыздар Педагогикалық университеті туралы мақала

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

 

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде 70 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар, бәсекеге қабілетті халықаралық деңгейдегі мамандар даярлайтын, қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған жоғары оқу орындарының бірі болып табылады.

Университет 2012 жылдың 11 желтоқсанында берілген №12018901 Мемлекеттік лицензия негізінде педагогикалық кадрларды даярлауда:

41 бакалаврлық, 23 магистрлік және 4 докторантура мамандықтары бойынша жүзеге асырады.

Еліміздің түкпір-түкпіріне педагог мамандарды даярлайтын киелі шаңырақта қазіргі таңда 700-ден астам профессор-оқытушылар жұмыс жасайды. Жылдан-жылға профессор-оқытушылар әлеуеті жоғарылауда. Университеттің 6 факультетінде бүгінде 9 мыңнан астам студент білім алуда.

Тек қана қыз балаларға тәлім-тәрбие беріп келе жатқан еліміздегі жалғыз бірегей оқу орны мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қамқорлығының арқасында күні бүгінге дейін өз жұмысын жалғастырып келеді.

Университет жетістігі:

Ұлттық рейтинг – 2013 көрсеткіші бойынша республикалық үздік 30 ЖОО ішінде 12 орынды, Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз қазақстандық агенттігінің жүргізген зерттеулері бойынша ең үздік 20 ЖОО ішінде 10 орынды иеленсе, Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында 2 орынға ие болды. Университетіміздің жетістіктері мен үздік көрсеткіштері бағаланып, 2013 жылы «Сала Көшбасшысы» Ұлттық сертификаты мен «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» медалдары, «Жыл маманы» атақтары берілді. Айта кетейік, Ұлттық сертификат тек қана білім беру мекемелерінің арасында ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 35 ірі кәсіпорынның арасына еніп отырғандығын дәлелдейді.

Сонымен қатар, Қыздар университеті – Мәскеу қаласында өткен Халықаралық іскерлік кеңесінің «Ұлттық экономика көшбасшысы – 2006» Құрмет белгісі Халықаралық сыйлығының лауреаты, Амстердам қаласындағы Бизнес және менеджмент жоғары институтының «Тиімді дамушы кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын құйма» халықаралық сыйлығының иегері.

Оқу үдерісі:

Университет алғашқылардың бірі болып кредиттік оқу жүйесіне көшкен, қазірде үш сатылы білім беруді (бакалавриат-магистратура-докторантура) жүзеге асырып жатқан білім ордасы.

 «Универ» корпоративтік компьютерлік-коммуникациялық желісі орнатылды.

Бүгінде университетте заманауи талаптарға сай кредиттік технология жүйесі негізінде 6 факультетте 43 мамандық бойынша 9 000-ға жуық студент білім алуда.

Оқыту үдерісін жаңғырту арқылы білім берудің онлайн-жүйелерін дамыту қолға алынуда. Қашықтан оқыту (MOODLE) түріне 16 мамандық ауыстырылды. Политілді білім беру мамандықтарының саны артып келеді. Сонымен бірге, университетімізде мен тәрбиені қатар алып жүретін Дайындық бөлімі жұмыс жасап, кешенді тестілеуге дайындаудың жаңашыл әдістерін қолданып келеді. Жыл сайынғы көрсеткіштері жоғарылап, нәтижесінде тыңдаушылар жоғары балмен университет студенттерінің қатарын толықтырып келеді. Дайындық бөлімінің тыңдаушылары жатақханамен қамтамасыз етіледі.

Білім, ғылыммен қатар рухани-мәдени тәрбиеге аса мән беретін арулардың ақордасында “Қазақ аруы” атты жаңа инновациялық оқу бағдарламасы енгізілген. Халықаралық  “Бөбек” балалар қорының президенті, қыздарымыздың жанашыр анасы, “Өзін-өзі тану” адамгершілік-рухани білім инновациялық жобасының авторы Сара Назарбаеваның эксперименттік бағдарламасы да біздің университет қабырғасында бастау алған.

Университет бітірушілерді жұмысқа орналастыру үшін республиканың барлық облыстарының, Алматы және Астана қалаларының Білім басқармаларымен, қалалық және аудандық жұмыспен қамту орталықтарымен және әлеуметтік қызмет департаменттерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді.

Халықаралық байланыс:

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті әлемнің көптеген жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс жасап, халықаралық оқу және академиялық ұтқырлық негізінде студенттермен алмасу, машықтанулар өткізуде. Оған дәлел университет Лондон басқару және ғылым Академиясы (Еуропа, Ұлыбритания, Лондон), Борис Гринченко атындағы Киев университеті, Т.Шевченко атындағы Ұлттық Киев университеті, (Еуропа, Украина), Пендидикан Сұлтан Идрис университеті (Азия, Малайзия), Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университеті (Еуропа, Ресей, Санкт-Петербург), Кастамону университеті (Еуропа, Түркия), Шяуляй университеті (Литва), Экономика, басқару және құқық институты (Ресей, Татарстан), Санкт-Петербург мемлекеттік психология және әлеуметтік жұмыстар институты (Ресей, Санкт-Петербург), Синьцзян педагогикалық университеті (Азия, Қытай), Сумы мемлекеттік университеті (Еуропа, Украина), Чукуров мемлекеттік университеті (Еуропа, Түркия, Адана қ.), Нигде университеті (Еуропа, Түркия, Нигде қ.), Миссиссиппи мемлекеттік университеті (АҚШ, Миссиссиппи), Эстония әлеуметтік-гуманитарлық университеті (Эстония, Таллин қ.), Томск политехникалық университеті (Ресей, Томск қ.), Халықаралық педагогикалық білім және ғылым Академиясы (МАНПО) (Ресей, Мәскеу қ.), Ұлтаралық біліктілікті көтеру және ғылыми ақпарат орталығымен тікелей байланыста. (Еуропа, Германия, Дюссельдорф қ.)

Бүгінгі таңда университетімізде Лондон Менеджмент және Ғылым Академиясы (LAMS), Миссиссиппи Штатының Мемлекеттік университеті және Честер Ұлыбритания университеттерімен қосдипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Университетте студент, магистранттар арасында стартап жобасының,студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстарының конкурсы өткізіледі. ЭКСПО-2017 көрмесіне ғалымдарымыз да айтулы үлес қосып, болашақтың энергиясын дамыту аясында университетте бірнеше ғылыми жоба жұмыс жасауда.

Ғылыми зерттеу жұмысы 33 кафедра, әлеуметтік және гендерлік институты, іргелі ғылыми-зерттеу орталығы, 3 дербес зертхана арқылы жүргізіледі.

Тәрбие жұмыстары/ Студенттер жетістігі:

Университет студенттік өзін-өзі басқаруға көп көңіл бөлуде. Бізде 40-тан аса студенттік ұйымдар мен клубтар бар. Студенттеріміз үшін  «Хабаршы» ғылыми журналы, «Алашшыл жас» жастар журналы, «Қыздар университеті» газеті, Кіші ғылым академиясы, «Тек қана қыздар» көңілді тапқырлар клубы жұмыс жасайды. Айта кетейік, республика көлемінде үлкен резонанс тудырған, аруларымызға арналған танымдық «Қыз Жібек» клубы да республикада алғашқы болып университетімізде жұмыс жасай бастады.

Студенттеріміздің ғылым мен білім, өнер мен спорт салаларындағы жетістіктері республикаға белгілі. Соңғы бір жылда 86 студентіміз ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша жүлдегер атанды. Ал, спорт көкжиегінде найзағайдай жарқылдаған Майя Манеза, Карина Горичева, Мұхитова Айзада, Әділнұр Дидар және басқа да көптеген жеңімпаз қыздарымызды айтуға болады. Соңғы универсиададан 89 ЖОО ішінде Қыздар университеті 7 орынға шықты. Жуырда ғана өткен Әйелдер денсаулығы Олимпиадасында тағы да Бас жүлдені жеңіп алып, екінші рет қатарынан чемпион атанды. Осылайша, қазақтың қыздарынан құралған Қыздар университетінің командасы спорттың сегіз түрі бойынша мықтылығын көрсетіп келеді.

Біздің қыздар сондай-ақ, өте өнерлі, мұнда үлкен ұлт аспаптар оркестрі, хор, елімізге әйгілі «Айгүл», «Ұлар», «Томирис» ансамбльдері, «Өнер-жастан» опера студиясы бар.

Университеттің техникалық базасы:

Университет студенттері заманауи жабдықталған жатақхана және үш мезгіл асханадан тегін тамақ ішумен қамтамасыз етілген. Барлық жатақханаларда оқу, TV, тренажер залдары бар. Бұдан өзге Қыздар университетінде Әлеуметтік гендерлік ғылыми-зерттеу институты, арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларымыз бар.

Университетте WI-FI желісі орнатылып, Ғылыми кітапхана толық автоматтандырылды. Ғылыми кітапханаға жаңа оқу жылында жаңа оқулықтар мен  оқу-әдістемелік кітаптар сатып алынып, кітапхана толығымен заманауи құралдармен жабдықталды. Өткен жылдың басынан бері бұл электронды ресурстар  орталығында  500-ге жуық электрондық оқулықтар PDF форматына ауыстырылып, электрондық каталогқа енгізілді. Осы электрондық каталогқа енгізу жұмыстарын жеделдету үшін елімізде бірінші болып Австрияда жасалған «Куденс» атты сканер сатып алынды. Бұл ерекше құрылғының жұмыс істеу функциясы өте жоғары, бірнеше операцияны жылдам тез орындауға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтқанда, 20 минутта 400 беттік кітапты, яғни бір күнде шамамен 20 кітапты электрондық каталогқа енгізеді.

Студенттеріміз үшін заман талабына сай барлық жатақханаларда интернет залдары ашылып, WI-FI сымсыз желілері жүргізілді. Орнатылған 35 WI-FI нүктесіне ғылыми кітапхана, №1, 2, 3 оқу ғимараттары толықтай іске қосылып, студенттеріміз университет аумағында сымсыз интернет желісін тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.

Өткен жылы Елбасы тапсырмасына сәйкес, студенттер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Қыздар университетінің барлық жатақханаларында тренажер залдары ашылды. Қыздарымыздың сымбатты да, әдемі болуы үшін сондай-ақ, биылғы  жылы университетіміздің 70 жылдық мерекесіне орай, үлкен бассейн салынып жатыр.

Сонымен қатар, таяуда Алматы қаласының әкімі А.С.Есімовтің қатысумен жаңадан салынатын 450 орындық студенттер жатақханасының алғашқы іргетасы қаланды. Бұл өз кезегінде студенттерімізді жатақханамен қамту мәселесін шешуге өз ықпалын тигізері сөзсіз. Сондай-ақ бұл күні киелі шаңырақтың 70 жылдығына орай, университет аумағындағы студенттер аллеясында «ХХІ ғасыр Аруы» атты субұрқақ бой көтерді.

Қыздар университетінің түлектері:

Институт түлектерінің арасында елімізге танымал тұлғалар жетерлік. Аты аңызға айналған Социалистік Еңбек Ерлері Рафиқа Нұртазина, Рыскүл Мақатова, ҰҒА академигі осы оқу орнын 16 жыл басқарған Күләш Құнантаева, “Даңқ белгісі” орденімен, “Қажырлы еңбегі үшін” медалінің иегері, институттың үшінші ректоры болған Ажар Ыбраева, Жоғарғы Кеңестің депутаты Ж.Күленова, қоғам қайраткерлері — Халықты әлеуметтік қорғау министрі болған, Парламент Мәжілісінің үш шақырылымының депутаты З.Қадырова, "Мемлекеттік тілге құрмет" бірлестігінің төрайымы, филология ғылымдарының кандидаты А.Османова, белгілі қоғам қайраткерлері Ж.Әмірханова, О.Асанғазықызы, ғалымдар Ү.Сұбханбердина, С.Ұзақбаева, З.Жәкішева, көрнекті ақындар Ә.Беркенова, А.Бақтыгереева, белгілі әдебиет сыншысы Ә.Бөпежанова,  әншілер М.Ералиева, Ұ.Айнақұлова, Д.Хамзина, Т.Асар, Г.Өмірбаева, Ұ.Белғозиевалар – университет мақтанышы, халықтың алдында шоқтығы биік аяулы қыздары.

Университеттің қысқаша  тарихы:

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты және М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесі 1944 жылдың сәуір айында СОКП Орталық Комитеті бюросының қабылдаған “Қазақ жастарынан жоғары дәрежелі педагог-мамандар дайындау” туралы қаулысы негізінде ҚазКСР Халық Комиссарлар кеңесінің №457 қаулысымен Алматы қаласында ашылды.

Институт ашылуын Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров бастаған еліміздің күллі зиялы қауымы, өнер-білім саласындағы қайраткерлері қызу қолдап, ақжолтай тілектерін білдірді.

Институт ашыларда заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің  “Тәңір жазса, бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік” деген ақтілегі қабыл болып, бүгінде бұл оқу орнының қоғамдағы мәртебесі биікке көтерілді.

 
Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінің медиа орталығы

Бөлісу: