Ұйымдар мен кәсіпорындарда қайғылы жағдай орын алғанда не істеу керек?

19 Маусым 2015, 08:11

Бұл мақалада өндірістегі қайғылы жағдайлар мәселесіне тоқталуды жөн көрдік.

Ұйымдар мен кәсіпорындарда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын қадағалауды еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдардың мемлекеттік еңбек инспекторлары іске асырады.

Мемлекеттік бақылауды іске асыруда мемлекеттік еңбек инспекторлары Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінде анықталған белгілі бір құқықтарға ие.

Бұл мақалада өндірістегі қайғылы жағдайлар мәселесіне тоқталуды жөн көрдік. Жұмыстар жүргізуде қауіпсіздік техникасының сақталмауы салдарынан жұмысшыға қауіп төндіретін қатерлі факторлар кез келген өндірісте болады. Еңбекті қорғау және кәсіпорындардың қауіпсіздік техникасы қызметі бұл қатерлі факторларды анықтап, олар бойынша алдын алу шараларын (жұмыстарды қауіпсіз түрде жүргізу жөніндегі нұсқаулықтар) жасайды. Бұл шаралардың қатарына жабдық, қауіпті орындар мен дайындықпен және еңбек процесінің өзімен байланысты басқа да факторлар жатады.

Жұмыс орындарындағы қауіптерді жою – жұмыс берушінің негізгі міндеті.

Бақылаушы органдар болсын, жұмыс беруші немесе жұмысшы болсын, еңбек жағдайының қауіпсіздігі олардың бірлескен қызметіне байланысты. Жұмыс орындарында қауіпсіздікті басқару мен бақылау қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында түйткілді учаскелерді анықтау, жоспарлау, жұмыстарды үйлестіру мен оларға жетекшілік ету сияқты функцияларды іске асыру дегенді білдіреді.

Алайда қазіргі уақытта Алматы қаласының көптеген кәсіпорны мен ұйымында еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын басқарудың тиімді жүйелері құрылмаған. Осы және өзге де себептерге байланысты Алматы қаласында 2014 жылы өндірісте қайғылы оқиғалардан 145 адам зардап шекті, олардың 14-і қазаға ұшырады, 2015 жылдың алғашқы 4 айының өзінде 35 адам зардап шекті, оның 4-і қайтыс болды.

Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 323-бабының талабына сәйкес, өндірістегі қайғылы оқиғалар кезінде жұмыс беруші зардап шегушінің жақындарына дереу хабар беруге, осы Кодекспен белгіленген мемлекеттік органдар мен ұйымдарға хабарламалар жолдауға міндетті.

Медициналық қорытындыға сәйкес, жұмысшының еңбекке қабілеттілігін жоғалтуға себеп болған өндіріспен байланысты әрбір қайғылы жағдай тергелуі тиіс және еңбек жөніндегі өкілетті орган бекіткен форма бойынша қайғылы жағдай туралы актпен рәсімделеді.

Жарақаттың ауырлық деңгейі туралы медициналық қорытынды бойынша қазаға және ауыр салдарға ұшыратқан қайғылы жағдайлар мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен тергеледі. Ауыр салдарға ұшыратқан деп саналмаған қайғылы оқиғаларды жұмыс беруші құрған комиссия тексереді. Тексеру аяқталғаннан кейін материалдардың көшірмесі тіркеуге және есепке қабылдау үшін міндетті түрде Департаментке бағытталуы керек. Жұмыс барысында жұмыс берушінің қасақана немесе білместіктен өндірістегі қайғылы оқиға туралы хабар бермейтін кездері анықталып жатады. Заң қайғылы оқиғалар дерегін жасырған жұмыс берушілерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасын қарастырады.

Өндірісте жарақат алған жұмысшылар денсаулығына нұқсан келгені туралы деректі жасырмауы қажет, себебі еңбекке қабілеттілікті түпкілікті жоғалтқан жағдайда тергеу материалдары, ф.Н-1 акті болмаса, өндірістік жарақат дерегін дәлелдеу және соның салдарынан мемлекеттік жәрдемақы (мүгедектік) алуға медициналық құжаттарды рәсімдеу, сондай-ақ еңбекке қабілеттілікті жоғалтуға байланысты сақтандыру төлемдерін алу мүмкін болмайды. ҚР Еңбек Кодексінің 322-бабының 4-тармағының талабына сәйкес, денсаулық сақтау ұйымдарының жауапты тұлғалары жұмысшының өндірісте жарақат алғаннан кейін немесе денсаулығына басқа да нұқсан келгеннен кейін алғаш хабарласуы жөнінде жұмыс берушілер мен мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшелерін және асқынған кәсіби аурулар мен улану жағдайлары туралы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын арттыру саласындағы мемлекеттік органды ақпараттандыруға міндетті. Жұмыс берушілер тиісті шараларды қолға алмаған жағдайда немесе олар өндірістік жарақат дерегін жасырған кезде мүдделі тұлғалар жергілікті мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына телефон нөмірлері бойынша хабарласа алады.


Авторы: Б.Р.Жұрынов, мемлекеттік еңбек инспекторы.

Бөлісу: